Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:10, 17 Қыркүйек 2024

Астанадағы этноауылдар: Темір балқытқан ұсталар, өрмек тоқыған ісмерлер мен зергерлер

1

Еліміздің бас қаласы Астанада төрткүл дүние көз тіккен V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны болып өтті. Ойынға қатысты «той тарқағанмен, ол жайлы әңгіме әлі айтылады» деп жүргендер баршылық.

Қалай десек те, бір апта бойы Астанада өткен бұл шараға әлем назарын тікті. Аталмыш шара халықтың рухын оятып, елдің еңсесін бір көтеріп тастады. Шара барысында елді тамсандырған да, таңдандырғанда біраз дүниелер болды. Қарапайым халық бүгінде V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында құрылған этноауылдар жайлы айтып жүр. Астанада бұл күндері бес этноауыл жұмыс істеді. «Қазанат» ипподромы, «Қазақ елі монументі», «Ататүрік» паркі, «Бәйтерек» монументі және Орталық саябақ аумақтарында орналасқан этноауылдарды 70 мыңнан астам елорда тұрғындары мен басқа да қонақтар тамашалаған. «Көшпенділер әлемі» деп атанған бұл этноауылдар 7-13 қыркүйек аралығында сағат 11:00-21:00 дейін жұмыс істеді. Этноауылдар бірнеше орынға бөлінген. Онда орталық алаң, ұлттық ойындарға арналған балалар ойын алаңы, халық музыкасына арналған шатыр, ашық аспан астындағы көшпелі өркениеттер мұражайы, спорттық іс-шаралар, ұлттық тағамдар, басты сахна, аймақтардың этникалық қоныстары, қолөнершілер алаңы, Шығыс базары тәрізді аймақтар жұмыс істеді. Жұртшылықты тәнті еткен этноауылдағы Шығыс базары болды. Бұл орталықта екі жүзден астам колөнершілер өз өнімдерін саудаға шығарды. Этноауылдар аумағында киіз үйлер орнатылып, онда қолөнершілер жасаған ұлттық кәдесыйлар сатылды. Шатырларда ұлттық тағамдар (ірімшік, жент, тары, талқан, құрт және т.б.) және сусындар (қымыз, шұбат) болды. Сонымен қатар этноауылдар аумағында концерттік бағдарламалар мен спорттық іс-шаралар да өтті. Сондай-ақ бұл аймақта арнайы фотоаймақтар жұмыс істеді, әрі Қазақстанның көшпелі мұрасына арналған картиналар сатылымы ұйымдастырылды. Тіпті Есіл ауданының аумағында «Бәйтерек» монументінің алаңында ашылған этноауылдар сағат 11.00-ден 23.00-ге дейін жұмыс істеді. Алматы ауданында орналасқан этноауыл да «Қазақ елі» монументінің жанынан бой көрсетіп, сағат 10.00-ден бастап ашылады және 23.00-ге дейін жұмыс істеді. Байқоңыр ауданының аумағында этноауыл «Ататүрік» саябағында ашылды. Бұл этноауылдың есігі келушілерге сағат 15.00-ден 20.00-ге дейін ашық болды. Нұра ауданының аумағында этноауыл орталық саябақта ашылды. Сағат 12.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Әр кеш сайын сағат 18.00-ден 20.00-ге дейін этноауылға келушілер эстрада жұлдыздарының қатысуымен концертті тамашалады. Концерттік бағдарламаға мәдениет басқармасының ведомстволық бағынышты мекемелерінің шығармашылық ұжымдары мен солистері, сондай-ақ белгілі өнер қайраткерлері мен отандық эстрада жұлдыздары қатысып, өнер көрсетті. Этноауылдарға кіру де, бару да тегін болды. Ал V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының спорттық жарыстарына халық билет бойынша кірді.

Кезінде мұражайда нұсқаушы болып жұмыс істеген Астана қаласының тұрғыны, Нұрбану Әділбекованың айтуынша, мұндай шаралар халықтың тұтастығын нығайтып, бірлігін арттырады. Нұрбану бұл шараға екі немересін, балаларын, келіндерін қоса алып жүріпті. Ондағысы – қазақтың ұлттық құндылықтарын бүгінгі ұрпақ түсініп, құрметтеп, бай мұрамызды қастерлей алса деген ниет.

