Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ. Ай астындағы жалғыз

26.10.2018, 20:39

4

АЙ АСТЫНДАҒЫ ЖАЛҒЫЗәңгіме[caption id=«attachment_19194» align=«alignnone» width=«300»]Автор А.ҚУАНЫШҰЛЫ[/caption]«Екеуміз шынайы өмірде жолықпайықшы». Сатыбалды дәл осы сөйлемді тез жазғанымен, жіберуге қолы бармай біраз отырды. Көңілсіз қалпы оның әлеуметтік желідегі парақшасына өзі сынды он адамның жазуы мүмкін екенін ойлады. Құдай ақы, Сатыбалды кішкене кезінен көкірегіндегі кесек еттің көгілдір ғаламның күллі құбылысына тәуелді екенін сезетін, есейе келе ілкідегі ойының ессіздеу еркеліктен туғанын, оған әлем емес, мейірім керек болғанын, адам баласы өз жанарының шарасына уақытша тұтқын екенін түйсінді. Енді мұнысы не, көкжиегі көрінбейтін өмірді көңілімен тарылтып отырғаны қалай, әйдік әлем алақандай ғана ұялы телефонның ішіне тығылып қалған секілді, бір хабарламаны жолдаудан неге қорқып отыр? Бір-екі рет хәл сұрасқаны, жазбаларын оқып жылы лебізін білдіргені болмаса, Айданамен анау айтқандай көп те хат алыспаған. Қызық үшін «сүйем» деп жазып көрді. Шынымен-ақ қызық болды, ол да бұны сүйеді екен. «Сүйеді екен» деген жай ғана сөз, тіпті экранның бергі жағынан Сатыбалдымен сөйлесу үшін үй ішіне қалай ұрысып тастағанын өз құлағымен естіді. Енді мынау, арада екі апта өтпей жатып «бәрін ұмытайық» дейді. Өмірінде естіп көрмеген сөздеріңді көзіңмен оқып, жүрегіңмен сезінсең, қалай ұмытарсың? Айдананың мұнысы не, аяулы сезімдерін аяусыз аяққа таптағаны ма? Екі апта бойы күн-түн демей жазысқанын, балмұздақ смайликтерінен оюлап экран бетінде есімін жазғанын ше – бәрін-бәрін қалай тәрк етпек? Жақсы, ұмыта қойсын, бірақ көшеде көріп қалса қандай күй кешпек? Сан-сапат сұрақтармен өрілген ой шідерін төрт сөзден тұратын бір сөйлеммен шешті ақыры. «Бәлду-бәлду бәрі өтірік» дейді іштей, шешесінің кәлимадай қайталай берер тәмсілінің түп төркінін ұққандай боп. Сағат тағы да тілін шығарды. Түнгі он бір болғанын, ертең басын көтере алмай оянатынын, ал өзіне бәрібір екенін бетіне басқандағы түрі де. Сатыбалды орнынан құлықсыз тұрды да, балмұздақ бейнелі сағаттың батареясын алып тастады. «Балмұздақты» құшақтап жатып, терезені нысанаға алып көз-жебесін атты. Туғалы түн баласы жалғыз қалдырмаған жартыкеш айға қарады телміріп.– Ай, бір саптыаяқ нұр құйып берші!..* * *Арманынан қиялы басым мына бала мені өзінің құрдасы деп ойлайды-ау әлі. Он сегіз мың ғаламмен тете екенімді қайдан білсін, әйтеуір, осыдан он алты жыл бұрын аудан орталығындағы жалғыз перзентхананың терезесінен көрді. «Құйттай ғана нәрсе» көне ғасырдың куәгері, әкесі Арыстанбек пен шешесі Дидаргүлдің де махаббатына қанық екенін ұмытып кете береді. Есімде, Сатыбалды дүниеге келген күн Арыстанбектің аузынан сары көбелек ұшып шығып, менен әлдеқайда биікке көтеріліп бара жатқан. Шашы қақ жарылып сұмдайрығына түсіп тұратын, қой көзді, бидай өңді, қыр мұрын жігіттің ықшамдау денесіне Дидаргүлдің мөлт-мөлт еткен моншағы жауған күн де есімде. Қалай ұмытайын, енесі мен қайын ағасының баласы екеуіне аларып қарағанын көріп жүзімдегі әжімдер тереңдей түскен. Содан бері әр түн сайын осы баланың маңдайын сәулеммен сипап келем. Дидаргүл ененің тепкісі мен қайны ағаның қақпайына сегіз жыл шыдады. Онысы – Сатыбалды жетім қозының күйін кешпесін, туғандарынан тамыр үзіп қалмасын дегені еді. Күн кетер, ай асар, жыл жылжыр, өмір өзгерер, уақыт бәрібір жүректерін жібітер, Арыстанбектің сарқытын бұлай өгейсітуін қояр деген сенімін Қалыбек бір күнде тас-талқан етті. Қас қарайғанша көшенің қарын тазалап, жезтырнақ-аязға бетін шымшытып үйге келгенінде, Сатыбалды көңіліндегі күллі кірбіңді кекілімен сүртіп тастаушы еді. Бүгінгі күн әдеттегідей болмады, ешкім қарсы алдынан қос жанары жәудіреп келіп жүзіндегі қырауды жұпарымен ерітпеді. Секем алған күйі босағадан аттай бере Қалыбектің бүк түсіп, енесі оның жеті атасын зәузатымен қосып түгендеп қарғап-сілеп жатқанын көрді. Үшеуінің де ойына «Арыстанбек тірі болса, бүгін отыз бесін толтырар еді-ау» деген сөз кіріп-шықпады. Есесіне Сатыбалды бұл күнді асыға күткен-тін. Сырттан түнеріп келген Қалыбекке жақындағанында осыны ескертпек еді, ұрысып жіберді. Жай айқайламады, «қазанға ортақтаспай кетіңдер шешең екеуің», – деді. Анасы келгенше шыдай алмаған Сатыбалдының қорыққаны сонша, киімін киер-киместен қос өкпесін қолына алып үйден жүгіріп шығып кетті. Жалғандағы жаңғыз серігі жан-жарына да жымиып қарамайтын көкайыл қатындай қабағы қалың қыс ләм-мим деуге мүмкіндік беретін емес, үйді-үйді аралап жүріп әрең тапты баласын. Қолдарына бір-бір қалтасын ұстап сол түні Алматыға жол тартты. Иә, ендігі өмірлері де әдеттегіше өтпейтінін екеуі де сезген… Қалаға жеткенінше жолдарына шам жағып көкте тұрдым да, таң атысымен ұйқыға кеттім…* * *Мезгіл мең-зең қылған Күнді қаланың айқай-шуы шошытып оятты. Тәтті ұйқысын қимаған Күн көкке көтерілгісі жоқ, біреу қинап әкетіп бара жатқандай долданғаннан қызарып кеткен. Көктегінің өзін тыныш жатқызбаған шаһардың шуылы Сатыбалдыға әсер етпей қойсын ба, ыңыранып барып төсегінен амалсыз тұрды. Ұялы телефонына үңіле бергені сол еді, Айдананың жауап орнына жалғыз-ақ нүкте жібергенін көріп, бүкіл әлемнің қайғысын көкірегіне өңгеріп ала қойды. Оның жеке парақшасын ашып, сүгіреттерін бірінен соң бірін көре бастады. Мына бір сүгіреттегі толған айдай толықсыған сарғыш өңінің сәнін келтіре киген қызғылт күртешесі, жалаң аяғына жарасымды қарғатұмсық тақалы аппақ топылайы, тақтайдай Үстірттің бойында сағындырып жолығатын, біреулер адыр, енді бірі төбе деп жүрген обаларды еске салатын қысқа белдемшесін көтеріңкіреп тұрған жері – осының барлығы, Сатыбалдының ойына өзі әлі шын есімін білмейтін әртіс қызды оралтты. Бала махаббат аңсарыңды кімге ауғызбас, бұл да бір кісідей ғашық болды. Онда да кімге! Анау атақты телесериалдағы басты кейіпкерге! Анасы «осылар сериал көріп отырып не ішіп-жегендерін байқамай қалсын» дей ме, әлде «тамақты тыныш қана жеу керек» деген көне қағидатты қатты ұстана ма, анығын Алла біледі, әйтеуір кешкі ас төртбұрышты кеңістіктің ішіндегі оқиғаларды тамашалаумен ішілетін. Арманында алқалы жұрттың бағы бар аймаңдай ару Сатыбалдының көз қуанышына айналған. Бала Мәжнүн сол сылқым бейнеленген жапсырмалар мен сүгіреттерді жинауды сүйікті ісіне айналдырып үлгерген уағында Алматыға амалсыз көшті. Күздің күрең шағы еді. Сабақтан тараған соң еңселі ғимараттарға есі кетіп жүріп аялдамадан адасып қалды. Адасуы да орынды, көшедегі ығы-жығы денелер қай жерде не бар екенін көруге мұрсат беретін емес. Жерді көруге мүмкіндік жоқ екенін біліп, төбеге қарады. Адамдар қалып, ғимараттар бой салыстыруға көшкен секілді, ішінде қыбыр еткен тірі жан болмаса да, айналасына қабақ шыта, менсінбей қарайды. Сатыбалды жасылға боялған мың терезелі, ми формасына ұқсатып салынған зәулім сарайдың ең жоғарғы қабатындағы жазуды оқимын деп шалқасынан құлауға шақ қалды. Мұндай биіктікке қараудан меселі қайтып қалды білем, киімдердің ішінде жүрген денелерге қайта назар салды. «Адамның адамдығы – жүзінде» деген аталы сөздің бұл жерге қатысы жоқ, себебі – тұрқы түрлі, сұры бір. Бар кәлләда – бір қиял. Әр дорбада – көп ақша. Қалың нөпірден жалыққан ол отқа ұмтылған денесіз аттың басы ғана сомдалған мүсінге қарай қойып кетті. Дегенмен мүсінге қарай қадам жасаған сайын көлеңкесі аяғына оралып, адым ашқызбауға әрекеттеніп бағуда. Өзінен-өзі қорыққан Сатыбалды тас жұмулы жанарын ескерткіштің алдына барғанда ғана ашты. Содан соң қаша жөнеліп, аялдаманы қалай тапқанын; үйіне қалай жетіп, бөлмесіндегі қайсысы қай жерде тұрғаны белгісіз суреттер мен жапсырмалардың бірін қалдырмай сыртқа алып шығып, аулада лаулаған алауға қарап отырып қанша уақыт жылағанын кейін есіне түсіре алмады. Мүсіннің қапталында еріндерінің желімін еріте алмай қиналып, қара терге түсіп жатқан қыз бен жігітті көргенін ғана біледі. Толған айдай толықсыған сарғыш өңінің сәнін келтіре киген қызғылт күртешесі, жалаң аяғына жарасымды қарғатұмсық тақалы аппақ топылайы, тақтайдай Үстірттің бойында сағындырып жолығатын, біреулер адыр, енді бірі төбе деп жүрген обаларды еске салатын қысқа белдемшесін көтеріңкіреп тұрған жері – осының барлығы әлгі мүсіннің жанындағы қызды, сәби сезіммен сүйген мөлдір ғашығын, атақты әртіс қызды есіне салды. Бойында сағыныш самалы жүгіріп өткендей болған, сөйтсе ол ашық қалған терезеден ұрған леп екен. «Балмұздақты» орнына іліп қойды да, терезені жауып, ас үйге кірді.– Ұйқың қанды ма, балам? – деді, Дидаргүл қос жанардан нұр тамып.– Аздап.– Шәйіңді жақсылап ішіп ал да, орталық мешіттегі Құлбай қариға сәлемімді жеткізші. Сенің оныншы сыныпқа өткенің бар, әкеңе, әжеңе, дұға бағыштайтынымыз бар, алдағы бастар жаңа өміріміз бар – үйге кеп құран оқып кетсін. Жолымыз ашылып қалар…Ұзын-сонар әңгіменің шетін шығарып тұрғанын бірден түсінген Сатыбалды:– Тағы бастағалы жатсыз ба?– Жоқ, балам, сен түсінші… – сәл кібіртіктеп барып сөзін қайта жалғады. – Ерте ме, кеш пе жаңа өмір бастаймыз… Құдай әрбір пендесін…– Иә-иә, «жұп-жұп қып жаратты»; «біреуге біреу себепші». Тағы да қандай ертегілеріңіз бар еді өзі!? «Әмеңгерлік – бұрынғылардан қалған дәстүр...» Жақсы, солай-ақ болсын. Онда айтыңызшы, мама, сіз жұмақ деп айдар таққан Hаppylon-да Арыстанбекпен тұрасыз ба, әлде Қалыбекпен бе?.. Ойланып әуре болмай-ақ қойыңыз, ол жақта да бұрышта жатқан жерімізден орталық жаққа көшерміз де, Қалыбек тентіреп қалған кезінде інімнің баласының жетімсіреп жүргені жаныма батады деп зар еңіреп, мүләйімсіп өзі-ақ келер (бұрындары өзінің қуып шыққанын ұмытып қалады, әрине).