Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:00

Атамұрат Шәменов, профессор: Мораторий мәселенің нақты шешімі емес

Атамұрат Шәменов
Фото: Суретте Атамұрат Шәменов

Соңғы кездері экономиканы реттеуге қатысты Үкіметтің қабылдайтын шешімдері қоғамда қызу талқыланып жатыр. Наразылық білдіргендер де аз емес. Әсіресе президенттің сөзінен соң бір күнде Бектенов үкіметінің тариф пен бензин бағасына мораторий жариялауы да елді елең еткізді. Қазіргі жағдайда мұндай шешімдерден не ұтамыз, неден ұтыламыз? Болашақта қандай нақты жұмыстар істелу керек. Осы және басқа да сұрақтар төңірегінде экономика ғылымының докторы, профессор, академик Атамұрат Шәменовпен сұхбаттастық.

Атамұрат Мөрәліұлы, жақында Үкімет бензин мен коммуналдық қызмет бағасының өсуіне мораторий жариялады. Бұл ретте «Үкімет халықтың жағдайына қарайлай бастады» дейтіндер де бар. Керісінше, «социалистік шешімдерге бейім болып алдық» дегендер де бар. Сіз маман ретінде үкіметтің осы жолғы шешімін қалай бағалайсыз?

Үкіметтің бұл жолғы шешімі расымен де елді елең еткізді. Президент Қ.Тоқаев Бектенов үкіметіне азаматтардың мүддесін ескере отырып, экономикалық реформалар бағдарламасын іске асыруға, реттеуге қатысты нақты шаралар әзірлеуді тапсырған. Үкімет те дайын отыр екен, 48 сағаттың ішінде тапсырманы орындай қойды. Осылайша бірнеше мораторий жарияланды. Енді инфляция тұрақталғанға дейін АИ-92 бензині мен дизель отынының бағасын арттыруға тыйым салынды. Коммуналдық қызмет тарифтері 2026 жылдың I тоқсанының соңына дейін көтерілмейтін болды. Бұған қоса, кейбір салықтық және реттеуші шектеулерге қатысты жеңілдіктер, декларацияны оңайлату, салық бақылауын шектеу туралы шаралар да жарияланды. Бұл шешімдер әрине, халыққа ұнады. Үкіметтің тарифтерге қатысты шығарған шешімі бір жағынан дұрыс болды. Себебі қазір осы салада жүрген монополистер ойларына келгенін істеп кетті. Олар небір себептерді алға тартып, тариф бағасын аспандатып, халықтың қалтасын қағудың шеберіне айналды.

Алайда бұл жерде экономикалық бір мән бар. Мысалы, жанар-жағармайды сатушылар өздерінің шығындарына байланысты бензиннің бағасын көтеріп отыратын. Өнімді шығару, тасымалдау құны артқан сайын ол өнімнің бағасы да өседі. Сол кезде барып бизнес табысты болады. Кәсіпкерлер мемлекетке салықты уақытында төлейді, жұмысшыларын уақытылы жалақымен қамтиды. Ал енді қазір бағаны қымбаттатуға үкімет мораторий жариялағаннан кейін олар бағаны өсіре алмайды. Тасымал құны қымбат болса да, басқа шығындары қымбатқа түссе де осы бағаны ұстап тұруы тиіс. Бұдан шығатын қорытынды – бизнес енді шығынға жұмыс істегісі келмей, шығаратын өнімінің көлемін азайта бастайды. Өйткені өнім шығару құны қымбат, сондықтан көлемді азайтып, ілдалдалап күн көруге тура келеді. Жұмысшыларын қысқартуы мүмкін, басқа да шығындарын қайта есептеуі тиіс. Мұның соңында жанар-жағармай тапшылығы туындайды. Жағармай бекеттерінде ұзын сонар кезек болып, ажиотаж орнауы әбден мүмкін. Осы жайттарды ескерсек, үкіметтің бұл жолғы шешімін «артық қылам деп тыртық қылды» деп айтар едім.

– Демек, мораторий мәселенің шешімі емес қой...

