Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:45, 17 Қараша 2022

Астанаға көктем «ылғи» кеш келеді

None
None

Қазақта «Өшкені жанып, өлгені тірілгендей» деген әсірелеу бар. Әрине, өлген адам тірілмейді, өшкен от жанбайды.

Бұл тіркесті журналистер әділдік пен шындыққа қарата қолдануда. Ұзақ уақыт орнамаған әділдік аяқ астынан салтанат құрған кезде немесе жалған мен өтірікті шындық жеңгенде, шынымен адамның «өлгені тіріліп, өшкені жанғандай» болатыны рас.

Қазақстанда отыз жыл әділдік орнаған жоқ. Жуандардың дәуірі жүрді. Шенеуніктердің заманы болды. Қараша қазақ сіңіріне ілініп, шұлығын сүйретіп жүріп, соның бәріне көнді. Көнбістігі құлдық мінез емес. Бұл көшпенділік тұрмыстан қанына сіңген шыдамдылығы болу керек.

Тарих туралы емес айтпағымыз. Біздің жазбамыз отыз жыл орнамаған әділдік хақында. Ол қандай ақиқат екенін іштеріңіз сезетін шығар. Қаңтар қырғынынан кейін жүйе төңкеріліп қалмаса да, ішінара өзгерістер болып жатыр. Абайша айтсақ, Астана «Ақырын жүріп анық басуда». Дипломатияның тәртібі шығар, белден басу, тізеге салу дегендер жоқ. Ақорда саясаты беті тынып ағатын алып өзендерге ұқсайды қазір. Ондай өзендердің беті сынаптай сырғып, астыңғы ағысы аударып-төңкеріліп, тулап ағады.

Табиғат туралы да емес еді айтпағымыз. Біздің жазбамыз – қаңтардан кейінгі саяси жүйенің өзгерісі. Астана жақтағы ақырын-ақырын жасалып жатқан саяси реформалар туралы дедік қой. Мәселен, қаңтар қырғынынан кейін, кейбір саясаткерлер бір күнде әділдік орнауы керек дегендей ой айтсын. «Бұрынғы билік жасаған қылмысын мойындап, ұрлаған ақшасын қайтарып, шетел асырған байлықтарын жарияласын», дегендей пікір білдірді. Дұрыс!

Алайда бүгінгі Ақорда оған асыққан жоқ. Бәлкім, ол да дұрыс шығар. Саясат хрусталь сияқты: қатты қыссаң сынып кетеді, қыспасаң, сусып кетеді. Сол үшін де Ақорда Назарбаевтарға қатысты саясатқа келгенде, асығыстық танытпауда. Әуелде қызды-қыздымен кейбір саясаттанушылар: «Назарбаевтардың бар байлығын қидай сыпырып, тартып алу керек. Жаңа Қазақстан солай орнайды», дегендей шолақ ұрандар айтқан-ды. «Тұңғыш Президент – Елбасы» туралы Конституциялық заң да бір күнде күшін жойсын», дегендей талаптар да болған. Оған отыз жыл ордаланған, әбден тамырланған ескі жүйе дес бере ме? Ол жағын таразыға тартқандарды байқамадық.

Жаңа Қазақстанның идея көсемдері Назарбаевтарға қатысты саясатты белден басуға келмейтінін жақсы түсінеді. Тізеге салса, ескі жүйенің ерлері тағы бір қаңтар ұйымдастырып жіберуі әбден мүмкін. Сондықтан да бұл саясатта дипломатиядан басқа жол жоғы анық.

Етектей кіріспе келтіргендегі айтпағымыз мынадай жаңалық еді: 

Қазақстанның тұңғыш президенті, экс-елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркияның Анталия қаласындағы Rixos қонақ үйін президент әкімшілігіне табыстапты. Бұл – бір деңіз! Ал екінші жаңалық – Конституциядан тұңғыш президенттің ерекше мәртебесі туралы барлық тармақ алынып тасталатын болды. Соңғы ақпар туралы әділет министрі Қанат Мусин мәлімдеді. Ал қонақ үй туралы хабарды Forbes.kz жазыпты.

Енді ақжолтай жаңалықтың екеуіне жеке-жеке тоқтала кетсек.

Наурыз айының аяғына қарай үкімет жанынан құрылған экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссия мемлекет меншігіне сыйға тарту шарты негізінде белгілі бір мүлікті қайтаруды жариялаған. Қайтқан малда қайыр бар. Экс-елбасыға тиесілі деген қонақ үй Қазақстандағы «Алатау» қонақ үйі АҚ-ға тіркеліпті. Қаржылық тексерулер кезінде анықталғандай, әлгі алып Rixos-тың 23 пайызы мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне тиесілі болса, басым көп бөлігі, яғни 77 пайызы «Жылжымайтын мүлікті басқару жөніндегі дирекция» ЖШС-ына тиесілі екен. «Жылжымайтын мүлікті басқару жөніндегі дирекция» тікелей «Елбасы» қорына қарайды. «Елбасы қоры» – Нұрсұлтан Назарбаевтың меншігі. Қысқасы, «Тау бар, тауда бау бар, бауда дәу» деген жұмбағымыздың шешуі осындай.

Екінші жаңалыққа тоқталайық.

Қанат Мусин: «Конституциядан Тұңғыш Президенттің ерекше мәртебесі туралы барлық тармақ алып тасталды. Енді заңды сол Конституцияға бейімдеп жасау жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Тұңғыш Президент – Елбасы туралы» заңның күші жойылатын нақты уақыты жоқ. Дегенмен жұмыс жүріп жатыр. Үкімет, президент және депутаттар ұсыныс айта алады. Бірақ біздің министрлікке парламенттен мұндай ұсыныс түспеді. Келген кезде әрекет етеміз», – депті. Сөйтіп, Мусин мырза бар салмақты Назарбаевқа Конституциядан ерекше статус әперген депутаттардың өзіне тастап отыр.   

Естеріңізде болса, тұңғыш президенттің ерекше мәртебесі туралы заңның Конституциядан алынып тасталатыны туралы жыл басында айтылған болатын-ды. «Асықпаған арбамен қоян алар», дейміз. Астанаға көктемнің кеш келетіні рас болса, ақиқаттың да көктемі келіп қалар. Бастысы, сең қозғалды ғой.

Тегтер: