Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:01, 15 Ақпан 2024

Атаққа қызығу – жетістікке жеткізбейді

жаңа мамандықтар
Фото: из открытых источников

Қандай салаға барып, немен айналысамын деген сұрақ өз кезеңінде кімді де болсын толғандырмай қоймайды. Ал мамандық игеріп, академиялық білім мен диплом алып шыққандардың бәрі бірдей табысты болып жатыр ма? Бұл сұрақтың жауабы баршамызға аян. Демек, оқу мен интеллектуалды қор – жетістікке жету үшін қажетті факторлардың бірі ғана. Табыстың кілті жалғыз білімге ғана емес, басқа да қасиеттерге, машықтар мен дағдыларға тікелей тәуелді. Бұл туралы әр салада жүрген майталман мамандардың өзінен сұрадық.

Рабиға Есенғалиқызы, дәрігер, онколог: 

Өсу мен ізденіс тоқтамайтын процесс

Медицинада білікті маман ретінде қалыптасу үшін сапалы фундаменталды білімнің болуы аса маңызды. Мұны осы салада жетістікке жетудің алғашқы, міндетті алғышарты ретінде қабылдау керек. Ал одан соң мамандығыңызды қаншалықты жақсы көретініңіз әсер етеді. Себебі медицинада жұмыс істеп жүріп мол материалдық игіліктерге бөленуіңіз екіталай. Әсіресе мансаптың бастапқы жылдарында біраз нәрсені құрбандыққа шалуға тура келіп жатады. Мәселен, кәсіби маман ретінде қалыптасамын дегенше жеке өміріңіз, тіпті денсаулығыңыз зардап шегуі мүмкін. Оның бәрі өзіне лайықты төленбейтіні тағы бар. Біздің бір профессор, оқытушымыз медицинадағы осы кезеңді «аш жылдар» деп атайтын. Осындай кезеңде сізді тек кәсібіңізге деген махаббат ұстап қала алады, жарты жолда тастап кетпеуге көмектеседі. Кез келген саланың қызығымен қатар өзіне тән қиыншылығы да болуы заңды. Сондықтан өзіңнің сүйікті ісіңмен айналысу – жетістікке кепіл бола алатын факторлардың бірі де бірегейі. Әрі адам жақсы көретін ісімен айналысқан кезде оның көңіл күйі де, психологиялық жайы да, өмірге қанағаттануы да қалыпты деңгейде тұрады. Өз кезегінде осы сезімдер маман ретіндегі өнімділіктің жақсы болуына тікелей әсер етеді.

Келесі айтарым, биік белестерді көздейтін маман үнемі ізденісте болуға дағдылануы тиіс. «Оқу бітірдім, дипломымды алдым, бітті» деген жоқ. Адам өмір бойына оқып, ізденіп, заманның, технология мен ғылымның, жаңа зерттеулердің көшіне ілесіп отырмаса, ол сұранысқа ие маман бола алмайды. Тек мықты багаж, үлкен тәжірибе жеткіліксіз. Қазір ондай дәрігерлер де біртіндеп артқы шепке ысырылуда. Бәсекеге қабілетті маман болу үшін науқастарды емдеумен ғана емес, ғылыми жұмыспен де айналысып, халықаралық стандарттарға сай жұмыс істеу қажет.

Және өз ісіңе қатысты шешім қабылдарда біреудің ойын басшылыққа алудың қажеті жоқ. Маман ретінде сыни ойлауың мен анализ жасау қабілетіңді іске қосып, өз бетіңше нақты шешімдер шығара білген жөн. Сәйкесінше, өз позицияңды қорғай алу да маңызды. Мысалы, медицинада науқастың еміне келгенде сіз үшін өзіңнен басқа «авторитет» болмауы керек. Қанша жерден атақты профессор, майталман маман болса да «сол кісі солай айтты, яғни солай» деуге болмайды. Даму қарқыны жоғары, күн сайын бір жаңалық ашылып жатқан заманда «рекомендациялар» да жиі өзгеріп жатыр. Сондықтан өзге мамандардың пікірін ескеріп, ой елегінен өткізіңіз де шешімді өзіңіз шығарыңыз. Бұл бір жағынан батылдықты да қажет ететіні сөзсіз.