Иә, нақты шешімі емес. Тек уақытша ғана көмектеседі. Бұл үкіметтің – халықтың көңілінен шыққысы келіп, анау-мынау қаңқу сөздерді басқысы келгендегі ойлап тапқаны. Үкіметтің мұнысы – бұрқырап жатқан шаңға су сеуіп басып қойған сияқты, уақытша әрекет. Су кепкен соң ол шаң қайта көтеріледі. Бұдан әрі кетсе екі-үш айлық нәтиже көреміз. Одан кейін мораторий уақыты біткенде, бензиннің бағасы бұрқ етіп көтеріле қалады да, оны ешкім ұстай алмайды. Нарықтың заңдылығы деген осы. Әр нәрсені жаймен, кезең-кезеңімен көтеріп отырғанда қоғамға білінбей қалар. Ал бір мезетте бензин бағасы 30-40 пайызға дейін қымбаттаса, халыққа оңай болмайды. Бензиннің бағасы шарықтаса, барлық салада қымбатшылық басталады. Инфляцияның көкесін сонда көретін боламыз. Қазіргі күнімізбен жылап көрісетін кезең сонда болады.

– Тек жанармай өндірушілер ғана емес, үкіметтің де біраз жоспарлары орындалмай қалайын деп тұр ғой. Мәселен, үкімет бұған дейін «Инвестиция орнына тарифті өсіру» саясатын ұстанды. «Тариф бағасы көтерілмесе сапа да артпайды» деген бәлен жылдық бағдарлама қабылдады. Енді мораторий жариялау арқылы сол бағдарламалардың орындалу мерзімін кешіктіріп алмай ма? Мұндайда «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай», ұтып шығу үшін не істеу керек?

– Орынды сұрақ. Сіз бен біздің мақсат – Бектенов үкіметін жерден алып, жерге салып сынау емес. Кәсіби маман ретінде ұсыныс айтып, бағыттау. Біріншіден, жанар-жағармай саласына қатысты айтарым, нақ қазіргі уақытта шұғыл түрде жанармай шығарып отырған үш зауытқа үкіметтің салығын азайту керек. Мемлекет осы үш зауытқа қамқорлық жасай отырып, олардың экономикалық ахуалын әлсіретпеуге жұмыс істеу қажет. Сонда ғана бұл нәрседен аман-есен шығып кетуге болады. Екінші, тариф саясатына қатысты айтар болсақ, тарифті аймақтық ерекшелікке сай саралау тиіс. Өңірлердің өндірістік, көліктік және климаттық айырмашылықтарын ескеру керек. Халықтың табыс деңгейі төмен аймақтарда әлеуметтік тарифтер, ал өнеркәсіптік аймақтарда инвестициялық тарифтер қолдануға болады. Коммуналдық қызмет көрсетушілердің шығын есебін цифрландыру, энергия мен суды есепке алу жүйесін толық автоматтандыру – тарифті негізсіз өсіруді тежейді. Үкімет 5-10 жылдық тарифтік стратегия қабылдап, тұрақты ережелер орнатуы керек. Бұл бизнеске және инвесторларға сенімділік береді, тарифтің саяси емес, экономикалық факторлармен реттелуін қамтамасыз етеді. Міне, қазір осындай нақты қадамдарға барған жөн. Менің ғалым ретінде беретін ұсынысым осы.

– Жалпы, ғалымдар тарапынан да, басқа кәсіби мамандар тарапынан да үкіметке ұсыныстар айтылып жатыр. Ұсыныстарды ескеруде, тапсырмаларды орындауда үкімет пен үкімет мүшелері нақты, сауатты бағыттарға мән беріп отыр ма?!

