Астаналық тұрғын терроризмді насихаттады деген айыппен 7 жылға сотталды

Астаналық тұрғын Telegram мессенджеріндегі жазбалары үшін терроризмді насихаттады деп айыпталып, жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы еліміздің прокуратурасы хабарлады.
Іс материалдарына сәйкес, айыпталушы топтық чатта діни себептермен болған қарулы қақтығыстарға оң көзқарас білдірген. Сонымен қатар, ол Сирияға қоныс аударуды жоспарлаған. Тергеу дерегінше, әйел өзімен бірге кәмелетке толмаған екі қызын алып кетіп, оларды террористік ұйым мүшелеріне тұрмысқа бергісі келген.
Әйел Алматы әуежайында ұшаққа отыру кезінде ұсталған.
"Мемлекеттік айыптаушы сотта телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, терроризмді насихаттау және террористік ұйымның іс-әрекетіне қатысуға дайындалу бойынша айыптаудың негізді екенін дәлелдеді", — делінген прокуратура мәлімдемесінде.
Сот айыпталушыны кінәлі деп тауып, 7 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Прокуратура хабарламасында әйелдің кінәсін мойындағаны немесе мойындамағаны туралы нақты ақпарат берілмеген.
Айта кету керек, Қазақстанда шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысу заңмен қатаң тыйым салынған.
Сәуір айының басында дәл осындай айыппен Жезқазған қаласының тұрғыны да 7 жылға сотталған еді. Сот деректеріне сай, ол 2017–2018 жылдары Сирияда болып, Ұлытау облысы Сәтбаев қаласында тұратын жақын туысына мессенджер арқылы радикалды материалдар жолдаған.