Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 20:25

Астанада өткен қайырымдылық марафонына 3 мың адам қатысты

1

Астанада «Charity Samruk Marathon» үшінші қайырымдылық марафоны өтті. Оған 3000 адам қатысты.  

Қатысушылар 5 және 10 км қашықтықта 5 жас санаты бойынша бақ сынасты.

«Мен 2022 жылдан бері тұрақты жүгіремін. Осы уақыт ішінде 5, 10 км әуесқой жарыстарға және жартылай марафондарға бірнеше рет қатыстым. «Samruk-Kazyna Trust» марафонына үшінші рет қатысып тұрмын. Бұл жарысқа қатысу екі есе қуаныш сыйлайды. Себебі, жиналған қаражат балаларға көмекке жұмсалады», – деп атап өтті спортшы Дмитрий Докучаев.

Іс-шараны Астана әкімдігі мен «Samruk-Kazyna Trust» қоры ұйымдастырды.

Жүгіру қашықтығы бірнеше аймаққа бөлінді.

«Мейірімділік мекені» аймағында инклюзия кабинеттеріне баратын ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар қатысушыларға арнап гүл отырғызу бойынша мастер-класс өткізді. Бұл акцияға ата-аналар балаларымен қатысты. Барлығы 50 гүл отырғызылды.

Мастер-класс инклюзия кабинеттеріндегі сабақтар физикалық жағдайды жақсартуға, ерекше қажеттіліктері бар балалардың әлеуметтік интеграциясын дамытуға, олардың қарым-қатынас, жауапкершілік және қоршаған әлеммен өзара әрекеттесу дағдыларын дамытуға қалай ықпал еткенін көрсетті.

Әркім өз гүлін отырғызып қана қоймай, қайырымдылықтың маңыздылығын еске салу үшін өзімен бірге гүл ыдысын да алып кете алады.

Іс-шараға қатысушылардың бірі қордың басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов болды.

«Бүгін біз ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған жаңа инклюзия кабинеттерін ашуға қаражат жинап, игі іс үшін бас қосып отырмыз. Егер өткен жылы 1200 адам қатысса, қазір 3 мыңға жуық қатысушы бар. Олар – «Самұрық-Қазына» тобының қызметкерлері ғана емес, қала тұрғындары, кәсіпкерлер, дәрігерлер, мұғалімдер, спортшылар және біздің серіктестеріміз. Сіздердің және 50-ден астам серіктестің қолдауының арқасында біз 200 миллион теңге жинадық», – деді Нұрлан Жақыпов.

Сонымен қатар, балалар үшін «Қазақ ауылы» аймағы ұйымдастырылды, онда асық атудан, арқан тартыстан бақ сынасты, сондай-ақ бес тас және ләңгі ойнады. 

Жүгірушілер естелік медальдарға ие болды, ал жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды. 

Марафоннан жиналған ақша елордалық мектептерде инклюзияны қолдау кабинеттерін ашуға бағытталады.

Жарыстан кейін «Таза Қазақстан» экоакциясы өтті. Қатысушылар айналаны қоқыстан тазартты.

Тегтер: