Астананың мәдени имиджі қандай?

Астана әуелде саяси орталық болды. Соңғы жылдары бас қалада өнер мен мәдениет, спорт саласы жақсы дамып, өркендеп келеді.
Бұрынғыдай емес, қазір астана өнердің ордасы, мәдениет пен спорттың ұлы шаңырағына айналған. Мәселен, қалада театрлар мен мәдени орталықтар, спорт кешендері бой көтерді. Бәрі қызу жұмыс істеп тұр.
Астананың мәдени қала болуы екібастан заңдылық. Бұл әлемде бар тенденция. Мәселен, Мәскеу мен Вашингтон, Париж бен Рим, Афина мен Бейжіңді алып қарайықшы, бұл қалалардың бәрі саяси орталық қана емес. Бұл шаһарлар жүздеген, мыңдаған жылдардан бері мәдени астанаға айналып үлгерген. Оның үстіне, астана деген сол елдің айбыны, өнері мен мәдениетінің мәйегі, спорты мен туризімінің қарашаңырағы.
Біздің Нұр-Сұлтан қаласы да сол әлемдегі ең мықты, озық елдердің астанасы сияқты өнер мен мәдениеттің қарашаңырағы болуға барлық жағынан толымды. Саяси орталық ғана емес, мәдени орда болуға қай жағынан алып айтсаңыз та жеткілікті.
Әрине, Нұр Сұлтан қаласы астана ретінде тарихы соншалық терең шаһар емес шығар. Бірақ бұл тарихи қоныс ретінде тамыры тым тереңде жатқан елдімекен. Астананың айналасындағы тарихи қоныстардың мәдени қабатын бірнеше жүз, тіпті бірнеше мың жылдардан ары аунатады тарихшылар. Ал астана ретінде әлемге танылып мойындалғалы 25 жыл ғана уақыт өтті. Бұл әрине аз. Бірақ сол аз уақыттың ішінде астанада өнер өрістеп, мәдени орта қалыптасып үлгерді.
Мысалы, Мәңгілік Ел мен Қазақ Елі монументі, ЭКСПО ғылми қалашығы жас астананың симолы сияқты. Ал Нұр-Астана орталық мешіті мен Хазірет Сұлтан мешіті шаһардың рухани орталық болып қалыптасқанының айғағы. Содан кейін, Бәйтерек монументі мен Бейбітшілік және келісім сарайы бар. Бұлар да қазақстандықтар мен шетелдіктер үшін ең бір тамаша орындардың бірі. Ақорда мен Хан Шатыр, қаланы қоршаған жасыл желек ше? Бұлар да астана көркіне көрік қосып, мәдени астана деген дәрежесін тереңдететін мәдениет симолдары.
Мұның бәрі астананың – архитектуралық келбеті. Мұндай архитектуралық келбет өзге астаналарда да бар. Айталық, Париждегі Эйфел мұнарасы, Мәскеудегі Кремль қандай? Бүкіл әлемнің аузына ілінген тарихи құрылыстар. Одан кейін Римдегі Колизей мен Вашингтондағы «Статуя Свободы» да осы елдердің астаналарының мәдени бет бейнелерінің анық көрінісі.
Кез келген мемлекеттің астанасы туралы айтылғанда, әрине алдымен сондағы мәдени нысандар еске түседі. Жұрт солай таниды. Бір жағынан бұл жақсы үрдіс. Екінші жағынан туризм үшін де таптырмайтын мүмкіндік. Айталық, «Рим» деген кезде көз алдымызға Рим императорларының оралатыны сияқты Нұр Сұлтан қаласы деген кезде Қазақстан астанасындағы ең танымалы архитектуралар еске түседі. Ақорда, Бәйтерек, Мәңгілік ел, ЭКСПО – Қазақ елі астанасының симолдары мен бойтұмарлары.
