Астанадағы өрт: үш бала қаза тапты
Астанадағы «Көркем-3» тұрғын үй кешенінде ірі өрт шығып, салдарынан үш бала қаза тапты.
Өрт түнде Есіл ауданындағы Түркістан көшесінде орналасқан 21 қабатты үйдің 15-қабатындағы пәтерден тұтанған. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері жедел жетіп, ашық жалын анықталған.
Өртті сөндіру барысында құтқарушылар күйік шалған әйелді тауып, эвакуациялады. Ол жедел жәрдем қызметіне тапсырылып, қалалық көпсалалы ауруханаға жеткізілді.
Өрт толық сөндірілгеннен кейін пәтер ішінен үш баланың мәйіті табылды.
Жоғарғы қабаттардан шамамен 20 адам эвакуацияланып, тағы 40-қа жуық тұрғын өз бетімен сыртқа шыққан.
Өрт толықтай сөндірілді, оның шығу себептері анықталып жатыр.
Қала әкімдігінің мәліметінше, зардап шеккен әйел мен қаза тапқан балалардың отбасына қажетті көмек көрсетіледі.
Куәгерлердің айтуынша, өрт сөндіру техникаларының аулаға кіруі дұрыс қойылмаған көліктердің кесірінен қиындаған.