Астанада "СпецЦОН"-ның лауазымды қызметкері пара алды деген күдікке ілінді
Астанада мамандырылған ХҚКО-ның бұрынғы басшы орынбасары жүргізуші куәлігін алуға көмектесу үшін жүйелі түрде пара алды деген күдікке ілінді.
Ол 60 эпизод бойынша жалпы сомасы 100 млн теңгеден асатын заңсыз сыйақы алған деп айыпталып отыр. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) баспасөз қызметі хабарлады.
«2026 жылдың басынан бері Астана қаласында, Ақмола және Павлодар облыстарында авто-мектептердің қызметін ұйымдастыру және жүргізуші куәліктерін рәсімдеу барысында заңсыз сыйақы алу және қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану фактілері анықталды. Атап айтқанда, Астанада мамандырылған ХҚКО-ның бұрынғы басшы орынбасары әшкереленді. Ол жүйелі түрде пара алып, азаматтарға емтихан тапсыру мен жүргізуші куәлігін алуға көмектесіп отырған. Процессуалдық түрде 60-тан астам факт тіркеліп, олардың жалпы сомасы 100 млн теңгеден асады», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар Көкшетау қаласындағы мамандырылған ХҚКО филиалының және Екібастұздағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басшыларының заңсыз әрекеттері тоқтатылған. Олар емтихандарды жалған тұлғалар арқылы тапсыруды ұйымдастырғаны үшін ақша алған деген күдікке ілінген.
Бұдан бөлек, Астана, Шымкент және Тараз қалаларындағы аталған корпорация филиалдарында лауазымды тұлғалардың заңсыз баюының ықтимал фактілері анықталған. Олар жылжымайтын мүлікті қайта тіркеу кезінде қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланған болуы мүмкін.
«Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды», – деп қорытындылады ҰҚК.