Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:10, 02 Ақпан 2022

«Ат болатын құлынды»...

None
None

Иә, «Ат болатын құлынды, Желі басынан танырсың» – демекші, кеше Алматы облысы Іле ауданына қарасты Жетіген ауылында 8 дүркін республика, 2 дүркін әлем және Азия чемпионы Назым Қызайбайдың алғаш бокс қолғабын киіп, жаттығуын бастаған жерінде тұңғыш бапкері Болат Рахымовтың «Тұмар» спорт мектебіне келіп спортшы бүлдіршіндермен кездесіп, шеберлік сағатын өткізуінің куәсі болдық.

Боксшы боламын деген балаларға білгенін үйретіп, ақыл-кеңесін аямаған тұрымтайдай қызды жерлестері жіберер емес. Бәрі бірге суретке түсіп мәре-сәре…  

– Онда да тап осылай болған. Алғаш осы арада жаттығу жасап жатқан балаларға қызыға қарап өтіп бара жатқанмын, – деп сөзін бастады Назым:

– Қолымда екі-үш дорба бар. Дүкеннен азық-түлік алып келем. Кенет:

– Қызым, бері келші, – деген дауысқа жалт бұрылсам Болат ағай күлімсіреп:

– Келе ғой, келе ғой, – дегесін сөзін жерге тастамай кері бұрылдым.

Қолымдағы сөмкелерімді өзі көтеріп алып жатып:

– Қане, жүрші, ары-бері, – десін. Мен түк түсіне алар емеспін...

– Ұялма, еш қымсынба, өзіңді еркін ұста да, таза өз болмысыңмен, жүрісіңмен өтші, – деді өтіне.

Әрлі-бері өткенімнен соң:

– Енді жүгір! Біресе баяулата, біресе «тез-тез», – деп біраз жүгіртіп келіп:

– Сен, нағыз боксшы болатын баласың ғой.

– Атың кім?

– Назым.

– Келесің бе, маған? Мен сенен нағыз боксшы жасаймын...

Мен, қыз баладан боксшы жасаймын дегені несі дегендей аңтарылып тұрдым да:

– Ағай, менің үйірмеге қатысатын ақшам жоқ, – дедім. Бұл өтірік емес, шынында да сол кездерде менің ай сайын төлейтін ақшам жоқ еді. Нақты есімде қалмапты, мың теңге ме, сондай. Ол кезде ол да әжептәуір ақша болатын.

– Маған сенің ақшаң керек емес, тегін дайындаймын, келесің бе?.. Мүмкін балалығым шығар, қызыққаным сол, жаңа мықшыңдап көтеріп келе жатқан дорбаларыммен үйге қарай құстай ұштым.

– Үйім әне, – деп алаңнан онша алыс емес екі қабатты ескілеу үйді нұсқап күлімсіреген қалпы:

– Сөмкелерімді тастай сала кері қарай жүгіре жөнелдім. Содан міне, спорттағы биіктеріме жол ашқан осы бір кішкентай алаңқай мен Болат ағайымның бойымдағы бар өнерді танып, баули білгендігінің арқасында біраз асуларды бағындырған сияқтымын, – деді ақтарыла.

Бір қызығы қазір осы оқиғаны айтсам журналистер сенбейді.

– Шынымен аңыз сияқты иә, – деп күлімсірей:

 – Әрине, одан әрі шеберлігімді шыңдау мақсатында түрлі спорт мектептерінде оқуға тура келді. Бірақ Болат ағайымды өзімнің алғашқы ұстазыма балаймын. Еш ұмытқан емеспін.

Мені күреске де салды. Аяқ пен де жұмыс жасатты. Каратэ сияқты спорт түрлеріне жан-жақты етіп тәрбиеледі. Осы дәрежеге сол жаттығулардың арқасында жеткенімді білемін және ұмытпаймын да.

Кездесу соңында осы шараға арнайы келген «Алматы – Желтоқсан» ұйымының жетекшісі Серікбек Жандыбай, Назым Қызайбай мен оның алғашқы бапкері Болат Рахымның омырауларына Тәуелсіздікке қосқан үлесі үшін «Тәуелсіздік таңы» медалін тағып құттықтау сөз арнады.

– Алға қойған мақсатыңыз? – деген сұраққа:

– Әйелдер арасынан қазақтан шыққан тұңғыш олимпияда чемпионы атанғым келеді деген қарындасымызға біз сәттілік тіледік!  

Тегтер: