Астананың симптомы Қарағандыға ойысты
Қарағанды қаласында халықты ауыз судан тежеу жиілеп кетті. Елді тіршілік нәрінен ажырату әдетте жазда белең алады.
Биыл да сол әдет жұртты әбігерге салып тұр. Шіліңгір ыстықта «Қарағанды су» ЖШС жөндеу жұмысын кідірудің орнына, керісінше, үдете түскендей.
– Аптап ыстықта сусыз қалу таза трагедия. Өткен аптада дәл осындай жағдайды бастан өткердім. Жұмыстан келе сала, жуынатын бөлмедегі шүмекті ашсам, су ақпайды. Сол күні тіршілік нәрі түн ортасында берілді. «Қарағанды су» бірнеше жылдан бері «құбырдан ақау шықты немесе жөндеу жұмыстары жүріп жатыр» деген сылтаумен мезі етіп келеді, – дейді Ермеков көшесінің тұрғыны Асылхан ақсақал.
– Көгілдір тоғандар ықшамауданында су тапшылығы жиі қайталанады. Ауладағы автоматтандырылған су қондырғылар қаусап тұр. Жалғыз біз емес, қаладағы көптеген тұрғын үйлер судан қағажу көріп жатыр. Бәрінен бұрын шөл қысқанда, бір құман су табылмайтыны қинап тұр, – дейді аталған ықшамауданның зейнеткер тұрғыны Нариман Науқанбай.
— Шыдамның да шегі бар! Қаланың орталығында су үнемі тоқтатылады. Бір айдың ішінде 20 авария болды. Шегі жоқ не ақау? «Қарағанды судың» ел мүддесін ескермеуі халықтың титығына тиюде. Жөндеу жұмыстарының нәтижесі мардымсыз. Қыста судың қысымы төмен, шүмектен су тамшылап ағады. Әлде бұл мердігер компания үшін ақша табудың айласы ма? – дейді қарағандылық Дина Сапар.
Облыс орталығында ауыз су сағаттап тоқтатылады. Жағдай бұлжымас күйінде қала берсе, онда тіршілік нәрі тапшы тауарға айналатын сыңайы бар. Қаладағы дүкендерде суға сұраныс артты. Оны сауда үйлеріне барғанда көріп жүрміз. Жаздың басында 5 литр ауыз судың бағасы 500 теңге тұрса, енді ол 550-570 теңгеге бір-ақ секірді.
— Су бағасы «зауыттық нан» құнынан екі жарым, үш есе қымбат тұрады. Кейбір шағын дүкендер судың құнын бұрынғыдан 50 теңгеге қымбаттатып қойды. Бұған судың мезгілсіз тоқтауы да себеп болса керек, – деп мәселені төтесінен қайырды қарағандылық Елеубай Елемес.
Қаланы ауыз сумен қамтамасыз ететін «Қарағанды су» ЖШС елдің шағымын елең қылмайды. Серіктестіктің мәлімдеуіне қарағанда кеншілер қаласының 1116 шақырымдық су құбырының 80 пайызы «ілдебайлап» тұр. Айтуларынша, қаусаған су желілерін жаңарту кезек күттірмейтін шаруа. Кәсіпорынның баспасөз қызметі бізге биыл 38 шақырым су желілері жаңартылатынын айтты. Осы мақсатқа серіктестік тариф қаржысы есебінен 333 млн 74 мың теңге бөлген.
Сайып келгенде, қарағандылықтарды судан ажырату Американың тарнада дауылындай елді әлекке салады. Қала әкімдігі қалыптасқан жағдайды шешуге қауқарсыз. Коммуналдық сала басшылары да түйткілді доғарудың ретін таппай отыр. Осы орайда халық қалаулылары не дейді?
— Бұл Қарағандыда 30 жыл бойы қордаланып келген проблеманың бірі. Қазір қалалық мәслихаттың депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері судың жиі тоқтатылуын талқыға салып жатыр. Бұған дейінгі су желілеріндегі жөндеулер көзбояушылықпен жасалған. 2017 жылы «Күнгей-3-тің» су құбырын жаңартуды міндетке алған «NS строй» компаниясының жұмысында кілтипан көп. Аталған жекеменшік фирмаға бюджеттен 1млрд 400 млн теңге бөлінген. Аталған серіктестіктің сол кездегі қаржы айналымын анықтау үшін құзырлы органдарға депутаттық сауал жолдадық. Халықтың есінде қалған болар, Серік Ахметов облыс әкімі болған тұста шаhардағы Абай мен Гоголь көшесіндегі су және жылу құбырларына сапалы жөндеу жасалды. Одан кейінгі инфрақұрылым желісіндегі жұмыстардың нәтижесіне кепілдік беру қиын, – дейді қалалық мәслихаттың депутаты Марат Түсіпов.
Қарағандыдағы қиындық ауыз судың мезгілсіз тоқтауымен бітпейді. Халық бірнеше жылдан бері ыстық суға зар боп отыр. Бұған дейін талай экс-әкімдер тұрғындарды тап «Мюнхгаузеннің хикаяларындағы» мысалдарға ұқсас желпіндіріп, «ыстық су әне-міне келеді» деп дәмелендіргені кәдік. «Үміт ең соңынан өледі» деген рас. Содан бері ел тежеусіз қиялдың символына елітумен келеді.