Астанада күйеуі пышақтаған әйел ауруханада қайтыс болды

29.04.2020, 17:43

3

Нұр-Сұлтанда күйеуі "қызғаныштан" пышақтап, ауруханаға түскен әйел адам қайтыс болды. Бұл туралы қалалық полиция департаменті хабарлады.

«28 сәуірде күндізгі сағат 14:30-да 102 пультіне хабарлама түсті. Тәуелсіздік даңғылындағы үйлердің бірінде баспалдақ маңында түрлі пышақ жарақатын алған 38 жастағы әйел табылған. Ол қалалық N1 қалалық ауруханасына жеткізіліп, жарақаттан қайтыс болды» делінген полиция хабарламасында.

Полиция хабарламасында қылмысқа ерлі-зайыптылар арасындағы "қызғаныш" сезімі себеп болған деп айтылады. Олар 2017 жылдан бері некеде тұрған, 2020 жылдың қаңтар айынан бастап бірге тұрмаған. Екі кішкентай балалары бар.

Полиция «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Күйеуі уақытша қамау изоляторына қамалған. Қазір ерлі-зайыптылардың балалары туыстарының қолында деп айтылады.

Полиция мәліметі бойынша, 27 сәуірде 38 жастағы әйел күйеуінің шу шығарып жатқанын айтып, полицияға шағымданған. Ізінше полиция әйелдің 28 жастағы күйеуін ұстап, бөлімшеге әкелген. Әкімшілік кодекстің 434-бабы («Бұзақылық») бойынша әкімшілік іс қозғап, әйелін күйеуінен қорғау туралы нұсқама жазып берген. Бұл іс бойынша сот 28 сәуірде өтуі тиіс болған.

Алайда ертесінде таңертең әйел полицияға хабарласып, күйеуімен арадағы кикілжіңнің шешілгенін айтып, істен босатуды сұраған. Кейінірек түстен кейін әйелдің пышақталғаны анықталған.

Полиция хабарламасынан кейін Қазақстандағы зорлық-зомбылыққа қарсы Немолчи.kz қоғамдық ұйымы парламент депутаттарына мәлімдеме жариялады. Ұйым өкілдері «Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы» заңның дұрыс жұмыс істемей жатқанын айтып, заңды толық өзгерту қажеттігін айтты.

«Полиция заң талап еткендей қорғау нұсқамасын жазып берді. Бірақ оның қандай пайдасы бар? Өлтіруге құқық бере ме? Күдікті қорғау нұсқамасын алып, бұрынғы әйелінің үйіне барып, оны өлтіру үшін 4 сағат подъезде күтіп отырған. Жәбірленушінің өтінішінен не үшін бас тартқанын түсіндірейін. Себебі сотта күйеуіне ескерту жазып берер еді. Егер тек ескерту сипатында болса, онда сотқа барып, уақыт жұмсаудың не қажеті бар? Тағы қанша адам құрбан болуы керек?» делінген ұйым жазбасында.

Биыл қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы» заң қабылдаған. Жаңа заңға сай, отбасында әйелге қол көтергендерге ескерту беріледі. Құқық қорғаушылар мен заңгерлер заңды сынаған. Ал ІІМ бұл өзгерісті «айыппұл жазасы ескертуге өзгертілді. Себебі бұрын жанжал шығарған адам айыппұлды отбасы бюджетіне төлейтін. Бұдан отбасы мен бала жапа шегеді» деп түсіндірген болатын.

2017 жылы Қазақстан отбасындағы әлімжеттік туралы баптарды Қылмыстық кодекстен алып тастаған. 2017 жылы шілденің 3-іне Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Сабау» және «Денсаулыққа жеңіл дәрежеде зақым келтіру» баптарын Қылмыстық кодекстен Әкімшілік кодекске ауыстыру туралы заңға қол қойған. Оған дейін отбасындағы әлімжеттік қылмыс ретінде қаралып, кінәлілер 226 900 — 453 800 теңге аралығында айыппұл төлейтін немесе екі айға дейінгі мерзімге қамалатын.

Халықаралық Human Rights Watch (HRW) адам құқығын қорғау ұйымының биылғы мәлімдемесінде Қазақстан заңнамасы іс жүзінде зәбір көрсетушіге «ақша төлеп, күш көрсетуге құқық береді» деп жазған. HRW «биліктің әйелдерді отбасындағы зорлық-зомбылықтан заң жүзінде қорғамауы Қазақстанның адам құқығы саласындағы міндеттемелеріне қайшы келеді» деп есептейді.

Қазақстандағы құқық қорғаушылар да биліктен «Сабау» және «Денсаулыққа жеңіл дәрежеде зақым келтіру» бабын қылмыс қатарына қосуды ұсынған. Нұр-Сұлтан әзірге үнсіз.

Қазақстандағы әйел құқығын қорғау ұйымдарының мәліметі бойынша, елде жыл сайын 400-ге тарта әйел күйеуінің не басқа жақынының қолынан қаза табады.

Оқи отырыңыз: Бұрынғы күйеуінен зорлық көрген әйелдің мұңы

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • 100 жастағы әжей пневмониядан жазылып шықты
    14:39
  • Көлік кептелісінен құтылар күн бар ма?
    18.09.2020, 14:27
  • Емханаға тіркелу науқаны басталды
    18.09.2020, 14:13
  • Мегаполистің білім саласы автоматтандырылды
    13:46
  • Интернетте балаларға қауіпті тағы бір ойын пайда болды
    13:34