Серғазы Нарынов, техникалық ғылымдар кандидаты, Alem Research компаниясының негізін қалаушы:

Теорияға сүйенбесең, жетістіктің ауылы алыс

Ғылымға, ғылыми қоғамдастыққа үлес қосып, мансапта өсу үшін терең интеллектуалдық білімнен бөлек бірқатар жеке қасиеттер мен дағдыларды дамыту қажет. Өзім жүріп өткен жолға және өзге де табысты ғалымдардың мысалына сүйене отырып, бірнеше аспектілерді айтуды жөн санап отырмын.

Әуелі, сыни ойлау мен талдау-аналитикалық қабілеттер керек. Себебі ғылыми жұмыста деректерді, гипотезаларды және әдістемелерді жан-жақты сараптап, керектісін ала білу қабілеті жұмыстың сапасына тікелей әсер етеді. Әрі өзгелердің де, өзіңнің де зерттеуіңдегі қателіктер мен кемшіліктерді тани алу қажет. Қай кезде қандай шағармашылық тәсілдер мен инновациялық әдістер тиімді болатынын, қай алгоритм мен методологияның дәлдігі жоғары екенін талдай алу – ғылым үшін өте маңызды. Одан соң, ғылым біртұтас процесс болғандықтан қарым-қатынас дағдыларын ұштап отыру да орынды. Өйткені өз идеяларың мен ұсыныстарыңды бір формаға келтіріп, ауызша да, жазбаша да айқын әрі тура баяндай білу керек. Бұл өз кезегінде әріптестермен жұмысты оңтайландыруға, қаржы көздерін табуға септігін тигізеді. Командалық жұмыста да осы нәрсенің рөлі басым.

Тағы төзімділік пен сабыр, этикалық нормалар мен моральдық шекараларды сақтау, шынайылық, тұрақты ізденіс, уақыт пен ресурсты басқара алу қабілеті өз алдына бөлек әңгіме. Осыларға қоса, бейімделу қабілеті мықты болуы шарт. Өйткені ғылым да, басқа салалар да үнемі даму үстінде. Сондықтан жаңа жаһандық өзгерістерге, өзгеше құндылықтар мен қажеттіліктерге, оларға сай жаңа білім мен әдістерге, теориялар мен технологияларға лезде бейімделіп, соның негізінде жұмыс істеп кете алмасақ, жетістіктің ауылы алыста қалары анық.

Жандос Әмре, инфокәсіпкер: Бірінші IQ болса, екінші EQ

2017 жылы бір айлық курс оқып, мемлекеттік сатып алулар саласына келдім. Ақырындап жұмысқа кірісіп, жақсы нәтижелерге қол жеткізе бастадым. Тәжірибе жинаған сайын сапа да, табыс та арта түсті. Сөйтіп, 2022 жылы инфобизнесте жүрген мамандар хабарласып, мені мықты эксперт ретінде көретіндерін, бірігіп курс жасағысы келетінін айтты. Ойлана келе ұсынысты қабылдадым. Курстың бағдарламасын құрып, видеосабақтар түсіріп, нарыққа жол тарттық. Бастапқы 4 айдың өзінде 500-ден аса студент шығардық. Әрине, бәрі бірдей тендермен айналысып кетті, жетістікке жетті деп айта алмаймыз. Бірақ біз өзіміз уәде еткен қызметті толығымен көрсеттік. Соның арқасында үлкен нәтиже көрсетіп жатқандар өте көп.

Инфобизнес – көп кәсіптің бір түрі. Оның да басқа да тауарлар мен өнімдер секілді сапалысы мен сапасызы, қымбаты мен арзаны бар. Бір кездері «қызыл жібімді алсаң, байып кетесің» деп, оны 5-10 мыңға сатқандар есімізде. Жоқ нәрседен бизнес жасағысы келіп тыраштанып жүргендер де жетерлік. Міне, сондай қалтасын ғана ойлайтын кәсіпкер сымақтардың әсерінен, бәлкім, кесірінен «инфоцыган» деген ұғым пайда болды. Алайда кез келген инфо-өнімге бұл айдарды таға салу да қате. Себебі сапалы, пайдалы өнімдер де баршылық. Жалпы, инфобизнес дегеніміз – информация беру арқылы адамды бір нәрсеге үйрету. Бұрын біз мұны мектептен, университеттен алдық. Ал осы оқу орындарында бәрі бірдей беске, үздік оқи ма? Әрине, жоқ. 5-10 пайызы үздік, 30-40 пайызы екпінді болады, кейбіреулер үшке оқыса, тағы біреулер ештеңе үйренбеген күйі оқуды аяқтайды. Ал солай жай ғана барып, келіп уақыт өткізген адам оқытушыға сен мені оқытпадың деп шағым айта ала ма? Әлбетте, жауабы белгілі. Ақпаратты меңгеріп, бергенді алып, дамуды жалғастырғандар бар және қабылдай алмаған немесе қабылдағысы келмегендер бар. Оқыды, бірақ нәтиже шығармады, бұл – табиғи процесс. Бізде ғана емес, бүкіл әлемде солай. Тіпті ең үздік деген, көп инфокәсіпкерлер өзіне үлгі ететін Энтони Роббинсті оқыған бизнесмендердің бәрі бірдей импульс алып, қарыштап кетпейді. Себебі айтылған «спич» пен оның логикасын қабылдай алатындар, мәнісін, мағынасын өз тәжірибесінде қолдана алатындар бар да және олай жасай алмайтындар бар. Бірақ ол өнімнің сапасы нашар екенін білдірмейді. Мұнымен айтқым келгені, қалай қарасақ та ең мықты деген әлемдік спикерлердің де шәкірттері озат немесе озат емес болып бөлінеді.

