Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:51, 11 Маусым 2024

Астананы креслоның «губкасы» құрғата алмайды, Қасымбек мырза!

Жеңіс Қасымбек
Фото: azattyq-ruhy.kz

Астанада жаңбырдан кейін қала тұрғындары толарсақтан су кешуге мәжбүр. Көшелер көлге айналған кезде жаяу жүргінші тұрмақ, көліктердің қозғалысы қиындайды.

Жиналған судан автокөліктердің дөңгелегі көрінбей қалатын жағдайға жетеміз. Толассыз жауған жауын суынан кейін қаладағы асфальт жолдар опырылып, тесігі мен шұңқыры көп жолдар саны артады. Тұрғын үй кешендерімен қатар, миллиардтар жұмсалған мақтаулы нысандар су астында қалады. Жаңбыр кезінде қаланы судан тазартумен Elorda ecosystem ұйымы айналысады. Атап айтқанда, кәсіпорынға нөсерлі кәріз желілерін пайдалану және оларға қызмет көрсету міндеті жүктелген. Жаңбыр кезінде қалада 200-ден астам проблемалық учаскі бар десек, ұйым соны дер кезінде қалыпқа келтіріп үлгеруі керек. Қала әкімдігі мен Elorda ecosystem арасында жасалған келісімде коллекторлар мен жаңбыр суын қабылдағыштарды тазарту, құбырларды булау, нөсерлі кәріз желісінің қуатын ұлғайту сияқты міндеттер қойылған.

Астана
Фото: Жас алаш

Жаңбырдан кейін тұрғындар көшеге шыға алмай қалады

Астананың қақ ортасында тұратын  Қанат Едресов есімді азамат жауыннан кейін Сауран көшесінде жаяу жүргіншілер өтетін жолдарға су толып, адамдар айналып өтуге тура келетінін айтады.

«Жазда жаңбыр жауса болды көшелер көлге айналады. Көктемде де солай. Көлік жүргізушілері де сондай кезде ақырын жүру дегенді білмейді. Қасында кетіп бара жатқан адамның киімі малмандай су болады. Жаңбыр кезінде суды сорып алмайынша, далаға шығудың да қажеті жоқ», – дейді Қанат.

Аида Оралқызы есімді қала тұрғыны да Нұрлы жол вокзалы жақта жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлердің жолында асфальты жоқ. Сондықтан жаңбырдан кейін көше сары батпақ болады дейді.

«Өткенде жаңбырдан кейін дүкенге шыққанмын. Аяқ киімнен түк қалмады. Сары батпақ. Көшеде су ақпайды. Жиналып тұрады. Кейде үлкен көлшік болған кезде арнайы көлікпен келіп сорып алады».

Бас қаланың күн санап емес, сағат санап кеңейіп, тұрғындар санының еселеп артып келе жатқанын ескерсек, жаңбыр суын сору жұмысына қажетті құрылғылардың да жеткілікті болуы тиіс екені түсінікті.

Бүгінгі таңда елорданың нөсерлі кәріз жүйесі 16,7 мың гектардан астам аумақтан жер үсті ағындарын шығаратын 18 тазарту қондырғысы мен 1 қойма тоғанынан, 610,8 шақырым магистральды нөсерлі кәрізден, дренаждық және арық канализация желілерінен тұрады. 2019-2023 жылдары 9 сорғы станциясы мен 4 тазарту қондырғысы салыныпты. Сол жағалаудың су басу мәселесін шешу мақсатында Тұран даңғылының ауданында тағы бір бас кәріз коллекторының құрылысы басталып жатыр екен, күзде аяқталады дейді.

Астана
Фото: Жас Алаш

892 миллион теңгені игеру қалай жүріп жатыр?

Бұл биыл ғана болып отырған жағдай емес. Былтыр жазда да толассыз жауған жаңбыр кезінде Elorda ecosystem игере алмай, біраз жерді су алған. Осы жағдайдан кейін Elorda ecosystem-нің бұрынғы директоры Тимур Шоданов қызметінен кеткені есімізде.

Бірақ міндетін орындай алмаса да Астана әкімдігі бұл ұйыммен байланысын үзген жоқ. Керісінше, былтыр Elorda ecosystem компаниясы Астана әкімдігімен 892 миллион теңгеге жаңа келісімшартқа отырады. Осы ретте, бұл қаражаттың қалай игерілетіні туралы ұйымның қазіргі басшысы Бахтияр Гарифуллиннен сұрадық.

«Нөсерлі кәріз желілері мен құрылыстың жыл сайын өсуіне байланысты біздің жұмысымыз да артып келеді. Қажет болған жағдайда мамандандырылған техника, жабдықтардың санын көбейтудеміз. Күн сайын жаңбыр қабылдайтын торларды, қарау құдықтарын шламнан, кірден және тұрмыстық қоқыстардан тазарту жұмыстары жүргізіледі, сондай-ақ қысқы кезеңде арық-науа жүйесі қар мен мұздан, жазда қоқыс пен арам шөптерден, магистральдық коллекторлар мен құбырларды жуу жұмыстары тазаланады. Бұл жұмыстар су бұру және нөсерлі кәріз жүйесінің толыққанды жұмыс істеуі үшін жүргізіледі», – дейді ұйым басшысы.

Оның айтуынша, бөлінген қаражаттың барлығы нөсер ағындары мен дренаждық және жерасты суларын бұру бойынша қызмет көрсетуге бағытталып отыр. Жаңбыр қабылдайтын торларды, люктерді ауыстыру және орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.

Толарсақтан су кешудің басты себебі – елордада нөсерлі кәріз жүйесінің тозуы 40%-дан асады екен. Бұған қоса, инженерлік желілер құрылысы баяу дамуда. Сондықтан қала бойынша проблемалық учаскелер барын аталған ұйым да, әкімдік те жасырмайды. Бұрын мұндай учаскелердің саны – 50 болған, биыл 10 учаскенің жағдайы қалыпқа келіпті. Айтпақшы, «проблемалық аумақтардың саны азайып келеді» деп, мамыр айының басында қала әкімі Жеңіс Қасымбек бір мақтанып алған. «Мәселен, үш күн болды, жаңбыр жауып тұр, су басу мәселесін көрген жоқсыздар», деп желпінген сонда. Арада ай өткенде... Мәселенің көкесі болды.

Elorda ecosystem басшысы әкімді өтірікші жасап қойғанына ыңғайсызданған болар, бұған қала тұрғындары кінәлі дейді.

«Жылдан жылға жауын-шашын көлемі артып келе жатқанын ескеру керек. Кәріз жүйелері тек жаңбыр суын, көктемде қар еруінен пайда болатын суларға ғана арналған. Кейбір қала тұрғындары желілерге қоқыс, тұрмыстық қалдықтар, жуынды төгеді. Әрине, бұлардың барлығы кәріз желілерінің қалыпты жұмысына кедергі келтіреді, кәріз жүйесі бітеледі, жағымсыз иіс пайда болады. Бұл жерде тек кәріз жүйесі ғана емес, қоршаған орта да зардап шегеді. Сондықтан қаланың әр тұрғыны жауапкершілікпен қараса екен дейміз. Тек бір ғана тұрғын үй кәрізі емес, жинала берсе кәріз жүйесі мүлдем толып қалатынын тұрғындар түсіну керек».

Тұрғындардың осындай жауапсыздығының алдын алу үшін жыл сайын арнайы рейд жүргізіледі. Мысалы, биыл «Сарыарқа», «Алматы», «Байқоңыр» және «Есіл» ауданындағы 3 693 құдық тексерілген екен. Оның ішінде тұрмыстық қалдық тастаған 17 факті анықталыпты (кінәлілер 220 мың теңге айыппұл төлейді).

Астана
Фото: Жас алаш

Әлемдік тәжірибе қандай?

