Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 11:25

Астаналық судьяға мас күйінде көлік жүргізгені үшін айыппұл салынды

Әсел Досаева
Фото: ашық дереккөз

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Әсел Досаева алкогольдік мас күйде көлік басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бұл туралы KazTAG агенттігінің сауалына жауап берген Астана қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Сот Әсел Досаеваны Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 8-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 786 400 теңге айыппұл салды. Қаулы әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Соттың мәліметінше, 2025 жылғы 1 қарашада Әсел Досаевада жүргізуші куәлігі болмаған күйде (куәлігінің мерзімі 2025 жылғы 3 шілдеде аяқталған) және жеңіл дәрежедегі алкогольдік мас күйде автокөлік басқарған. Бұл жағдай медициналық сараптамамен расталған. Іс Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында қаралған.

Судьяға қатысты әкімшілік қамау қолданылмады. Сотта бұл шешім заңнама талаптарына сәйкес қабылданғаны айтылды. Атап айтқанда, 14 жасқа толмаған баласы бар әйелдерге әкімшілік қамау қолданылмайды. Әсел Досаеваның 2013 жылы туған баласы бар. Мұндай жағдайда 608-баптың 8-бөлігі тек айыппұл салуды көздейді.

Еске салайық, Әсел Досаева Mazda маркалы автокөлікті мас күйде басқарғаны үшін ұсталған. Алайда судьяларға қатысты белгіленген ерекше процессуалдық тәртіпке байланысты оған жаза бірден қолданылмаған.

Сонымен бірге қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мас күйінде алғаш рет ұсталған азаматтарға 15 тәулікке әкімшілік қамау және 7 жылға жүргізуші куәлігінен айыру міндетті жаза ретінде қарастырылған.