Және тағы бір нәрсе, адамдар өздері сатып алғалы отырған ақпараттың құнын рационалды түрде бағалай бермейді. Кейде құны құндылығына сәйкес емес өнімді жарнамасына алданып сатып алып, артынан нәтиже жоқ деп реніш білдіретіндер көп. Инфобизнес ұсынып отырған мүмкіндіктер мен өнімдерді де талғаммен таңдай білу қажет.

Ал инфокәсіпкер ретінде табысқа жету үшін алдымен ақпаратты және ойды түсіндіре алу қабілеті маңызды. Себебі білу бір бөлек, ал оны жетесіне жеткізіп түсіндіру тағы үлкен шаруа. Бұл орайда«спиральная форма обучения» әдісінің тиімділігін атап өткен дұрыс деп ойлаймын. Бәрімізге белгілі, спираль кішкене дөңгелектен бастап үлкен дөңгелекке айналады. Яғни алға жылжыған сайын жүктеме арта түседі, тақырыптар күрделенеді. Сол секілді басында тендерден хабары да, тәжірибесі де жоқ студенттерге қарапайым ұғымдарды түсіндіруден бастаймыз да оның әрбірін кеңейтіп отырып, кәсіби маман дайындап шығамыз.

Бұдан соң, инфокәсіпкер үшін, жалпы жетістікке жетем деген адам үшін өте маңызды нәрсе – эмоционалды интеллект. Сала маманы, профессионал ретінде IQ бірінші орында екені талассыз. Алайда сол білімді іске жаратып, одан нәтиже шығару үшін эмоционалды зерде аса қажет. Бұл ұғым мен оның рөлі соңғы уақытта көп айтылып жүргені де содан. EQ – өзіңнің және өзгелердің эмоциясын, ниетін, мотивациясын түсіне алу және басқара алу қабілеті немесе машығы. Мұны әлеуметтік интеллект деп те атап жатады. Өз кезегінде эмоционалды интеллектісі жақсы дамыған адамның коммуникативтік қабілеттері де мықты болады. Ал кіріс те, жетістік те адамдар арқылы келетінін, әрі біздің өміріміз қоршаған ортамен қарым-қатынастан тұратынын ескерсек, коммуникация табысты адам үшін өте маңызды аспект. Сондықтан эмоционалды интеллектіні дамытуға да белгілі бір деңгейде күш жұмсап, іздену артық етпейді.

Әйнел Әмірхан, журналист, подкастер:

Сұранысқа емес, сұранысты қалыптастыруға жұмыс істеу керек

Мен 20 жыл пиар саласында жүрдім. Ал подкастқа келгенде, бұл тың сала болғандықтан, қатып қалған қағидалары қалыптасып үлгермегендіктен жұмыс барысында еркіндікті басшылыққа алдым. Еркіндіктің бір ұшы жаңалықтарға, шығармашылық әртүрлілікке әкеледі де, нәтижесінде индивидуалдылық қалыптасады. Бірақ сөзіңде, әрекетіңде, ізденісіңде шектеулер жоқ болса да, бағытың мен мақсатыңда тұрақтылық болуы керек.

