Астанадағы бас мешіт Назарбаев айтқандай әлемдегі зәулім мешіт пе?
Экс-президент Н.Назарбаев Астанадағы республикалық бас мешітте кенже інісі Болат Назарбаевқа арнап ас берді. Ас барысында Назарбаев «Алланың өзіне берген шаруасын түгел орындағанын», «жаны тыныш, шаруасы жақсы» екенін айтты. Сондай-ақ ол өзінің ел басқарған кезеңіне баға беріп, қазіргі саяси жағдайларға да тоқталды.
Сонымен қатар 1992 жылы Меккеге барғанында ел мен халықтың тәуелсіздік, жеке дара ұлт болуын тілегенін сөзге тиек етіп, Астанаға «Әлемдегі ең зәулім, үлкен мешітті» салып бергеніне тоқталды. Назарбаев айтқандай бас мешіт шынымен әлемдегі ең зәулім мешіт пе, анықтап көрейік.
Желідегі дерек көздеріне сүйенсек, әлемдегі ең үлкен мешіт Мекке қаласында орналасқан Әл-Харам мешіті. Қасиетті мешіт кешеніне жер бетіндегі ең алғашқы ғибадатхана – Қағба кіреді. Әл-Харам мешітінің сыйымдылығы 1 миллионға жуық адамды құрайды. Егер ғибадатханаға іргелес жатқан аумақтарды есепке алатын болсақ, саны 2 миллионнан астам адам сыйуы мүмкін. Діни кешеннің жалпы ауданы 357 мың шаршы метр. Онда 500 мәрмәр бағаналар мен биіктігі 100 метр болатын тоғыз мұнара бар. Ғибадатхана жерлеріне кіру төрт негізгі қақпа арқылы жүзеге асырылады. Одан бөлек 44 кіреберіс бар.
Ал 2022 жылғы ашылған Астанадағы жаңа мешіт Қазақстан мен Орталық Азиядағы сыйымдылығы бойынша ең үлкен мешіт саналады. Мешіт 10 гектар жер теліміне салынған. Мешіттің жалпы ауданы 68 062 м² құрайды, сонымен қатар жалпы сыйымдылығы 235 мың адамды сияды, оның ішінде: 30 мың ер адам мен 5 мың әйел бір уақытта залдарда намаз оқи алады; 200 мың адам – далада (170 мың – мешіт ауласында және 30 мың – мінбе мен сахна аймағында) оқи алады. Мешіттің биіктігі 130 метр болатын төрт мұнарасы бар. Әрбір мұнара 5 бөліктен тұрады, олар исламның бес тірегі: шахадат, намаз, Рамазан айындағы ораза, зекет және қажылықты білдіреді. Үлкен күмбездің биіктігі 83,2 метр, диаметрі 62 метр. Мешіттің кіреберіс есігі биіктігі 12,4 метр, салмағы 1,5 тонна, Ироко қатты ағашынан қолдан жасалған.
Жалпы Орталық Азия елдерінің мешіттерін сыйымдылығы бойынша салыстырғанда бірінші орында Қазақстан, ал екінші орында Тәжікстан мемлекетіндегі Ағзам Абу-Ханифа мешіті алып тұр. Тәжікстандағы мешітте бір мезгілде 133 мың адам намаз оқи алса, Астана қаласының бас мешітінде 235 мыңға жуық адам оқи алады. Осылайша, жүргізілген фактчек негізінде бас мешіт тек Орталық Азия шеңберіндегі ең үлкен мешіт екеніне көз жеткіздік.