Астанада Спортты дамыту дирекциясының басшысы қамауға алынды
Астана қаласының Спортты дамыту дирекциясының басшысы қаржы жымқырды деген күдікке ілінді.
Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі хабарлады.
Астана қаласы әкімдігінің «Спорттың олимпиадалық түрлері бойынша спортты дамыту дирекциясы» КММ-нің бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен лауазымды тұлғаларына қатысты тергеп-тексеруді АФМ елордалық департаменті жүргізіп жатқаны хабарланды.
Тергеу мәліметтері бойынша, 2020-2023 жылдар аралығында ұрлық шетелдік және отандық оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарға бөлінген іссапар шығындарын асыра көрсету арқылы жасалған.
"Іс сапар шығындарына нақты жұмсалған ақшадан айырма түрінде алынған қаражат ҚММ басшылығына берілген. Заңсыз әрекеттерден мемлекетке келтірілген шығын көлемі 70 млн теңгені құраған. Оқу-жаттығу жиындарын қаржыландыру мәселесі бойынша оң шешім қабылдағаны үшін ҚММ басшысы жаттықтырушыдан 4 млн теңге көлемінде пара алғаны анықталды", — деп хабарлады ҚМА.
Басқарма басшысына қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа деректері тергеу мүддесі үшін жария етуге жатпайды.