Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:55

Астанада мас күйінде көлік жүргізген жүргізуші жаяу жүргіншіні қағып өлтіргені үшін 3 жылға сотталды

Солтүстік
Фото: ашық дереккөз

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты өлімге әкелген жол-көлік оқиғасына қатысты іс бойынша айыптау үкімін шығарды.

Сот Е. есімді азаматты мас күйінде көлік жүргізіп, жол қозғалысы ережесін бұзу арқылы абайсызда адамның өліміне себепкер болды деп таныды.

Сот материалдарына сәйкес, ер адам жеңіл дәрежедегі алкогольдік мас күйінде автокөлік басқарған. Жол қозғалысы ережелерін бұзуы салдарынан ол Б. есімді жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Алған жарақаттарының салдарынан жәбірленуші оқиға орнында көз жұмған.

Сотталушының әрекеті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-1-бабының 3-бөлігі бойынша сараланды. Бұл бап көлік құралын мас күйінде басқарып, жол қозғалысы ережелерін бұзу салдарынан абайсызда адам өліміне әкелген жағдайды қарастырады.

Сот барысында айыпталушы кінәсін толық мойындап, өкініш білдіріп, ең жеңіл жаза тағайындауды сұраған. Сондай-ақ сотта жәбірленуші тарапқа айыпталушының жұмыс берушісі 12 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлегені айтылды.

Сот айыпталушының кінәсі оның өз мойындауымен, куәгерлердің айғақтарымен, іс материалдарымен және жол-көлік оқиғасының сызбасымен дәлелденгенін атап өтті.

Жаза тағайындау кезінде сот жеңілдететін мән-жайларды ескерді:

кінәсін мойындауы;

шын жүректен өкініш білдіруі;

бұрын сотталмағаны.

Ал ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

Нәтижесінде сот ер адамды 3 жылға бас бостандығынан айыруға және 10 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айыруға үкім шығарды.

Тегтер: