Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:02, 29 Маусым 2023

Ата кәсіп тіршілік көзі

None
None

Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданына қарасты Доскей ауылында тұратын Гүлшат Төлеутаеваны  жерлестері «Арғымақ тізгінді ана»деп атайды.

Ол тұлымшағы желбіреген шақтан жүйрік сәйгүлікті жанына серік етіп өсті. Кешеге дейін  кіл мықты атбегілердің алдына қара оздырмаған. Бүгінде жасы елуден асса да аттың құлағында ойнайтын шабандоздармен бәйгеге түсуге бәс тігуге даяр.    

— Жабағы үйретудің қыр-сырына қанықтым. Тұлпар баптау ертедан бергі ермегім. Төңірегімді атпен бір айналып келсем, көкірегім ашылып, тынысым кеңейіп сала береді. Жүйріктің үстінде өзімді серілердей сезінемін. Бейнелеп айтқанда, сәйгүлек – жанымның бір бөлшегі іспеттес. Атқа мінген адамнан ауру да айналып кетеді. Оның сырын ата-бабаларымыз терең түсінген, – дейді ер қанатты нәзік жан.

Гүлшат отбасының несібесін жылқы малынан тауып отыр. Жеке ісін  небәрі екі жылқы ұстаудан бастаған. Көп кешікпей, «Жұмыспен қамтудың жол картасы  – 2020» бағдарламасының қаржылай қолдау қоры арқылы 1 млн теңгеге несие алған. Оған епті келіншек 4 жылқы сатып алып, шағын қымызхана ашты. Құнары мол ұлттық тағамдардың түр-түрі осы арада самсап тұр. Кәсіпкер келешекте қымызхананың алуласына киіз үй тігіп, алтыбақан орнатып, ұлттық ойындар алаңқайын салуды көздеп отыр.

— Қымызханаға келетін қала тұрғындары осындай сұраныс білдіріп отыр. Мейрамдардың арасында қымыз сауу әдісін балаларына көрсеткісі келетіндер бар. Еңбек еткен адам түбінде бейнетінің зейнетін көреді. Маңдай термен келген адал табыстың берекесі көл-көсір, – дейді кейіпкеріміз.

Түзде еркектің, үйде әйелдің жұмысын еңсеріп жүрген ерге бергісіз Гүлшат Төлеутайқызы секілді қайсар қыз-келіншектерді қазақтың әр ауылынан жолықтыру қандай ғанибет!

Тегтер: