Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 20 Наурыз 2025

Астананың «жасыл белдеуінде» мал жайылып жүр

Астана
Фото: Астана әкімдігі

Мәжіліс депутаты Анас Баққожаевтің айтуынша, елорданың айналасындағы «Жасыл белдеу» - Астана үшін мақтаныш.

Алайда 25 жылдан аса тарихы бар жасанды орманда жақын маңдағы елді-мекендердің төрт-түлік малы жайылады, ол жерлер тапталады, демалыс кезінде адамдар қоқыс тастайды. Кейбір аумақтары қоқыс тастайтын орындарға айналып кеткен.

Сондықтан депутат осының барлығын қорғауға алу керек деген мәселе көтерді. Себебі, Астананың маңына тұзды жерге ағаш өспейді деген талай күмән болғанымен, миллиардтар бөлінді деп талай сыналғанымен, қазіргі жағдайы жаман емес, бүгінде сол жерге 14 млн ағаш пен бұта отырғызылған. Әлі толығымен орманға айналмаса да флорасы мен фаунасы жақсы аяққа тұрғызылған.

Жағдайды оңалту үшін «жасыл белдеу» заңмен қорғалатын болды. Мәжіліс елорда мен республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасының бесінші бағыты елорданың «жасыл белдеуін» сақтауды көздейді.

Жалпы, «жасыл белдеудің» мақсаты экологиялық жағдайды жақсарту, қаланы жел мен шаңды дауылдан қорғау, сондай-ақ, тұрғындар үшін рекреациялық аймақтар құру еді. Оны сақтау ерекше күтімді талап ететіндіктен, жерінің қысқаруына немесе бүлінуіне жол бермеу қажеттілігі туындап отыр.

Осыған байланысты «Астана мәртебесі туралы» заң аясында бірқатар мәселе қамтылған. Онда қаланың жасыл аймағын басқару қағидаларын бекіту және оны күтіп-ұстайтын заңды тұлғаны айқындау, жасыл аймағының шекараларын өзгертуді әкімдікпен емес, Үкімет арқылы жүзеге асыру, «жасыл белдеу» аумағында ландшафттардың табиғи көрінісіне теріс әсер ететін қызметке тыйым салу ұсынылған.

Заң жобасын таныстырған премьер-министр орынбасары Серік Жұманғариннің айтуынша, заңда біраз түзету бар. Біріншіден, «Жасыл белдеу» дегеннің не екенін түсіндіретін ұғым енгізілген. Ол Астана қаласының санитарлық жасыл аймағын білдіреді.

Екіншіден, қағидалары жергілікті мәслихатпен бекітіледі. Оның ішінде жасыл желекті жаппай кесуге, онда пайдалы қазбалар кен орындарын игеруге, қалдықтар төгуге, мал жайылымына, тұрғын үй кешені мен бизнес-орталық салуға тыйым салынады.

«Басында 5 млн-ға жуық көшет отырғызылған. Қазір жалпы аумағы 15 мың га-ға жетіп отыр. Биылғы жоспарда 17 жарым мыңға жеткізу көзделген. Аумақты 15 жылдан астам уақыттан бері бір ғана мекеме – «Астана орманы» ЖШС игеріп, жұмысын атқарып келеді. Жалпы, «Жасыл белдеудің» қазіргі жағдайы жаман емес деп бағаланып отыр. Дегенмен, болашақта да осы қалпында тұрақты дами беруі үшін заңда арнайы бөлім қарастырылған», – дейді ол.

Айта кетейік, жасыл белдеуде алғаш 1999-2004 жылдары сүйелді қайың, ұсақ жапырақты шегіршін, ірі жапырақты шегіршін, кәдімгі қарағай, көде боз жиде, қазақстандық терек, алтын қарақат, ақ көріктал, бессея шиесі, татар бөріжидегі сынды жапырақты ағаштар егілді. Соның ішінде жапырақты жыныстар – 98,2%-ын құрыса, қылқан жапырақтылары – 1,8%.

Ал 2012-2016 жылдары жобаның бірінші және екінші кезектерін іске асыру кезінде 1,8 млн-ға жуық жабық тамыр жүйесімен 1 323,5 га жерге көшет, 452,1 га аумаққа көпжылғы шөптер (балды өсімдіктер) отырғызылды. Ағаштардың ұласып өсуінің орташа көрсеткіші 90%-ды құрайды.

Бекбол АМАНГЕЛДІ

Тегтер: