Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:03, 11 Сәуір 2025

Астанада журналист Лұқпан Ахмедияров ұсталды

Лұқпан Ахмедияров
Фото: uralskweek

2025 жылғы 10 сәуірде Астанада белгілі журналист Лұқпан Ахмедияров ұсталды.

 Ол Instagram парақшасында тікелей эфирге шығып, полиция қызметкерлері оны көлікке күштеп отырғызғанын және ешқандай құжат көрсетпегенін хабарлады. Полиция оның үстінен қылмыстық іс қозғалғанын айтып, тергеу әрекеттері үшін алып кеткен.

Астана қалалық полиция департаменті бұл ақпаратты растады. Олар Орал қаласының тұрғынының арызы негізінде ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша ("көрінеу жалған ақпарат тарату") сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді.

Ахмедияров өзінің ұсталуын Ресейге жұмысқа жібереміз деген сылтаумен қазақстандықтарды апарып, кейін оларды Ресейдің қорғаныс министрлігімен келісімшартқа қол қойғызуға мәжбүрлегені туралы жариялаған мақалаларымен байланыстырады.

Кейінірек ол полиция тергеуінен шыққанын және тергеудің келесі күні жалғасатынын мәлімдеді. Ол өзін "қорғануға құқығы бар куәгер" ретінде полицияға күштеп жеткізілгенін айтты.

Лұқпан Ахмедияров — танымал қазақстандық журналист және қоғам белсендісі, "Уральская неделя" газетінің бұрынғы бас редакторы. Ол бұған дейін де бірнеше рет құқық қорғау органдары тарапынан қысымға ұшыраған.

Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып отыр. Кейбір азаматтар бұл әрекетті сөз бостандығына қысым көрсету деп бағалап жатыр.

Айта кету керек, Қазақстанда кейінгі жылдары "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабымен оппозициялық көзқарастағы журналистер мен белсенділер жиі қудаланады. Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы өзінің баяндамаларында Қазақстан билігін бұл бапты сыни пікір айтушыларды қудалау үшін пайдаланып отырғанын талай рет сынға алған. Ұйымның мәлімдеуінше, билік бұл бапты бейбіт пікір білдірушілерді қылмыстық жауапкершілікке тарту мен қатаң жазалау құралы ретінде қолданады.