Астанада судья мас күйінде көлік жүргізіп ұсталды
Астанада Азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соттың судьясы Әсел Досаева мас күйінде көлік жүргізіп ұсталды.
Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, рейдтік іс-шара барысында патрульдік полиция қызметкерлері Mazda маркалы автокөлікті тоқтатқан. Тексеру кезінде жүргізушінің мас күйінде болғаны анықталған.
«Медициналық сараптама нәтижесінде жүргізушіден алкоголь белгілері расталды. Автокөлік коммуналдық тұраққа қойылды. Тексеру жүргізілуде. Полиция департаменті көлікті мас күйінде жүргізу — заңды өрескел бұзу әрі айналадағы адамдардың өміріне қауіп төндіретінін ескертеді. Мұндай фактілер заң аясында қатаң түрде тоқтатылады», — делінген Астана Полиция департаментінің баспасөз қызметі берген ресми түсініктемеде.
Алдымен судьяның ұсталғаны туралы ақпаратты Telegram-дағы «Письма президенту» арнасы жариялаған. Онда Әсел Досаева мас күйінде ғана емес, жүргізуші куәлігінсіз көлік тізгіндегені де айтылған.
Бұл ақпаратқа қатысты Сот әкімшілігі әзірге түсініктеме берген жоқ.