Асу Алмабаев жеңіліп қалған Бекзат Алмаханды қолдауға шақырды
Қазақстандық UFC жауынгері Асу Алмабаев Дохада (Катар) өткен UFC Fight Night турниріндегі жеңісінен кейінгі баспасөз мәслихатында осы кеште жеңіліп қалған Бекзат Алмаханды қолдауға шақырды.
"Бекзаттың жекпе-жегі менің көз алдымда өтті, сондықтан көңіл-күйім түсіп кетті. Әрбір киім ауыстыратын бөлмеде телевизор бар, тіпті көргім келмесе де, кейде еріксіз экранға қарап қалдым. Қалай болғанда да, ол – менің бауырым. Қолдау керек, біз дәл осындай сәтте дем бермесек, қашан қолдаймыз? Осы жерге келу, октагонға шығудың өзі үлкен батылдықты талап етеді.
Біз өзімізді «қазақтар – көшпенді халық» деп айтамыз. Әр дивизионда бірнеше қазақ болғаны дұрыс. Бірақ қазір біз көшпенді елден гөрі өсек айтатын халыққа айналып бара жатқан сияқтымыз. Басқа ұлттарға қарасаң, әр салмақта мықты қарсыластары бар, ал UFC-де бар болғаны екі-үш қазақ қана, соның өзінде біз оларды аяусыз сынаймыз, - деді Алмабаев.
Айта кетейік, Асу Алмабаев Дохада (Катар) өткен UFC Fight Night 265 турнирінде америкалық тәжірибелі спортшы, бұрынғы титулға үміткер Алекс Пересті қылғындыру әдісімен жеңді.
Осылайша Асу Алмабаев кәсіби ММА мансабындағы 23-жеңісіне қол жеткізді. Ал Алекс Перес үшін бұл 10-шы жеңіліс болды.
Сонымен қатар осы турнирден Бекзат Алмахан төрешілер шешімімен Александр Топуриядан жеңіліп қалды.