Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:03, 11 Шілде 2023

Асыл тұқымды мал өсіру үшін мықты шыдам керек...

None
None

Бүгінде елімізде мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көріп, шаруасын дөңгелетіп отырған кәсіп иелері баршылық.

Олардың арасында жастардың болуы тіптен қуантады. Бүгін біз сондай жас кәсіпкерлердің бірі Жантас Бозанбаймен тілдесіп көрдік:

— Жантас, жастардың барлығы  қалаға кетіп жатқанда сен неге ауылды қалуды жөн көрдің? Мал шаруашылығымен айналысуға не себеп?

— Негізінде, мен де басқа балалар тәрізді мамандық игеріп жүрмін. Мамандығым өрт сөндіруші.  Жоғары білім алып жатырмын. Қосымша мал шаруашылығымен айналысуды жөн көрдім. Қазір мемлекеттен бөлінетін гранттар бар, жеңілдіктер бар. Соны оқып, зерттеп жасым  жиырмаға енді келсе де осы салада бағымды сынауды шештім.  Ата кәсіп өзіме таңсық емес. Бала көзден мал бағып өстік.  Осыдан тура екі жыл бұрын елге Канададан асылтұқымды абердин-ангус ірі қара мал тұқымы келіп жатқан болатын. Сұрастыра бастадым. Ангус сиыр тұқымдарының ішіндегі өте сапалы ет беретін тұқым екен. Салмағы ауыр, егер бұқасын бордақылаған жағдайда, етті салмағы 700-800 кг-ға дейін жетеді екен. Үкіметтен «Бизнес бастау» бағдарламасы бойынша  5 млн теңге шамасында несие алып, Қордайдан 20 бас сиырды сатып алып, мал шаруашылығымен айналыса бастадым. Қазір малды бордақылап, етті базарға өткіземін. Табыс жаман емес.

— Білесің, кезінде Автралиядан асыл тұқымды қойлар әкелдік. Тіпті оларды арнайы ұшақпен алдырған кездер де болды.  Бірақ сол асыл тұқымды қойлар біздің климатты жерсіне қоймады. Ал ангус ше? Климатқа бірден бейімделді ме?

— Иә, бастапқыда ангустың  суық климатқа бейімделуі оңай болған жоқ. Малдар ауырып, ем дом жасауға тура келді Ең қызығы, біздің малдарды өріске жібересің ғой. Ал бұлар өріске жайылмайды екен. Қорада, арнайы базда көлеңкелі жерде жемдеу керек. Менің бір досым Канадаға барған кезде ондағы мал бордақылау орындарын көріп таң қалып келген. Олардың мал бордақылау кешендері өте үлкен, ауасын тазартып отыратын арнайы қондырғылар бар. Жем шөптері мүлде басқа екен.  Сондай жайлы кешенде бордақыланған ангусқа біздің Қазақстанның ортасына бейімделу оңай болған жоқ.  Өрісте бұлар басқа малға ілесе алмайды. Табынға қоса алмайсың.  Етті, сүтті мал болғанымен, тез аурушаң. Сиырдың өзінде қырық түрлі ауру бар. Жақсы азықтандырып, күтіп баптамасаң ангус ауруға өте бейім. Сондықтан алдымен күтіп баптауды үйрендік. Жалпы, асыл тұқымды мал өсіру үшін мықты шыдам керек.  Сонда ғана нәтиже болады. Мен кезінде Аргентинадан, Австралиядан әкелген қойлардың неліктен елді жерсінбегенін енді ұғып жүрмін. Өйткені оларды біздің шаруалар күтіп баптай алмаған.

— Қазір асыл тұқымды малдардың өзін емес эмброндарын әкеліп жергілікті малдарға шағылыстыру керек, содан өсіп өндірген дұрыс дейтін пікірлер бар. Мұнымен келісесіз бе?

— Эмбриондар жағын зерттемедім. Бірақ өзі басым бұдан тұқым таза болмайды деп ойлаймын. Себебі ондай будандастырудан таза асыл тұқымды мал алу оңай емес. Ол шатасады.

— Жалпы, осы кәсіпте несие алуда қандай қиындықтармен бетпе-бет келдіңіз?

— Несие алуда ең бастысы уақыт. Бізде бұл мәселелер алты айдың көлемінде шешілсе, көршілес елдерде бір айдың көлемінде шешіледі екен. Үкіметтен берілген субсидияны, дотацияны алу үшін де шыдам керек.  Үкіметтің ауыл шаруашылығына, мал шаруашылығына қатысты жүзеге асырып жатқан шаралар көп. Бірақ соны жастар біле бермейді.  Осы жағынан насихат керек деп ойлаймын. Арнайы жастар орталығы ашылып, кәсіппен айналысамын дегендер қолдау кеңестер берілсе игі болар еді. Ең негізгісі, жастарды аудандық мәслихаттарға тарту қажет деп санаймын. Сол жерде жастардың мәселесі жергілікті әкімдерге уақытылы жеткізіліп отырса жөн болар еді. Сонда біздің жастарымыз қабылданып жатқан бағдарламаларды тыс қалмас еді. Мемлекеттік гранттардың  жастардың қолына жетуі жеңілдер еді. Бізде көп мүмкіндіктер бар. Бизнес жоспарды сауатты дайындауды үйренсе жастар бірқатар дүниелерге қол жеткізер еді.

— Демек жастардың көбі бизнес жоспарды даярлауды білмейді дейсің ғой…

— Иә, жастардың басым бөлігі бизнес-жоспар даярдауды білмейді. Ізденбейді.  Мен ангусты өсіруге қатысты бизнес-жоспарды алты ай дайындадым. Оның өтуін алты ай тостым.  Осындай табандылыққа жастар шыдамайды.  Қалаға барып біреуге жалданып жұмыс істегеннен гөрі осылай өз бизнесімді ашып алғаныма қазір қуанамын.  Сондықтан өзімнің қатарластарыма ізденіңдер деймін. Біздегі грант пен несие алудағы ең бір қиыны сенің есепшотыңда 2 млн жату керек. Одан кейін техникаң болуы керек. Әрине, бұл жағынан маған ата-анам қолдау берді. Үкімет осы жағын жеңілдетсе жақсы болар еді.  Өзі бизнесті енді бастаған адамда техника қайдан болсын, екі млн теңге табу да оңай емес. Сондықтан келешекте жастарға арналған гранттар беруде осы жайттар  жеңілдетілсе деймін. Ал былай «Сыбаға» бағдарламасы,  «Бизнес бастау» бағдарламаларының беретін көп мүмкіндіктері бар. 

— Басында 20 бас ангус алдым дедіңіз. Қазір мал басы көбейді ме?

— (Күліп)… Қазақ өзі қорасындағы малы мен  үйіндегі баласының санын айтпайды ғой. Мен нағыз ауылда өскен баламын. Сондықтан малымның санын жария етпейін. Бірақ шүкір табыс бар. Енді болашақта қазақи Алатау тұқымды мал басын өсірсем деп отырмын. Қазір сол мақсаттың жолында жұмыс істеп жатырмын.

— Мамандығым өрт сөндіруші деп қалдың. Бизенсің дүрілдесе, мамандығыңды тастап кетпейсің бе?!

— Жоқ. Бұл салада да қызмет ету ойымда бар. Өзім еңбектеніп мемлекеттік грантын ұтып алып түскеннен кейін Жоғары оқу орнын тәмамдау керек деп  ойлаймын.

Тегтер: