Астанада Қанағат Әбілқайырдың "Періштелер жоқ жерде" атты сатиралық кітабының таныстырылымы өтті

Кейінгі уақытта Оспанхан Әубәкіров, Көпен Әмірбектердің ізін жалғап сатира жанрында қалам террбеп, қоғам дертін тақырыпқа өзек етіп жүрген қаламгерлер аз болса да бар.
Соның бірі сатирик-жазушы Қанағат Әбілқайыр. Жақында Астана қаласының Ұлттық кітапханасында "Періштелер жоқ жерде" атты сатиралық кітабының таныстырылымы өтті. Кітап "Фолиант" баспасынан жарық көрген.
Аталған жиынға бірқатар қаламгерлер, журналисттер мен оқырмандар қатысты. кеш тізгінін ұстаған мәжіліс депутаты, ақын Жанарбек Әшімжан бұл кітаптың кейінгі уақытта қоғам дертіне айналған жемқорлық тақырыбын жан-жақты қаузап, тілге тиек еткенін айтты.
"Қазақ әдебиетінде өзінің өлмес шығармаларымен із қалдырған Оспанхан әубәкіров, Сейіт Кенжехметұлы, Көпен Әмірбек, Үмбетбай Уайдин ағаларымыз еді. Садықбек Адамбеков ағамыз сатиралық жанрда роман да жазды. Осындай қаламгерлердің ізін жалғап келе жатқан, бүгінгі жазушы – Қанағат Әбілқайыр. Оның да ағалары секілді оқырмандары көп", - деді.
Одан кейін белгілі қаламгер – Амангелді Кеңшілікұлы, Бауыржан Бабажанұлы, Дәулеткерей Кәпұлылар жаңа кітаптың тұсауын кесіп, қаламгердің ізденісіне, шығармаға тоқталып өз ойларын ортаға салды.
Халықаралық "Алаш" сыйлығының лауреаты, сыншы Амангелді Кеішілікұлы Қанағат Әбілқайырдың шығармашылығына тоқталып, жоғары баға берді.
"Кейінгі уақытта жақсы шығармаларды табу қиындап кетті. Жалпы проза жазу оңай емес, ізденісті, жанкештілікті талап етеді. Нұржан Қуантайды оқып жүріп, тағы кімдер бар екен деп іздесем осы Қанағат Әбілқайырды таптым. Сатирамен күлдіру екінің бірінің қолынан келе бермейді. риза болдым", - деді Амангелді Кеңшілікұлы.
Жазушының бұған дейін жарық көрген "Қайыршының миллиардер досы" кітабы да оқырмандар арасында жылы қабылданған. Кейіннен түрік тіліне аударылып Түркияда жарық көрген. Аудармашысы – Ашур Өздемір.