Астроном Қорқыт немесе пайғамбар ұрпақтары

… Неліктен
Жуық жұлдыз ұран бізге? Неліктен
Жыр арқауы – қыран түзде? Неліктен
Сұлулықтың асқақ бәрі?
Неліктен?
Жауап берер жырауды ізде!
О.Сүлейменов. «Адамға табын, жер еді...»
Әлемдегі алғашқы өркениет негізін қалаған шумер абыздары империяның әлеуетін сақтап қалу жайында көп ойлады. Ол кезде де бүгінгідей «кішігірім соғыстар» арқылы империялық амбицияны қанағаттандыруға болатын. Бірақ бұл өте қызықсыз еді. Сондықтан абыздар аспанға қарады. Аспан бізге өзгеріссіз жеткен ең ежелгі жәдігер екенін ұмытпаңыз. Өйткені шумерлер де осы біз көріп жүрген аспанға қарайтын. Осы аспан денелерін көретін.
Түнгі аспанды бақылай келе олар, бүкіл жұлдыздың белгіленіп берген траекториямен жүретінін анық білді. Ал бір жұлдыздың өзгеріссіз тұратынын аңдады. Бірақ осылардың ішінде мүлде логикаға сыйымсыз қозғалыс жасайтын жұлдыздар да болатын. Олар – күн жүйесіндегі планеталар еді. Анығында олардың да қозғалысы циклді. Тек жылдың әр мезгілінде, жерге жақындап, алыстауымен адасып қалғандай көрінді. Осы жұлдыздарды шумерлер әртүрлі Құдайлар деп білген. Өйткені тәртіп ішінде тәртіпсіздік жасау – құдірет иелеріне ғана бұйырған. Солар арқылы өздеріне жіберілген Тәңірлер сәлемін оқыды. Олар күн жүйесіндегі 5 планетаны анықтады. Олар – Набу (Меркурий), Иштар (Венера), Нергал (Марс), Мардук (Юпитер), Нинурта (Сатурн). Әр планетаға әртүрлі құдай есімдері берілген. Мысалы, бұл ғаламшарлар ішіндегі ең үлкен – Юпитер. Шумерлердің ең үлкен құдайы. Ал гректер ол жұлдызды – Зевс деп атаған. Ал Марстың қызыл түсіне қарай үш өркениет соғыс құдайларының атын береді. Гректерде Арес, Римде Марс. Барлығының астарында Шумер мифологиясы жатыр. Яғни бұл атау реті шумерден грекке, гректен римдіктерге ауысқан. Бұл 5 жұлдызға ежелгі өркениет Ай мен Күнді қосады. Ұзын саны жеті жұлдыз.
Осы шумерлермен қатар Тұран даласында бір ойшыл өмір сүрді. Оның есімін біз білмейміз. Одан жеткен сөз де, жыр да жоқ. Бірақ ол тас оюшы, мүсінші болғанға ұқсайды. Өйткені оның жасаған мүсіні – автопортрет болса керек. Б.з.д. мүсіндердің көбі Тәңіриелер, бал-балбардар ғой. Ал бұл өте ерекше. Ол аспанға қарап ойланып отырады. Музейлік есімі – «Тобыл ойшылы». Тобыл өзенінің бойынан табылған. Оның аспанға қараған көзқарасын әртүрлі түсінуге болады. Ол – Көктәңірін іздеген шығар. Бәлкім, Аспанға қарап, шумерлердей «тәртіпсіз жұлдыздарды» зерттеп отыр ма екен?! Әйтеуір оның аспанға қарап, Құдай жайлы ғана ойлағанына сенімім кәміл. Өйткені қазақ танымында да жеті планета туралы түсінік бар. Бұған Батыс Түрік қағанатының билейшімі Ышбара қағанның Сүй императорына жазған хатын делел етеді ғалым С.Қондыбай. Онда «адамдарды аспан жауып, жер көтеріп, жеті планета жарық түсіріп тұрады» делінген.
Тобыл ойшылының аспан денелерін зерттеп отырғанына тағы бір дәлел келтіруге болады: Қазақта да аспан денелері жайындағы мифтер көптеп кездеседі. Тіпті олардың ғылыми астары бар екенін де алға тарта аламын.
