Астанада III Astana Open Dialogue отырысы өтті: «Қазақстан e-gov-тен AI-gov-қа қалай серпіліс жасауға болады?»

Астанада электронды үкіметтен жаңа кезеңге – AI-gov-қа көшуге арналған халықаралық Astana Open Dialogue форумы өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, аналитикалық орталықтар, бизнес және халықаралық сарапшылық қауымдастықтан 700-ден астам адам қатысты.
Форум жасанды интеллектіні мемлекеттік басқаруға енгізудің ашып отырған сын-қатерлері мен мүмкіндіктерін талқылайтын негізгі алаңға айналды, сондай-ақ Қазақстанның жаһандық цифрлық трансформациядағы стратегиялық рөлін айқындады.

Sinovation Ventures, 01.ai бас директоры Кай-Фу Ли Қазақстан жаңа деңгейдегі технологияларды енгізуге дайын екенін атап өтіп, жасанды интеллект жөніндегі ұлттық стратегияның маңыздылығына тоқталды. Ол елдің батыл әрі амбициялы мақсаттар қоюдағы сирек кездесетін ерік-жігерін ерекше атап өтіп, мұның цифрлық дәуірдегі көшбасшылықтың кепілі болатынын айтты:
«Егер біз AI-агенттердің күшіне назар аударар болсақ, суперцифрлық жұмысшылардың пайда болғанын көреміз. Олар чат-боттар сияқты сұрақтарға жауап беріп қана қоймайды, бұрын ешқашан шешілмеген тапсырмаларды орындап, мәселелерді шешуге қабілетті. Әрине, қауіпсіздік мәселелері сақталып отыр. Бірақ Қазақстан бұл сын-тегеурінді қабылдауға дайын екенін және алға жедел қадам жасап келе жатқанын көріп, қуаныштымын. Жасанды интеллект бойынша ұлттық стратегия болуы қажет. Менің ойымша, Қазақстанда ол бар және жақсы. Бірақ мұндай стратегияларда ең маңыздысы – өлшенетін мақсаттардың болуы. Бұл мақсаттар батыл әрі сонымен бірге нақты өлшенетін болуы тиіс».

Khalifa University (Әбу-Даби) профессоры, 6G Research Center негізін қалаушы, TII-дің бас AI ғалымы Меруан Дебба Қазақстанның өнімділік пен инновацияны арттыруда ІІ қолданудағы бірегей мүмкіндіктеріне тоқталды. Оның айтуынша, дәл осындай елдер жаңа технологиялардың арқасында серпіліс жасап, цифрлық шешімдер саласында әлемдік көшбасшылар қатарына көтеріле алады:
«Егер Силикон алқабына қарасақ, ең табысты стартаптар – алып компаниялар емес, керісінше шағын стартаптар. Оларда аз ғана адам жұмыс істейді, бірақ олар жаңа құралдарды тиімді қолданып, өнімді бола біледі. Бұл Қазақстан сияқты елдерге миллиардтық халқы бар мемлекеттермен тең деңгейге шығуға үлкен мүмкіндік береді. Әйтпесе, мұндай деңгейге ешқашан жетпес еді. Бүгін сіздерде осы құралдарды қолданып, әлдеқайда тиімді болуға және оларды пайдалану ісінде алға жылжуға бірегей мүмкіндік бар, өйткені агенттердің саны оларды дұрыс қолданған жағдайда іс жүзінде шексіз».
ITU кеңесшісі, БҰҰ-ның AI for Good бастамасының жетекшісі Эбтесам әл-Мазруи Президент Тоқаев пен Үкіметтің елде жасанды интеллект дамуы үшін берік негіз қалап үлгергенін атап өтті:
«Сіздің Президентіңіз және Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект министрі үлкен тілдік модельдер саласында ауқымды жұмыс атқарды. Ертең сіздер бұл технологияны өздеріңіз көріп, сынап көруге мүмкіндік аласыздар. Министріңіз атап өткендей, Қазақстан азаматтары бұл технологияны бірге жасап, дамытуға қатыса алады. Осы арқылы қазақстандық қоғамға сай келетін этикалық нормаларды қалыптастыруға мүмкіндік туады».
Сонымен қатар, ол қысқа уақыт ішінде Қазақстан жасанды интеллектіні дамытуға арналған тұтас экожүйені құра алғанын атап өтті. Бұған заманауи H2 100 есептеу кластерін іске қосу, алғашқы Президент жанындағы жасанды интеллект кеңесін құру, ұлттық AI-платформаны әзірлеу және ІІ туралы заң жобасын дайындау кіреді. Әл-Мазруидің айтуынша, ерекше көңіл адам капиталына бөлініп отыр – жаңа технологияларды түсініп, қолдана алатын мамандарды даярлау қажет. Бұл әділдік, теңдік пен ашықтықты цифрлық ортада қамтамасыз ету үшін маңызды.
«Сіздерде H2 100 есептеу кластері бар. Президент бүгін таңертең алғашқы Президенттік жасанды интеллект кеңесін іске қосты. Ұлттық AI-платформа дайын, ІІ туралы заң жобасы жасалған. Сіздер адам капиталына инвестиция жасап жатырсыздар. Бұл технологияны түсіну үшін маңызды. Соның арқасында оның нәтижелерін түсіндіре аласыздар және әділдік пен теңдікті қамтамасыз етуді білесіздер».
БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа Қазақстанның ІІ бойынша жаһандық күн тәртібіне сенімді қосылып отырғанын растады. Ол ІІ енгізу білім беру, денсаулық сақтау және басқару саласында қоғамға пайда әкелетінін атап өтті. Бірақ сонымен қатар барлық азаматтарға тең мүмкіндік жасау маңызды екенін қосты:
«Қазақстан жақсы позицияда және бұл күн тәртібіне қазірдің өзінде қосылып отыр. Бірақ біз бәріміз бірге жұмыс істеп, ешкімнің шетте қалмауын қамтамасыз етуіміз керек – Қазақстан өңірлеріндегі халық та, әлемнің ең артта қалған елдері де, шағын және орта бизнес те. Өйткені қазіргі жаһандық әлемде ірі корпорациялардың мүдделері үстемдік етуде».

Stanford Graduate School of Education-ның бұрынғы техникалық директоры және декан орынбасары Пол Ким Қазақстанның білім беру бастамалары тұрғысынан тарихи кезеңде тұрғанын айтты. Оның пікірінше, дәл осы сәтте жүзеге асып жатқан AI SANA жобасы білім беру жүйесін түбегейлі өзгерте алады. Жоба студенттерді дайын білімді пассивті қабылдаудан емес, белсенді түрде технология жасауға және дамытуға бағыттайды:
«Мен Қазақстан дәл қазір тарихи сәтте тұр деп сенемін. AI SANA жобасы қазіргі де, болашақта да үлкен ықпал етеді. Бұл бағдарлама студенттерге гиперөзін-өзі реттеу қабілетін дамытатын практико-бағытталған тәсілдер береді, оларды тек материалды жаттап қана қоймай, жасаушылар мен зерттеушілерге айналдырады. Мен бұл бағдарламаның бір бөлігі болғаныма қуаныштымын».
Осылайша, тәуелсіз аналитикалық платформа Astana Open Dialogue-тің III отырысы аясында халықаралық сарапшылар Қазақстанның толық цифрландыруға ұмтылысын құптап, елдің жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған саясаты әлемдік үрдістерге толық сәйкес келетінін растады. Бұл Қазақстанға:
цифрлық экономиканы дамытуда серпіліс жасауға,
әділетті әрі тиімді технологиялық саясат жүргізуге,
жаһандық көшбасшылар қатарына көтерілуге мүмкіндік береді.
Қазақстан AI-gov дәуіріне қадам басқан алғашқы мемлекеттердің біріне айналып отыр.