– Тарт тіліңді!– Кешір, мама, әзір тарта алмаймын. Қалай тартам, анау Құлбай «қариыңыз» кезінде әкем екеуіңіздің некеңізді қиды дейтінсіз, он жеті жылдан соң ұялмай-қызармай оның туған ағасымен некеңізді тағы қимақ па? Не деген сорақылық! Асылы, Құл-қари некелеріңізді Құдай басқа іспен әуре боп жатқанда байқатпай қиып жіберген болуы керек, әйтпесе Көктегі кісі жұбыңыз қып Қалыбекті дайындап отырмап па еді?– Көнсең де – осы, көнбесең де – осы. Жаным-ау, мен сен үшін бар қиындыққа шыдап келдім ғой. Арыстанбек те бауырының қартайғанда қатынсыз, ұрпақсыз қалғанын қаламай, тумаларының тұтасқанын көргісі кеп жатқан шығар ана жақта. Тым болмағанда сол үшін көнуің керек, балам. Сен өсерсің, әйел аларсың әлі. Мен алжыған кемпір боламын. Сол кезде көмусіз қалдырасың-ау мына түріңмен. Ә-әй, шәй да ішпей-ақ қой, молданы шақырып келші. Сені де үшкіріп берсін. Жын буайын деген бе, не өзі!Сатыбалды терісіне сыймай пәтердің есігін тарс жауып шығып кетті, тысқа бастар баспалдақтар төменге сүйрейді. Подьездің алдына шығып сегізінші қабаттағы өз үйінің самалдығына қарады. Жарты айлы тамнан келген соң, сол баяғы қап-қара қалың қабағын ашпаған күйі Қалыбек қарсы алып «Қазанға ортақтаспай, кет үйден» десе, қалай жауап қатар? «Бұрыңғы көкем – қазіргі әкем, екі-ақ жыл тұруға рұқсат берші» дей ме? Шіркін, он сегізге толып алар ма еді, өз күнін өзі көретін. Тым болмаса, ешкімнен қысылмастан темекісін шегіп тұрып еркектің әңгімесін айтарға. Алматы-Ойдың көшелерін кезіп жүріп ақтамақ шылымның ернінен қалай сүйіп алғанын байқамай қалды. Таңдайға татыған ерекше дәм мен буын-буынының босап сала бергені ғана көңіліне жұбаныш болғандай. Сол жақ жанқалтасынан түспейтін Арыстанбектің сүгіретін қолына алған күйі, өз ойынан өзі қорқып кемсең қақты. Мүмкін, бұның шын әкесі – Арыстанбек емес, Қалыбек болса ше – онда қайтпек? Алдыңғы қыста сыныптасы әкесінің сүгіретін көрсетіп, түрінің аумайтындығын мақтан қылғанда, бұл жер шұқып қалмап па еді? Шынымен солай болса..?Отыз екінші нөмірлі автобустан түсер-түспестен көзі көк күмбезді, биік мұнаралы ғимаратқа түсті. Аяңдап алдына келді. Туғалы мешіт атаулыға кірмеген Сатыбалды анасын тұрмысқа беру үшін келгенін ойлап бір күліп алды. Дегенмен жат планетаға тап болғандай елегізіп, өңшең қабағы қатулы, қысқа шалбарлы еркектер мен жібі түзу киімі жоқ, болғанның өзінде пошта жешігіне қатты еліктеп киінген қыздарға (мүмкін әйелдерге) ерекше бауырмал сезіммен қарады. Иә, Сатыбалды қалаға алғаш келген жылдары қысқарып қалған шалбарды шамдана киетін еді. Дидаргүл де жыртығына жамау таппаған соң орана салатын. Жоқтық не істетпейді?! Қайғы жандарды жақындастырады ғой. Қайткенмен, қырықты алқымдаған жігіт ағаларының бұлай жүруі жанына батудай-ақ батты. Бұл да ештеңе емес, мешіт ауласына кіреберісте мектеп жасына да жетпеген бүлдіршіннің жайған алақаны, жәудір жанарына да қаратқызбайтын неткен жоқшылық деп ойлады ол. Жолақысына сақтаған сексен теңгесін бала алдындағы қорапшаға тастап жатқанында біреу жанынан жөткірініп өтіп кетті. Төменгі сыныптағы «інілеріне» «көкеңді танымадың ба» деп беретін белгісі есіне түсіп, жан-жағына жалтақтай қарады. Кебін түстес шапанға қона қалған сол сықпытты сәлденің қорбаңынан оның Құлбай екенін танып қалды. Жүгіріп барып амандасып, анасының сәлемін жеткізді.