Әлемде климаттық өзгешелігіне байланысты алты ай толассыз жаңбыр жауатын елдер де бар. Ондағы миллиондаған тұрғыны бар қалалар жаңбыр суын тұрмысқа тиімді пайдаланудың жолдарын қолданысқа енгізіп те қойған. Жас сәулетші Арманжан Алшановтың айтуынша, Қытайда алғашқы рет «Губқа қалалар» жаңбыр суын тиімді пайдалану механизмін іске асырып отыр.

«Қытай үкіметі «губқа қала» ұғымын ұлттық саясат деңгейіне дейін жеткізген. Онда жаңбыр суын қаланың сыртына ағызып жібермей, суды сол аумақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектесетін біріктірілген жүйе құру арқылы суды тұрғындардың қажеттілігіне жұмсап, пайда тауып отыр. Бұл бір жағынан қаланы су басу қаупінен сейілтсе, екінші жағынан ауыз су тапшылығын шешіп отыр», – дейді сарапшы.

Алшановтың айтуынша, толассыз жаңбыр суының жиналуымен жиі бетпе-бет келетін дамыған Батыс елдері қалаларда тікелей ағызатын кәріз жүйесін салудан гөрі, жаңбыр суын арнайы орындарда жинап, керек кезде алқаптарды суаруға және қаланы көгалдандыру жұмысына жұмсайды екен.

«Жаңбыр суын тиімді пайдаланып отырған елдердің ішінде Вьетнамды айтуға болады. Оларда үйлердің шатырында жаңбыр суын жинайтын арнайы құрылғы бар. Оны сол үйдің адамдары жануарларға немесе егінге пайдаланады. Су қоймалары немесе бөгеттерге қарағанда бұл жүйенің айырмашылығы шағын қауымдастық немесе ұйымдар, тіпті жеке адамдар өздері осындай құрылғыны шатырға орналастыра алады. Әсіресе таза суға зәру аймақтар үшін жаңбыр суын пайдалану жақсы инфрақұрылым деп айтуға болады», – дейді сарапшы.

Былтыр жазда Астанада су тапшылығы туындап, қаланың бірқатар аудандары бір тамшы суға зар болды. Сол кезде қаланың инженерлік инфрақұрылымына қатысты сын айтылды. Бұған қоса, елорданың Астана су қоймасына толық тәуелді болу қауіпті жағдай екені айтпаса да түсінікті. Кез келген сәтте оқыс оқиға болса, бүкіл қала сусыз қалғалы тұр. Жыл сайын тұрғындар саны көбейіп, жаңа нысандар пайдалануға беріліп жатыр. Әрине, толассыз жаңбыр жауса, суды ағызатын жер таба алмаймыз, ал су тапшылығы мәселесіне келгенде басқа жолдар қарастырып бас қатыруға ешкімнің құлқы жоқ. Әйтпесе, жаңбыр суын тым құрығанда қаладағы гүлзарларды суаруға пайдалануға болушы еді. Суды үнемдеп ұстау мәдениетін қалыптастыру туралы жиі айтамыз, бірақ іске келгенде барлығы басқаша болады. Астанадан ақылды қала жасаймыз деп триллиондаған қаражат жұмсалатын ірі жоспарлар құрамыз. Айналдырған 2 млн халыққа қолайлы инфрақұрылым жасауға келгенде бітіп болмайтын проблемаларға тап боламыз. Ақылды қаланың миллиардтар жұмсалған ғимараттары суға кетіп жатса, жалпақ жұртқа күлкі болмаймыз ба?..

Осы орайда, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек мырза «губка» сөзінің тек креслоға ғана емес, қалалардың су жүйесіне қатысты да қолданылатынын ескеріп, өзгелерден үлгі алса, өзгелерге үлгі болса... Кабинетінде, «губкалы» креслосында отырып алмай, су басып жатқанда жұртпен бірге жүзіп жүрсе... Ешкім ренжімес еді.

Айжан Қалиева

Астана