«Келінім Қостанай өңірінің тумасы. Орыс мектебінде оқыған. Немерелерім де кей-кейде орысша сөйлеп қалады. Бірақ әже ретінде өзім балаларға қазақтың ұлттық құндылықтары жайлы үнемі айтып отырамын. Жастайынан құлағына сіңіре берсем деп ойлаймын. Бұл жолы этноауылдарға күнде келіп отырдық. Әр күні әртүрлі бағдарламаларды тамашаладық. Ұлттық ойындарымызды көрдік. Балаларға арналған ұлттық ойындар алаңында немерелерімді күнде ойнаттым. Қазір төрткүл әлем бізге көзін тікті. Мұндай шаралардың елімізде ұйымдастырылуы өте дұрыс деп ойлаймын. Мен өзім мұражайда қызмет еттім. Сол кездің өзінде мұражайға келген қонақтарға еліміздің тарихы жайлы, мұражайдағы құндылықтар жөнінде барынша түсіндіруге тырысатынмын. Ал мынадай ауқымды шара біздің туристік қабілетімізді арттырып, елге туристердің көптеп келуіне ықпал етеді деген ойдамын. Сондықтан осындай шараларды қолдаймын. Қазақтың этноауылдарының барлығын араладым. Маған әсіресе шеберлердің күмістен соққан әшекейлері қатты ұнады. Қолдан тігілген құрақтар, ұлттық киімдер, ұзатылатын қыздардың сәукелелері барлығы өте тамаша. Этноауылдан шыққаннан кейін немерем бірден асық іздеді. Мұның өзі мен үшін үлкен қуаныш», – дейді кейіпкеріміз.

Нұрбану Әділбекованың пайымдауынша, байрақты бәсеке қарсаңында бас қаладан бой көтерген этноауылдар әлемдік доданың салтанатына сән, мазмұнына мән қосып, қала тұрғындары мен қала қонақтарына айрықша әсер сыйлаған. Шымылдығын қазақ халқының бай мәдени мұрасы мен дәстүрлерін көрсететін «Шаттық керуені» шеруімен ашқан этноауылдан әр күні ән шалқып, күй күмбірлеп, ұлттық ойындар ойнатылып, келген жұрт мереке шаттығына шомылған.

«Этноауылдағы «Шеберлер ауылында» еліміздің түк­пір-түкпірінен келген 200-ден астам қолөнерші бірегей бұйымдарын таныстырып, шеберлік құпияларымен бөлісіп, келген жұртты өзіне баурады. Олардың арасында көрікпен темір балқытқан ұсталар, қайыстан айыл-тұрман сияқты ат әбзелдерін дайындаған шеберлер, өрмек құрып, басқұр тоқыған ісмерлер, киізден, жүннен әртүрлі бұйым жасаған әйелдер, қазақтың әртүрлі бег­зат өнерін насихаттаған сегіз қырлы, бір сырлы азаматтар бар. Өркениеттер мұражайында тарихи мұралар, көне бұйымдар өзіме қатты ұнады. Әр облыстың тіккен киіз үйлерінде өңір ерекшелігі мен тұтас Қазақстанның мәдени бітімі айшықталып тұрды. Этноауылда қонақтардың зергерлік өнер, былғары өңдеу және керамикалық мүсін жасау бойынша шеберлік сабақтарына қатысып, қолөнердің кереметін сезінуіне де жағдай жасалған. Бір ауыз сөзбен айтқанда, бұл этноауылдар кезіндегі Қоянды жәрмеңкесін еске салады. Этноауыл арқылы жұрт өткен дәуірдегі қазақ даласының айшықты мәдениетіне рухани шолу жасап, оның құндылығын сезінуіне және оның бүгінгі өркениетпен тоғысқан ырғағын ұғынды», – дейді Н. Әділбекова.

Жалпы, тек астаналықтар ғана емес, шараға келген қонақтар да осындай әлемдік дүбірлі доданы сәтімен өткізіп, этноауыл ашып, сан түрлі өнердің саңлақтарын жинап, ұлттың рухын көтеріп жатқаны үшін ұйымдастырушыларға алғыс білдірген. Мысалы, Қазақстанға алғаш келген Клэр есімді франциялық бойжеткен: «Бейнебір ертегілер әлеміне келгендей күй кешіп жүрмін. Көшпенділер мәдениеті мені өзіне айрықша тәнті етті» деген жазба қалдырған.

Сөйтіп, 7-13 қыркүйек аралығында қонақтар этноауылдың бай мәдениеті мен спорттық бағдарламасын тамашалады. Бұл шара қазақ халқының бірегей дәстүрлері мен мәдени құндылықтарын ашатын мәдениет пен спорт мерекесіне айналды.

Қ.САЙЛАУ

Астана қаласы

Тегтер: