«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы қызметіне Қанат Шарлапаев келуі мүмкін
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекеннің» жаңа басқарма төрағасы болып Қанат Шарлапаев тағайындалады деген ақпарат тарап жатыр.
Қазіргі уақытта «Атамекенді» 2022 жылдың ақпанынан бері Райымбек Баталов басқарып келеді. Алайда соңғы айларда оның қызметтен кетуі мүмкін екені жиі айтылып жүрген. Өткен жұма күні Баталов бұл ақпаратқа өзі де пікір білдіріп, «Atameken Business» телеарнасына берген сұхбатында үш жылдық мерзімді жеткілікті деп санайтынын айтты.
«Ротация болуы керек», – деген ол басқару мәселесіне қатысты түпкілікті шешім палата съезінде, яғни 23 қаңтар күні қабылданатынын атап өтті.
Сонымен қатар, ҰКП-ның ресми сайтында Райымбек Баталов қазірдің өзінде басқарма төрағасының міндетін атқарушы ретінде көрсетілген.
Ал Қанат Шарлапаев үшін 2025 жыл мансап жолында айтарлықтай өзгерістерге толы болды. Ол 2025 жылдың 28 ақпанына дейін өнеркәсіп және құрылыс министрі қызметін атқарды. Кейін мемлекет басшысының жарлығымен Қазақстан президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды.
Алайда сол жылдың қыркүйегінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың тағы бір жарлығымен бұл қызметтен босатылды. Ал қазан айының соңында Шарлапаев «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің директорлар кеңесі құрамынан да шықты.
Енді, кейбір дереккөздердің мәліметінше, Қанат Шарлапаевтың «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы қызметіне келуі ықтимал.