Астанада мас күйінде көлік жүргізген судья қызметінен босатылды
Астанадағы азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соттың судьясы Әсел Досаева қызметінен босатылды.
Бұл туралы Ulysmedia.kz сайтының сұрауына жауап берген Қазақстан Республикасының Жоғары сот кеңесі хабарлады.
Нақтырақ айтқанда, 2026 жылғы 22 қаңтарда Жоғары сот кеңесі жанындағы Сот алқасы судьялық әдеп нормаларын бұзғаны үшін Әсел Досаеваны тәртіптік жауапкершілікке тарту және судья лауазымынан босату туралы шешім қабылдаған.
Тәртіптік істің қозғалуына 2025 жылғы қарашада болған оқиға себеп болған. Сол кезде Ә. Досаева Астанада мас күйінде көлік басқарғаны үшін ұсталған. Медициналық сараптама оның қанынан алкоголь анықталғанын растады. Сонымен қатар құжаттарды тексеру барысында жүргізуші куәлігінің мерзімі өтіп кеткені белгілі болған.
Судьялық иммунитетке байланысты оны бірден жауапкершілікке тарту мүмкін болмаған. Әкімшілік істі бастау үшін Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Президентке судьялық иммунитетті алып тастау жөнінде өтініш білдірген. Осыдан кейін іс сотқа жолданған.
Нәтижесінде Досаева жарамды жүргізуші куәлігінсіз әрі алкогольдік мас күйінде көлік басқарғаны үшін кінәлі деп танылып, 200 АЕК (786 400 теңге) көлемінде айыппұл салынды. Әкімшілік қамауға алу жазасы қолданылған жоқ, себебі заңға сәйкес 14 жасқа дейінгі балалары бар әйелдерге мұндай жаза тағайындалмайды.