Астанада жедел жәрдем станциясының директоры мен қызметкерлері 850 млн теңге жымқырды деген күдікпен ұсталды
Астана қаласының прокуратурасы жедел медициналық жәрдем станциясында ірі көлемдегі қаржы жымқыру дерегін анықтады. Бұл туралы Астана қаласының прокуратурасы мәлімдеді.
Тексеру нәтижесінде 2020-2023 жылдар аралығында жедел жәрдем станциясының бюджет қаражатын жүйелі түрде жымқыруға бағытталған схема болғаны белгілі болды. Заңсыз әрекеттер Астана қаласының ҰҚК департаментімен бірлесіп әшкереленді. Арнайы прокурорлардың жетекшілігімен ведомствоаралық тергеу-жедел тобы құрылды.
Прокуратура мәліметінше, санитарлық автокөліктердің қосалқы бөлшектері заңсыз есептен шығарылып, жалған қызмет көрсету шарттары жасалған. Соның салдарынан жұмыс істеп тұрған көліктер саны күрт азайып, бірқатары қосалқы бөлшектердің ұрлануына байланысты пайдаланудан шығарылған.
Қазіргі уақытта «103» жедел жәрдем қызметінің автопаркі толық қалпына келтірілгені хабарланды.
Тергеу барысында төрт қызметкер, оның ішінде екі орта буын басшысы мен станция директоры ұсталды. Олардың әрекеттері салдарынан мемлекетке 850 млн теңге көлемінде аса ірі залал келтірілген.
Күдіктілердің іс-әрекеті Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағы және 189-бабының 3-бөлігі 1), 2), 3) тармақтары бойынша – алдын ала сөз байласу арқылы, қызметтік өкілеттігін пайдаланып, сеніп тапсырылған мүлікті аса ірі мөлшерде иемдену және талан-таражға салу ретінде сараланған. Қылмыстық іс сотқа жолданды.