ЕСКІ ӨРКЕНИЕТ ЖҰРТЫНДА ҚАЛАҒАН
Адамның бір аты – ұмытушы. Уақыттың бір аты – тарих. Тарихқа тереңдесек, жылнамалар мен қыш, тас жазбаларға жетеміз. Одан ары тереңдесең, аңыздар шығады алдыңнан. Ал аңыздан ары кетсең, миф пен ертегі жатыр. Соңғы екеуі халықтың ескі танымына жол ашады. Адамның ұмытқан танымы осы ертегілер мен мифтерде жатыр.
Құдай жер дүниені жаратушы. Мұсылман қауымы ретінде осы гипотезаға қалтқысыз сенеміз. Десек те, ғылым басқаша сөйлейді. Осы ғылыми және діни түсініктер арасында қайшылық негізі жоқтың қасы. Тек сәл ғана келіспейтін тұстары болып жатады. Бұл шіркеу мен ғылым арасындағы ежелгі соғыстың нәтижесі. Қанша ғасыр шіркеу догмалық саясат ұстанып, кәрі құрлықтағы алхимиктер мен ғалымдарды сиқыршылар деп отқа өртеп, дарға асып, көзін жойған. Жә, бүгінгі әңгіме бұл емес.
Мәселе мынада.
Ғылым қоршаған әлемді Ұлы жарылыс негізінде пайда болды дейді.
Ислам дінінде бірінші пайғамбарымыздың нұры жаратылды. Сол нұрдан ғалам жаратылды делінген. Ал нұр жарылыстан таралатын жарық есепті дүние емес пе?
Ал «нұрдың» тіршілік бастауы турасында қазақ ертегілерінде көптеп кездеседі. «Байдың жалғыз перзенті, қызы болыпты. Оны ешкімге көрсетпей, күн көзіне де шығармай өсіреді екен. Бір күні ол жанындағылардан далада не бар екенін сұрап, жарықты көруге қашып шығады. Сол күннің нұрынан ішіне бала бітіпті». Қазақта Шыңғыс ханның бабалары туралы осындай ертегі бар. Мұндай аңыз Адайдың дүниеге келуі турасында да айтылады. Оған сенбестік болса, Иса пайғамбардың әкесіз, нұрдан жаратылуы қасиетті кітаптарда жазылған.
Ғалам шамамен 14 миллиард жыл бұрын пайда болды дейді ғылым.
Ал дінде Тәңір ғаламды алты күнде жаратты деген. Бірақ құдай дәргейіндегі уақыт пен адам дәргейіндегі уақытты салыстыру мүмкін еместігі Құраннан белгілі.
Яғни ғылым айтып жүргендей, ғаламның біздің есеппен ұзақ уақыт пайда болғанына дау тумауы тиіс және барлық процесс ғылым суреттегендей болуы да ғажап емес. Өйткені Тәңірдің кез келген мұғжизасының ғылыми астары бар делінген.
Сонымен ғаламның жаратылысы туралы ғылым мен дін бір-бірінен алыс емес. Бірақ адамның жаратылысына келгенде көп мәселе байқалады. Ғылым адамды эволюция негізінде пайда болды десе, дінде адамның балшықтан жасалып, жұмақтан қуылып барып жерге түскенін айтады. Мұны толық түсіндіріп беруге біздің қауқарымыз жете қоймайды. Бірақ дінге салсақ адам жаратылысынан ақылды, білімді болған. Он сегіз мың ғаламның тілін түсінген. Адам атаның баласы Ыдырыс пайғамбардың есімі «ДРС» түбірінен шығады. Яки – дәріс. Осы негізде академиялық ғылым мойындамаған тарихтың бастауы болар бір болжам бар. Оны ғылымға ағылшынның Джеймс Черчвард атты ғалымы енгізді.
Джеймс Черчвард пікірінше адам жұмақтағы қалпында жер бетіне ақылды кейіпте түсті. Солай ол дамыған, биік өркениет жасай алды. Автор өзінің «Му континаненті» атты еңбегінде осы теорияны алға тартады. Жойылып кеткен ежелгі Бабыл, Атлантида, Гиппербория өркениеттері осының дәлелі бола алатынын айтқан. Жалпы, мифологтардың көбі осы гипотезаға сүйенеді.
Өркениеттердің жойылып, қайта басынан басталуы қалыпты құбылыс. Өркениеттің соңғы жойылуы Нұх пайғамбар кезінде келгенін білесіз. Оның алдында да осындай апаттар болып тұрған. Т.Әсемқұлов «АҢЫЗ ЖАЙЫНДАҒЫ АҢЫЗ немесе ауызекi мәдениеттiң пайда болуы турасында бiр-екi толғам» атты мақаласынан бүгінгі мифтер мен ертегілердің алдыңғы өркениеттен жеткен әңгімелер екеніне көз жеткізе аламыз. Яғни миф пен ертегіде алдыңғы өркениеттің биік ақыл ойы мен ғылымы жасырын сақталған.
МИФТІК ЖҰМБАҚТАР
Әлемнің жаратылуы туралы мифтерді – космогониялық миф деп атайды. Мұндай мифтер қазақ сахарасында үш түрлі айтылады. Солардың ішіндегі мотив пен көркемдікке толысы бірінші сюжет.
Әлемді тұтас су басып жатқан кездер болатын. Сол судың бетінде малта, тас қалқып келеді. Оның сұлулығына тамсанған тәңір малта тасты қолына алса, бір жағы қызыл, екінші жағы мөлдір су секілді екенін аңғарып, ортасынан қақ жарады. Сонда тастың қызыл жағынан от, мөлдір жағынан су пайда болып, қосыла қайнаған. Одан көтерілген будан аспан, ал қайнап, тандыр болған қабыршықтан құрлық, яки жер пайда болды. Алғашында кішкентай ғана болған жер үлкейіп, құлауға айналғанда Тәңір тағала оны көк өгіздің мүйізіне қойған. Сосын аспанда Ай мен Күнді жасап, жер мен аспан арасын ашу үшін терек отырғызды. Сол терек өсе келе аспанды биіктетті.
Қазақтың мифтеріндегі мұсылмандықтан бұрынғы сарындарды жинай келе А.Тойшанұлы бұл мотивті мифке осындай сюжет береді.
Жер планетасы 4,5 млрд жыл бұрын пайда болған. Ол алғашқы кезде өте кішкентай болатын. Гравитация күші арқылы өзінен кішкентай ғарыштық объекттерді жинай бастады. Олардың ішінде комета, астереойдтар бар. Біздің ғаламшарға су осы комета, астероидтармен бірге келген. Жер беті вулкандарға толы және буланып, қайнап жататын.
Жердің пайда болуы турасында ғылым осылай дейді.
Мифпен ұқсас қой. Жердің кішкентай болып, кейіннен ауырлай бастауы; бірнеше заттың қосылып, қайнау процесі болғаны; сол қайнаудың нәтижесінде бұлттардың пайда болуы.
Былай келгенде қазақ мифі мен ғылыми тұжырымда да от пен су арасы суреттеледі. Миф сюжетін сәл толықтыратын болсақ: «Әлемді тұтас басып жатқан мұхит емес. «Мұхит» деп бабалар ғарыш кеңістігін атаса керек. Бұл туралы С. Қондабай «айдала» сөзін тарата келіп, оның мағынасы аспан мұхиты екенін дәлелдеп береді. Міне, сол ғарыш кеңістігінде малта тас қалқып келеді. Бірақ ол біреу ғана емес, бірнеше, тіпті миллиондаған тас болуы ықтимал. Тас – астереоид немесе кометалар. Солардың қосылысынан жер планетасы пайда болған».
Жердің көк өгіз мүйізіне қойылуының да біршама ғылыми негізі бар. Айта кетерлік жайт, мифте өгіз мүйізінің қандай екені айтылмайды. Біздіңше, өгіз ай мүйізді. Қазақ құрбандыққа ай мүйізді өгіз, ірі қара соятын болған. Ай мүйізді көзіңізге елестетсеңіз, кеңістікті түсіне аласыз. Эйнштейн ашқан жаңалықтың бірі – кеңістіктің түзу емес, қисық, қисық болғанда да қазан шұңқыр секілді екені. Ал екі ай тектес мүйіз ортасында қазан шұқыр болады ғой. Бүкіл әлемдік тартылыс заңын, планеталардың орбита бойымен қозғалысын кеңістіктің түзу емес, қазаншұқыр, яки аймүйіз секілділігімен түсіндіре аламыз. Яғни ХХ ғасырда ашылған ғылыми жаңалықтар қазақ мифтерінде жұмбақ қалпында жатқан болатын.
Қазақтың аспан денелері туралы мифтерінің ғарыштағы тәртіпті қозғалыс туралы айтары да мол.
«Жеті қарақшының басшысы Қыран қара атты қарақшы. Ол аспан аруы, бір деректерде күннің қызы Үлпілдекті айттырып, алмақшы болған. Бірақ Үлпілдек оған қалыңдық болуды қаламай, аспанның солтүстігіне қарай қашып кетті. Оның Сұлусары жүйрігіне Ақбозат және Көкбозат деген жүйріктер ғана жете алады. Олар Темірқазыққа арқандаулы. Жетіқарақшы сол екі тұлпарды торуылдайды. Егер ол аттарды ұрлап мінсе, жер бетінде ақырзаман болады».
Ертегі секілді. Бірақ космос деген сөзді ғарыш деп аударсақ, оның философиялық мағынасын үш сөзбен «тәртіп-рет-үйлесім» деген сөздермен аударады. Яғни ғарыш тәртіп пен реттілікке құрылған үйлесім. Осы тәртіп бұзылып, жетіқарақшы өз орбитасынан шыға басқа жұлдызға (мифтегі Ақбозат пен Көкбозатқа) соғылса не болмақ? Галактикалық қақтығыс болады. Қазақтың ақырзаман деп отырғаны– осы. Яғни ертегілік мотив астарына ғылыми тұжырымдар жасырынған.
Бір мифтерде Үркер 7 жұлдыз екен дейді. Ғылым оның 9 жұлдыз екенін дәлелдеген. Дегенмен ішіндегі бір жұлдыз көмескі. Бұл баяғы Жетіқарақшы алғысы келген Үлпілдек екен. Үркердің қызы. Үркердің алты жұлдызы осы Үлпілдекті қорғап жүр. Десе де ішіндегі ең көмескі жұлдыздың жарығы бәрінен күшті. Тіпті қалған алты жұлдыз сол Үлпілдектің жарығымен көзге көрініп тұр.
Географияның әліппесімен таныс әрбір адам ғаламшарлардың өзінен жарық шығара алмайтынын біледі. Олар галактикадағы жұлдыздың (күн секілді) жарығымен шағылысып жарқырайды. Қазақ мифінде Үлпілдектің жарық шашатын жұлдыз, басқа алтауы соның жарығына шағылысқан ғаламшарлар екенін айтып отыр.
Жалпы, қазақ мифтерінде жұлдыздар адам кейпінде суреттеліп, олардың бір-бірімен соқтығысуы қиямет-қайымға апарары туралы көп айтылады. Бұл ежелгі бабалардың аспан денелерінің өте үйлесімді тәртіпте қозғалатынын, олардың біреуі орбитасынан шығып кетер болса, үлкен қауіпке әкеп соғатынын меңзегендей көрінеді.
Осы тұста ғылыми анықтамалық үшін жазып кетуіміз керек. Мұндай мотивтер грек және шумер мифтерінде де көптеп кездеседі. Гректің шумерден шыққанын айттық. Бірақ қазақ мифологиясында құдайлар, тәңіриелердің жұлдыздарға қатысы жоқ. Қақтығыстар қарақшылар, патшалар мен сұлу қыздар арасында жүріп жатады. Екі түрлі жол бар: түркілер шумерден жеткен мифтерді өзіне сай интерпретациялады немесе түркінің өзіндік астрономиясы қалыптасқан.
«Күн жүйесінің кішірейтілген моделі түркілердің қолында болды» дейді Ә.Балқыбек. Ол Тандыр пешін айтып отыр. Көзіңізге елестетіп көріңізші, ортада жанған от, айналасына жапсырылған дөңгелек күлшелер. Бұл күн жүйесінің ғана емес, әрбір галактиканың моделі. Яғни ортада күн тектес алып жұлдыз болады. Сол жұлдыздың айналасына өзге ғаламшарлар топтасқан.
Әртүрлі тарихи кезеңдерден өтіп, дінмен араласып, бірі – ұмытқалып, бірі – түлеп, мифтер бізге осындай ертегі қалыпта жетіп отыр. Бірақ олардың астарына үңілсек, ғылыми жаңалықтарға тап боламыз. Сонда бұл арғы өркениеттен жеткен ғылыми теориялар болмағанда не болды?
АСТРОНОМ ҚОРҚЫТ
Адам алғаш ғарышқа ұшқан Байқоңыр айлағы Сырдарияның бойында. Мифолог ғалым З.Наурызбаева бұл жердің ғарыш айлағы ретінде таңдалуы тегін емес деген тұжырым жасайды. Ғалым Сырдарияның төменгі ағысындағы топонимдерді зерттей келіп, олардың барлығы космоспен байланысын ашып берген.