Ал тұрақтылық болу үшін бір саланы таңдағанда қызығушылыққа тез еріп кетпей, одан да үйренуге, байқап көруге, сынап көруге тырысқан жақсы. Демек, тек нәтижеге, атаққа ғана емес, процеске акцент қойған дұрыс. Осы подкаст саласында жүрген 5 жыл ішінде байқағаным, оқырман, атақ үшін келгендер ақыры соңында тұрақтап қалмайды. Жылдам нәтижені қалап, «жұлдыз» болғысы келетіндер, пайда қуып келгендер ұзаққа шаппайды. Өйткені қызығы, ыстық-суығы басылып қалған кезде немесе аудитория тарапынан қолдау болмаған жағдайда сол саладан кетіп қалу жиі көрініс беріп жатады. Ал егер әркез басқасын іздесең және үнемі өз таңдауыңды осылай өзгерте берсең жетістікке жетуің неғайбыл. Әдетте жаңашылдық пен экспериментті жақсы көретін, өз саласын процесс үшін таңдап келгендер жетістікке жетеді.

Өз орнымен орынды бәсеке де болуы тиіс. Сондықтан мына нарықтық заманда нарықты, ондағы үрдістерді бақылауда ұстап, сол арқылы стратегиялық, ұзақмерзімді перспективадағы жоспар құру, бағыт алу өте өзекті мәселе. Мысалы, біз орыс тілді медиадан шамамен 5 жылға қалып келе жатырмыз. Менде қазір олар қандай жаңа методиканы қолданып жатыр, мен осындай тың әдістерді қолдансам қанша уақытта қандай нәтижеге қол жеткіземін деген алыстан болжау, барлау болғаны рас. Кейіннен, ағылшынша контентті де зерттеп шықтым. Соның бәрін салыстыра отырып подкастинг – жаңа медиадағы өз атыңды, орныңды қалыптастырудың тиімді бір жолы екенін түсіндім. Осы сияқты қай салада болмасын жаңа құралдар мен актуалды трендтерді назарда ұстау қажет.

Заманның талабы болар, көп медиамамандар сұранысқа қарай жұмыс істейді. Рейтинг, шоу, интригаға, «хайпқа» толы тақырыптарды шығарып, ситуациялық тақырыптарды іліп алып отырады. Ал мен мұндай нәрселерге тәуелсіз жұмыс істеуді таңдадым. Сұранысты қалыптастыру үшін жұмыс істеймін деген принципті басшылыққа алдым. Қазір рейтинг болмаса да, аудитория осы тақырыпты қажет еткенде, менің жұмыстарым олардың сұрағына жауап ретінде дайын тұрады деген логикамен жұмыс істеуді ұйғардым. Маман ретінде имиджге жұмыс істеймін деп шештім де қиындықтарына қарамастан осы жолға саналы түрде келдім. Сұраныстағы нәрселердің бәрі қажетті деген сөз емес. Ал сұраныс пен талғам қалыптастыру мықты медиамамандардың ғана қолынан келетін іс.

Сандуғаш Сейдіш, спортшы:

Дисциплина мен төзім – егіз ұғымдар

Бала күнімнен дзюдомен айналысып, спортпен кәсіби түрде шұғылдандым. Сөйтіп жүріп аяғымнан ауыр жарақат алып, ота жасаттық. Өкінішке қарай, осыдан соң дзюдоны тастауға мәжбүр болдым. Алайда спорттан қол үзгім келмеді. Ақыры қол күреске келдім. Алғашында облыстық, республикалық додаларда топ жарып, кейіннен халықаралық деңгейге шыға бастадым. 2021, 2023 жылы ересектер арасында Азия чемпионатының алтын медалін алдым. 2022 жылы Швецияның Стокгольм қаласында, 2023 жылы Литваның Вильнюс қаласында ересектер арасында әлем кубогының иегері атандым.

Осы күнге дейін түйгенім, спортта жетістікке жету үшін дисциплина мен төзім керек. Кез келген салада озу үшін осы нәрселер маңызды деп ойлаймын. Себебі күнде бір нәрсемен айналысу, сол арқылы қажетті нәтижеге жеткізу айтқанда, оқығанда оңай көрінгенімен, іс жүзінде шыдамдылықты қажет етеді. Әрине, адам болған соң, кейде сыртқы жағдайлардың әсерінен ойдағы нәтижеге қажетті уақытта қол жеткізе алмай қаламыз. Сондай кездерде мотивация мен шабыт сарқылып, бәріне қолыңды бір сілтегің келеді. Жұмсаған қажыр-қайратың жеміссіз болғанын ойлап іштей «сынып» қалатын уақыттар болады. Сондайда ситуацияға іштей төзім, ал дисциплина негізінде тынбай әрекеттену үшін сыртқы әрекетке төзімділік қажет.

   Баян Мұратбекқызы