Нұр Сұлтанды мәдени астана статусына көтеріп тұрған өнер шаңырақтары да көп. Мәселен, Қазақ Ұлттық Өнер университеті мен Қазақ Ұлттық Хореография академиясын алсақ та жеткілікті. Астана опера және балет театры мен Ұлттық академиялық кітапхана, Ұлттық мұражай – астана мәдениетінің алтын арқауы іспетті. Қуанышбаев атындағы академиялық муздрама театры мен Жастар театрын және Тұңғыш Президент атындағы мәдени орталықты алайық, бұл нысандар – Бас қаламыздың мәдени айнасы. Кез келген қаланың мәдениетін сол жердегі мәдени нысандарға қарап тануға болады. Әсіресе, театрлар мен мәдени орталықтар. Қазір астана театрлары буыны қатып, кемелденіп, үлкен мәдени шаңыраққа айналған. Ондағы қойылымдар әлемдік сахналардан еш кем емес. Шығармашылық ұжым, шығармашылық әлеуеті мен шығарма тақырыптары да сан алуан. Астана театрлары мен мәдени орталықтарының барлық әлеуеті озық елдердегі мәдени ордалардан бір мысқал да кем емес.
Астананың мәдени имиджін қалыптастырудың жолы көп. Қазірге дейінгі жасалған жұмыстар соның бір парасы. Бұдан бұрын астана есімін асқақтататын қала атымен аталатын университет ашылса, оған әлемнің түпкір түпкірінен студенттер келіп оқыса, мәдени қаланың бет бейнесі одан сайын биіктей түсер еді деп талай жазылған. Қазір сол талапқа жауап беретін Назарбаев университеті бар. Бұл да астана атын асқақтатын дүние. Тағы бір жолы: Орталық Азия елдері арасында мәдени байланыс ортанып, соның қарашаңырағын астана қаласы етіп тұрақтандыруды қолға алу керек. Немесе жыл сайын түрік тілдес елдердің, Орталық Азия мемлекеттері театрларының байқауын өткізіп тұрсақ, Нұр Сұлтан қаласы өздігінен мәдени астана болар еді. Бұл Бас қаланың мәдени имиджін жасайтын идеялар...
Астананың мәдени бет бейнесін айқындайтын жобалар жыл сайын ұйымдастырылып, өткізіліп тұрады. Мысалы, «Астана күні» тұрақты түрде өтетін мерекеге айналды. Тұрғындар да бұл күнге бойлары үйреніп кеткен. «Астана күні» қарсаңында әртүрлі мәдени шаралар ұйымдастырылады. Ән кештері, театрлар арасында конкурс, КВН өнерпаздарының бәйгесі өтеді. Көрмелер ұйымдастырылып, қолөнер шеберлері арасында байқау болады. Ұлттық спорттан аламан бәйгелер ұйымдастырылып, «Алтын тұлпар» секілді ұлы бәйгелер өткізу дәстүрге айналды. Көкпардан, аудасыспақ пен қыз қуудан, теңге ілу мен жармақ атудан да үлкен жарыстар өтеді. Бұл жарыстардың басына қомақты жүлделер тағайындалған. Ұлттық спортан өтетін жарыстар Қазақстанның спорт имиджін қалыптастырып қана қоймай, мәдени бет бейнесінің де көрінісі. Өйткені, шетелдіктер Қазақстандағы ат спорттарын спорттық шарадан гөрі, мәдени дәстүр ретінде түсінеді. Шетелдерде Қазақстандағы сияқты 52 шақырымдық ұлы аламандар өтпейді. Көкпар да көшпенділердің ішінде қазақ пен қырғызға ғана тән ұлттық ойын. Теңге ілу мен садақ ату да қазақтың төл спорттық мәдениеті. Бұл ойындардың бәрі көшпенді мәдениетін көрсеткенімен, жыл сайын дәстүрлі түрде астана мәдениетін айқындайтын ойындарға айналды.
Бас қалада «Астана күнінен» басқа да мәдени жиындар көп. Мәселен, қазақ өнері мен мәдениетіне үлес қосқан азаматтардың мерейтойлары Елорда төрінде бастау алады да, одан ары басқа аймақтарда жалғасады. Журналистер арасындағы байқаулар да астанада өтеді. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып жататын «Үркер», «Тұмар» байқаулары соның дәлелі.
