Астанада Қорғаныс министрлігі алдында аналар әділдік талап етті
Астанада Қазақстан армиясында қызмет кезінде қаза тапқан және жарақат алған сарбаздардың аналары тағы да Министрліктер үйінің алдына жиналды. Әйелдер әділ тергеу мен сарбаздардың құқықтарын қорғауды талап етті.
Бұл туралы журналист Лұқпан Ахмедьяров өз әлеуметтік желісінде видео жариялап хабарлады.
Жиналған аналар мен әкелер өз ұлдарының өлімі әділ тергелмей отырғанына наразы. Олар қылмыстық істердің созбалаңға салынып, кінәлілердің жазадан құтылып кетуін тоқтатуды талап етті.
«Сарбаздардың өлімі тоқтауы керек. Әділ тергеу болсын! Әділ сот болсын! Дәлелдерді жойып жатыр, кінәлілер жауапқа тартылмайды. Біздің балаларымыз қаза болып жатыр, ал офицерді жай ғана жұмыстан босата салады. Бұл – әділетсіздік!» — дейді ашынған аналар.
Олардың айтуынша, әскерде бейбіт уақытта орын алатын өлімге ешкім жауап бермейді, ал армиядағы тәртіп пен бақылау әлсіз.
Полицияның реакциясы
Акция барысында полиция қызметкерлері оқиға орнында кезекшілік етті. Олар бірнеше рет жиналғандарға шараның «рұқсат етілмегенін» айтып, тәртіпті сақтау қажеттігін ескерткен.
Дегенмен, ешқандай күш қолдану немесе тарату әрекеті болған жоқ — аналар плакаттарымен бейбіт түрде тұрып, Қорғаныс министрлігінің өкілдерімен кездесуді күтті.
Әйелдермен кездесуге Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары Қайрат Үмбетов, сондай-ақ Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы Тлеухан Басқожаев және өзге де шенеуніктер шықты.
Олар аналарды министрлік ғимаратына кіріп, ресми қабылдауға қатысуға шақырды.
Ата-аналар– қызмет кезінде қаза тапқан немесе мүгедек болған сарбаздардың отбасыларына міндетті өтемақы төлеу, өтемақы мөлшері әр жағдайға жеке және әділ есептелуі керек, Мемлекет әрбір сарбаздың өмірі мен денсаулығына кепілдік беріп, әскери келісімшарттарға «сақтандыру тармағын» енгізсін, өтемақы төлемдері — тек материалдық емес, мемлекеттің азамат алдындағы жауапкершілігі мен әділдігінің көрінісі болуы тиіс деген сынды талаптарын қойды.
Айта ккетейік, ресми дерекке сүйенсек, 2020 жылдан бері Қазақстан армиясында 270 әскери қызметші қаза тапқан.