– Сүбіһәналла, барып сауабын алармын, – деп, бір жымиып жөнімен кете барды.Бүгінгі күнгі жоспарын толығымен орындаған Сатыбалды бос кеңістікте қалқып жүргендей күй кешті. Ештеңе сезінбейді, ештеңе ойланбайды. Көкірек құрғыры бірдеңені қалайды, бірақ оның не екені беймәлім. Мүмкін, ештеңе. Жол жиегінде өзімен жарыса ағып бара жатқан бұлақтан қалғысы келмей жүгіріп еді, өкпесі өшті. Ауа да дымқыл тартып тұр. «Жеткенше салқын тиіп қалмас па екен » деген қорқынышы да жоқ емес. Іңірлетіп үйіне жетті. Сыртқы есікті өз кілтімен ашып, ақырын аяқ киімін шешті. Әдеттегіше ас үйге кірді. Кірген бетте «ойбайлаған» дауыс шыққан жаққа бұрылып қараса… Анасы… Қалыбек… Сүйісіп… Бөлмесін құлыптап жатып алды. Төрт қабырғаға алма-кезек қарайды. Көзге түртсе көргісіз түнектің ішінен өзін көре алмай қапа болды. «Шешең екеуің қазанға ортақтаспай, үйден кетіңдер». Ауыр-ауыр сөздерге жаншылып жатып кірпігі ілінді. Бөлмесін ертесі күні кешке ашты. Ақ орамал таққан ана бейнесін арада сегіз жыл салып қайта көрді. Көз жасын жасырғысы кеп таныс есіктің тұтқасын ішінен итерді. Дидаргүл де, ол әперген балмұздақ-сағат та ызасын келтірді… Шыны жырған жұдырығы ашытып, біразға дейін ұйықтатпады. Көп өтпей көрші бөлмеден тықыр естілді. Сатыбалдының жүрегі су ете қалды. «Тек бұл емес… тек бұл емес».Өкінішке орай, Сатыбалдының жүрек сөзін екеуі естімеді… Көрші бөлмеден шыққан үзік-үзік дыбыстар да биыл тиылатындай емес… Сатыбалды ес білген кезден бастап тұмау тигеніне бүгінгідей қуанбаған шығар, мұрнын жалаң қолымен сүртті де, жасырын әрекетін қайта жалғастыра берді… Терезе бетіндегі Ай өзі сүйсініп жейтін балмұздағындай еріп бара жатты…* * *… Сатыбалды сабақтан тарай сала мектебінен бес көше төмен орналасқан перзентханаға тартты. Көңілі – аңқымалы, жүрегі – жұпарлы. Әйтеке би мен Мұқанов көшелерінің қиылысынан Айдананы көрді. Беті мұхит ортасындағы кішкене арал сынды, жанынан мән бәрмей өтсеңіз киім ораған маникен дерсіз. Сатыбалды бір жымиды да жөнімен кете берді. Перзентханадан анасын шығарып алған ол Дидаргүлдің еңсесі езіле қайғырып тұрғанын, бірақ ол қайғының артынан бір үміт күліп тұрғанын байқады.– Мама, інім кімге ұқсайды?– Әжең айтқан қарғысқа…Дидаргүл сөмкесінен үш келі тартатын қара тасты көрсетті…Фото: poembook.ru
Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 13.08.2020, 18:56
Тығырыққа тірелген Тұғыл
11.08.2020, 21:58
«Мәдени астана» аясында 7 шара өтеді
11.08.2020, 21:53
Әкім сұрақтарға онлайн жауап берді
11.08.2020, 21:53
Әкім сұрақтарға онлайн жауап берді
11.08.2020, 21:50
«Шәмші аллеясы» жаңарып жатыр
11.08.2020, 21:47
Коронавирустан 3 мыңнан астам адам емдлеліп шықты

Аңдатпа


  • Ахметовтің кадр саясаты ақсай бастады
    21:08
  • Конгресс-Холл экс-директоры миллиардтаған ақша жымқырған ба?
    15:07
  • 100 жастағы әжей пневмониядан жазылып шықты
    20.09.2020, 14:39
  • Көлік кептелісінен құтылар күн бар ма?
    18.09.2020, 14:27
  • Емханаға тіркелу науқаны басталды
    18.09.2020, 14:13