Астанадағы «Құстар фестивалі»
Астанада «Қанаттылар» инклюзивті театры «Құстар фестивалі» музыкалық спектаклінің премьерасын ұсынды.
Спектакльде қоғамдағы теңсіздік пен адам бойындағы әлсіздіктер құстар бейнесі арқылы метафорикалық түрде көрсетілді. Пьеса авторы – жазушы, драматург, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дулат Исабеков. Қойылым режиссері Қазақ мәдениетінің қайраткері – Нұрфат Вахитов.
Жалпы, бұл театрдың тарихы туралы айтар болсақ, 2021 жылы 5 қазанда Мүгедектер күні қарсаңында елордада Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Жастар театры» МКҚК жанынан «Qanattylar» инклюзивті бөлімі ашылды. Оның ерекшелігі – мүмкіндігі шектеулі дарынды адамдарды дамыту және әлеуметтендіру болатын.
Театрдың мақсаты – мүгедектігі бар жандардың дарындылығын ашу, сахна кеңістігінде олардың шығармашылық әлеуетін дәріптеу, қоғам ұзақ уақыт байқамаған мүмкіндіктерін жүзеге асыруларына түрткі болу және тұрақты жұмыспен қамту.
Бүгінгі таңда театрда 40-қа жуық әртіс жұмыс істейді. Ұжымның репертуарында «Қанаттылар» музыкалық-поэтикалық спектаклі, «Үй таңданған лақ» ертегісі, «Қызжылаған» драмасы, «Өмір-ғайып» мелодрамасы, «Күле аласыз ба?» комедиясы, «Арман» музыкалық драмасы, «Бір өмір екі тағдыр» өмірбаяндық драмасы, «Алло, бұл кім?» лирикалық комедиясы сынды туындылар бар.
Ал бұл жолғы театр ұсынған шығарма осыдан 32 жыл бұрын жазылса да, өзінің өзектілігін жоғалтпады. Спектакльде қоғамдағы теңсіздік, әлсіз бен мықтының арасындағы тартыс көрініс табады. Туынды заман өзгерсе де, адамзаттың пиғылы өзгермейді деген ойға жетелейді. Бізді қоршаған ортадағы әлсізге деген әлімжеттік, мықтыға деген мақтаулар бір сәтке де тоқтамағанына көз жеткізеді. Спектакльде адам баласы өзіне тән осалдық пен бойындағы көрсеқызар мінезін баса алмауы, білімді мен білімсіздің қалтасының қалыңдығына немесе күшіне қарап мақталуы құстар бейнесінде көрініс табады. Қойылымда құс төресі бүркіттен бастап, бұлбұл, жапалақ, тоты, сауысқан, қарға, тауыс, көкқұтан, т.б. құстардың кейпінде қоғамның шындығы бейнеленеді.
«Шығарма желісі бойынша құстардың арасында ән байқауы ұйымдастырылады. Қазылар алқасының төрағасы бүркіт елді ынтымаққа, бірлікке шақырады. Оның айналасында түрлі іс-әрекет өрбіп, бүркіттің қол астындағы сауысқан, жапалақ, тотылар қитұрқылыққа барады. Содан қазіргі қоғам бейнесі ашылып, мәдениеттің құлдырауы көрінеді. Осы пьесаны қоюдағы мақсатымыз – өзіміздің кем-кетігімізді түзеу, жақсыға сүйініп, жаманнан жирену. Театр өнерінің негізгі мақсаты да сол», – дейді спектакльдің қоюшы режиссері Нұрфат Вахитов.
Қойылымда бұлбұл тұрып, қарға мен әтеш тартысқа түседі. Қарға өзінің құлқыны үшін әтештің балапанына әлімжеттік көрсетеді, дауысы жоқ болса да, қазылар алқасын сатып алғысы келіп, оларға қолындағы барын беріп, ән байқауында жеңіске жетуге ұмтылады. Әтештің де әрекеті соған саяды. Яғни қойылым сыбайлас жемқорлықты, жең ұшынан жалғасуды да сынайды.
Қ.САЙЛАУ
Астана