Сырдария өзенінің атауы этимологиясы туралы көп болжам бар. Бірақ дария атауының түпкі мағынасын ашу үшін дискуссияға барғанымыз жөн дейді ғалым. Қазақта «қыр» және «сыр» бір-біріне қарсы ұғым ретінде қолданылады. «Қыр» деп қазақ даланы, үстіртті айтады. Бұл атау Сарыарқа даласына қарата айтылады көбіне. Ал сыр дария бойы. Яки – ойлы жер. Бабаларымыз жаз жайлауда жүріп, қыстау үшін осы дария маңына көшіп отырған. Қазақта «сегіз қырлы, бір сырлы» деген деген сөз бар. Осы сөз арқылы дарияның атауына келер болсақ, Сыр орталық, яғни Инь.
Сырдарияның жер кіндігі екені Қорқыт туралы мифтерде де айтылады. Қорқыт әлемнің төрт бұрышын кезіп келіп, жер кіндігіне оралады. Ол өлімнен осы жерде қашып құтылуды ойласа керек. Өйткені жер кіндігінде уақыт тоқтайды. Ал уақыт тоқтағанда, мәңгілік өмір сүруге болады. Сонымен қатар жер кіндігі түркілік түсініктегі жер асты, жер үсті және аспанмен еркін байланысқа түсе алатын орын саналған.
Қазіргі Қорқыт кесенесінің маңайында «Ақсақ қыздың» мазары бар. Аңыз бойынша серуен құрған қырық қыз қобыз дауысына елтіп, іздеп жүре берген. Оған аяғы ақсап, жалғыз жетеді. Сол Қорқыттың жары болған. Бұл аңыз Үркер жұлдызы туралы мифтің ауысқан нұсқасы секілді. Өйткені Үркер қорғауына кейбір мифте 7, 9 немесе 40 қыз барғанын, оның ішіндегі біреуі ұрланып кеткені туралы айтылады. Осы мифпен Қорқыт туралы мифті байланыстырсақ, Сырдария Құс жолы секілді. Ал Қорқыттың су бетіне төсеп отырған түйе терісі Құс жолындағы бір тыныштық аралы деген тұжырым жасайды З.Наурызбаева.
Біз бұл түсінікті тереңдетер болсақ, Қорқыт ғарыш кеңістігіндегі Қара құрдым деген тұжырым жасауға болады. Яғни энергияға толы нүкте.
Байқоңырдың бұрынғы аты «Төретам». Байқоңыр Кеңес өкіметінің шпиондарды алдау үшін қойған аты. Төретам аңызында, бұл жерге Шыңғыс тұқымы «төренің» жерленгені туралы айтылған. Бірақ төре жерленген жердің бәрін осылай атасақ, қазақ даласында мұндай жерлер көп болушы еді. Ал ол біреу-ақ. Яғни оның мағынасын, этимологиясын басқа жақтан іздеу керек. «Төр» сөзі ескі түрік тілінде Құс жолы, жол, билік, өмір ағашы деген мағына береді. Ал «там» сөзі орталық сөзімен байланысты. Төретам – үш әлемді байланыстыратын орталық болып шығады.
Ғалымның болжамдарын оқи келіп, Байқоңыр айлағындағы бір аңыз еріксіз еске түседі. Осы айлақта мал бағып жүрген шопан қоржынын аспанға лақтырғанда кері түспей қалыпты делінетін ол аңызда. Осы деректердің барлығын салыстыра келгенде Байқоңырдың қазіргі тұрған төңірегінен ғарышқа қадам басарымыз ежелден белгілі болғандай көрінеді.
* * *
Осылай бізге бабалар білімі миф, аңыз, ертегі болып жетті. Оны ұмытқанбыз. Өйткені біздің бір атымыз – ұмытушы ғой. Соңғы сауал арқылы мақаламыздың бастауына қайта ораламыз.
Біз неге ғарышқа сонша құмармыз? Ол жақта нендей тылсым бар?
Ғалам пайғамбар нұрынан жаратылды дедік. Адам атаға да сол пайғамбар нұры берілген. Ал адамзат Адам атаның ұрпағы болса – біріншіден, бүкіл адам пайғамбар баласы, екіншіден, баршамыздың бойымызда пайғамбар нұрының сарқыншағы бар. Тіпті ғалам сол нұрдан тұрады. Ал ғарышқа ұмтылуымыз сол тегі бір туыстығымыздан шығар. Бәлкім, нұр шашылған барша ғалам біз үшін жат емес.