Астананың мәдени имиджін қалыптастыртын дүниелердің қатарына шаһар тарихынан сыр шертетін тарихи танымдық дерек дәйектерді жатқызуға болады. Атап айтсақ, Қоянды базары мен Қараөткел жәрмеңкесі – шаһар мәдениетін арыдан тартатын алтын арқауы іспетті. Ал тарихи маңызы бар сәулет нысандары мен ежелгі қалалар туралы жазылған материалдар Бас қаланың мәдени тарихын тым тереңге бойлатады. Оның ішінде өнер адамдары жайлы деректер бар. Нақтырақ айтсақ, Мәриям Жәгорқызы мен Шашубай Қошқарбайұлының осы өңірмен байланысы, Иса Байзақов пен Қажымұқан Мұңайтпасұлына қатысты тарихи деректердің тамыры астананың тарихына барып тіреледі.
Одан бөлек, астана қаласындағы көнеден қалған алтын көмбедей болған ескі ғимараттар туралы деректер бар. «Көпестің үйі», мен «Сәкен Сейфуллин мұражайын» айтайық. Осы жазылған деректердің бәрі астананің мәдени тарихынан сыр шертетін құнды дерек, тың жазбалар...
Елорда бірнеше жылдың ішінде әртүрлі өркениеттер мен бөгенайы бөлек діндерді бір арнаға тоғыстырған, татулық пен келісімнің қарашаңырағына айналып үлгерді. Тілі, ділі мен діні бөлек әлемнің барлық елінен келген дін ғұламалары астанада бас қосып, әлемдік геосаяси мәселелерді кеңінен талқылайды. Бұл да астананың мәдени имиджін қалыптастырып отырған дүниелер. Бұдан бөлек, Елорда төрінде тілі бөлек болғанымен тілегі бір, түрі бөлек болғанымен жүрегі бір жандардың жыл сайын басы қосылып тұратын дәстүр пайда болды. Қазақстан Халықтары Ассамблеясын айтып отырмыз. Бұл жай ғана басқосу, шертарқату емес. Бұл Қазақстандағы ұлтаралық мәселелерді сарапқа салатын, ұлтаралық татулықты нәсихаттайтын үлкен диалог алаңы. Бұл астана мәдениетін қалыптастырып келе жатқан имиджік жобалар.
Нұр Сұлтан қаласының мәдени және спорттық имиджін жасау жолында шаһар басшысы Алтай Көлгінов үнемі тың идеяларымен көзге түсіп жүреді. Ол қаланың әлеуметтік өмірінен бөлек, мәдени бет бейнесін жасау үшін мәдениет қызметкерлерінің жалақысы өскенін хабарлаған болатын жуырда. Алтай Көлгінов: «Қызметкерлердің еңбек жағдайын тұрақты әрі жүйелі түрде жақсартуды ары қарай жалғастырамыз. Мәселен, 1-маусымнан бастап әлеуметтік, мәдениет (кітапханалар, мұражайлар), спорт, жергілікті полиция қызметі және т.б. мамандарының жалақысы өсті. Осылайша, елорда мекемелерінде қызмет ететін 4 мыңға жуық маман қамтылды» — деді.
А.Көлгіновтың мәдениет қызметкерлері деп айтып отырғаны кітапхана мен мұражай қызметкерлері. Астана мәдениетін жасап отырған осы сала мамандары жалақасының өскені, әрине, дұрыс шешім. Мәдениетті жасап отырған адамдардың табысы қомақты болмаса, мәдениеттің бет бейнесі қалай кірсін?
Мәдениеті озық елдің әлем алдындағы бет бейнесі айқын болады. Қазақстан жас мемлекет, астана жас қала. Ендеше Қазақ елінің мәдени имиджі дегенде, алдымен астананың мәдени имиджін жасау тілге оралуы керек! Астана мәдениеті қазақ мәдениетінің алтын арқауы, күре тамыры болуы заңдылық!