Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:13

Астанадағы өртте үш баланың қазасына не себеп болды?

1
Фото: скриншот

Астанадағы «Көркем-3» тұрғын үй кешенінде болған қайғылы өрттің жаңа мән-жайлары белгілі болды.

Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт сөндірушілердің оқиға орнына жедел жетуіне ауладағы жабық қақпа мен ретсіз қойылған көліктер кедергі келтірген.

12 сәуірге қараған түні Түркістан көшесіндегі 21 қабатты үйдің 15-қабатындағы пәтерде өрт шыққан. Құтқарушылар келген сәтте пәтер толықтай жалынға оранған. Есік іштен жабық болғандықтан, мамандар оны арнайы құралдардың көмегімен бұзып ашуға мәжбүр болған.

Астана қаласы ТЖД басшысының орынбасары Өміржан Түкүшевтің айтуынша, ғимараттағы өрт дабылы жүйесі уақытында іске қосылып, лифтілер автоматты түрде бірінші қабатқа түскен. Алайда негізгі мәселе – өрт сөндіру техникасының аулаға кіруіндегі қиындықтар болған.

— Аулаға кіреберіс темір қақпамен жабық болды, ал ішкі аумақ көліктерге толы еді. Соған қарамастан, өрттің көрші пәтерлерге таралуына жол берілген жоқ, — деді ол.

Өрт сөндірілгеннен кейін пәтер ішінен үш баланың мәйіті табылды. Сонымен қатар, күйік шалған әйел құтқарылып, ауруханаға жеткізілді. Жоғарғы қабаттардан 20 адам эвакуацияланып, тағы 40-қа жуық тұрғын өз бетімен сыртқа шыққан.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, сараптамалар тағайындалды. Қазіргі уақытта өрттің нақты себебі мен барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Тегтер: