Астанада жұмысшылар мінген автобус жол апатына ұшырады

Астанада жұмысшыларды тасымалдап бара жатқан автобус кюветке түсіп кетті. Оқиға салдарынан 14 жолаушы зардап шеккен.
Куәгерлердің айтуынша, автобус әуежай жақтан келе жатып, жол шетіне шығып кеткен. Оқиға орнына екі жедел жәрдем бригадасы жіберілді.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, апат Қабанбай батыр даңғылында болған.
"Mercedes маркалы қызметтік автобустың жүргізушісі бұрылыста рөлге ие бола алмай, көлік кюветке түсіп кеткен. Салонда болған жолаушылар медициналық мекемелерге жеткізілді. Аталған дерек бойынша тексеріс жүргізілуде", – делінген полиция хабарламасында.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, оқиғада 14 адам жарақат алды. Олар көпсалалы қалалық стационарларға және Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына жеткізілген.
"Қабылдау бөлімінде барлық науқастарды профильді мамандар тексерді. Жарақат алғандардың бір бөлігі амбулаторлық емге жіберілді, қалғандары әлі де тексеруден өтуде. Негізінен жолаушылар жеңіл жарақаттармен түскен", – деп хабарлады басқарма өкілдері.