Астанада жас жігіттің өліміне күдіктінің бірі – полиция
Астана қалалық полиция департаменті түнгі клуб маңында 18 жастағы Ади Чукеевтің өліміне байланысты іс бойынша күдіктілердің бірі бұрын Ұлытау облысының құқық қорғау органдарында қызмет еткенін растады.
Newtimes.kz басылымының мәліметінше, оқиғадан кейін оған қатысты қызметтік тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде ол жұмыстан босатылған. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторында отыр.
Полицияның хабарлауынша, қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталған. Іс материалдары ай соңына дейін сотқа жолданбақ.
Бұл қайғылы оқиға өткен жылдың 26-27 желтоқсанына қараған түні Астанадағы BHB түнгі клубының маңында болған. Жаппай төбелес салдарынан 18 жастағы Ади Чукеев қаза тапты.
Марқұмның туыстары тергеудің созылып кетуінен қауіптенгенін айтқан. Олардың сөзінше, кейбір дәлелдер жоғалып кеткен немесе сапасыз болған, ал кей куәгерлер кейін өз жауаптарын өзгерткен.
Жақындарының айтуынша, жанжал клуб ішінде басталып, кейін жаппай төбелеске ұласқан. Адиді бірнеше адам, соның ішінде басынан ұрып, есінен танғанша соққыға жыққан. Оның досы да жарақат алып, жақ сүйегі сынған. Әді жедел жәрдем көлігінде миына қан құйылу салдарынан көз жұмған.
Іс бойынша екі күдікті ұсталып, қазіргі таңда уақытша ұстау изоляторында отыр.
Полиция бұл істің жақын арада сотқа жолданатынын мәлімдеді.