Ақиқатын айтсам, экономикалық саясатты жүргізуге қатысты үкіметтің де, Ұлттық банктің де ұстанып отырған бағыттарына көңілім толмайды. Мысалы, Ата заңымыздың 66-бабының 1-тармағында Қазақстан Республикасының үкіметі: мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық саясатты, оның қорғаныс қабілетін, қауіпсіздігін, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі шараларды әзірлейді және олардың орындалуын ұйымдастырады деп тайға таңба басқандай етіп жазылған. Осыған байланысты үкімет пен Ұлттық банктің экономикалық саясатты жүргізуге қатысты жыл сайын бірлескен кең көлемде мәлімдемелері даяр тұруы керек. Ол мәлімдемелер әр жылдың басында қаңтар-ақпан айларынан қалмай жарияланып отыруы тиіс. Міне, Үкімет пен Ұлттық банк сол бірлескен мәлімдемеге байланысты елдің экономикалық саясатын жүзеге асыруы қажет. Мен жуырда осы төңірегінде ғылыми мақала жазып отырып, Үкімет пен Ұлттық банктің соңғы 20 жылда жасаған бірлескен мәлімдемелерінің барлығын зерттеп шықтым. Сонда байқағаным, әу баста мұндай мәлімдемелер жасалыпты және ол мәлімдемелер әр саланы дамытуды кең көлемде қамтыпты. 2004-2006 жылдары, 2011 жылы осындай мәлімдемелер бізде болыпты. Одан бері қарай экономикалық даму саясатына арналған мұндай бірлескен мәлімдемелер мүлдем жоқ. Қазір Үкімет пен Ұлттык банк жасайтын мәлімдемелерде макроэкономикалық көрсеткіштер, елдің экономикалық даму жағдайы, ЖІӨ өсімі, инфляция көрсеткіші, жұмыссыздық, бюджет тапшылығы айтылады. Ал оны шешудің нақты жолдары айтылмайды. Бұл Үкімет пен Ұлттық банктің қолында экономикалық саясатты реттейтін сауатты тұжырымдамалардың жоқ екенін көрсетеді. Мысалы, былтыр 2023 жылы даярлап, 2024 жылы жарияланған Үкіметтің, Ұлттық банктің экономикалық саясатты дамытуға қатысты бірде-бір мәлімдемесін көрген жоқпын. Былтыр жыл басынан бастап үлкен экономикалық мәлімдемелер жасалмағаннан кейін, биыл жылдың бітуіне екі ай қалғанда үкіметтің ештеңе ойлап таба қоймасы анық. Демек биыл да ондай жоқ. Қазір президенттің жолдауын барлық басылымдар басады ғой. Сол тәрізді, Үкімет пен Ұлттық банктің экономикалық саясатты реттеуге қатысты мәлімдемесі де кең көлемде барлық жерге басылуы керек. Оның орындалуын ел болып қадағалап отыруымыз қажет. Ал бізде ондай мәлімдемелер жасалмайды. Осыдан кейін қайтып экономикалық саясатты реттеуді сауатты деп айта аламыз. Экономикалық сауатты мәлімдемелер жасалмаса, онда ұсыныстар да ескерілмейді. Берілген тапсырмалар уақытысында орындалмайды. Сауатты жоспарлар құрылмайды. Демек, үкіметтің экономикалық дамуға қатысты ұстанып отырған қазіргі бағытын толыққанды сауатты деп айта алмаймыз.

– Дегенмен жуырда Үкімет 2026-2035 жылдар аралығындағы ұзақ мерзімді даму жоспарын ұсынды ғой. Мұндай жоспарлар арқылы экономикалық саясатты реттей аламыз ба?

Мұндай жоспарларға өз басым сенбеймін. Көпжылдық жоспарларды Үкіметтің қиялы дер едім. Қиялдап, бұлттың үстіне де ұшып кетуге болады. Бізге керегі – қазір болуы ықтимал өзгерістерді бақылап, саралап отырып, әр жыл сайын жоспар құру керек. Қазір халықаралық жағдайларға байланысты әлем экономикасы күнде өзгеріп жатыр. Мұны ескерместен, 2035 жылға дейін, тіпті сонау 2072 жылға дейін жоспар құра беру қисынсыз. Оған дейін кім бар, кім жоқ? Алып, мызғымайтын ел деген КСРО-ның өзі ыдырады. Социалистік жүйенің өзі жоқ болып кетті. КСРО кезінде «жоспарлы экономика коммунизмге апарады» деген жолдың өзі оған жеткізбеді. Сондықтан бізге бір жыл көлемінде ғана, нақты істейтін шаруаларды белгілеу қажет. Бір-екі жылдың көлемінде бітіретін жоспарлар нық болуы керек. Үкімет пен Ұлттық банк осыған қатты мән беруі тиіс.

– Демек қысқа мерзімді жоспарлар сауатты болу керек қой...

– Иә. Бізде ондай жоспарлар бар, тапсырмалар да беріліп жатыр. Дегенмен қазір үкіметтің басты жұмысы экономиканы реттеу десек, үкімет сол нарықты реттейтін құралды дұрыс пайдалана алмай отыр. Былайша айтқанда, қармақты дұрыс пайдаланып, балықты аулай білу керек. Үкімет соның ебін таба алмай әлек.

– Ал сонда қармаққа балық іліну үшін не істеу керек?

– Экономиканы мемлекеттік реттеуде ең бірінші білікті мамандар керек. Бұрын Үкіметтің құрамында белгілі экономистердің не айтқанын жіті бақылап, олардың ұсыныстарын зерттеп, жіктеп, талдап отыратын мамандар болған. Қазір бірде-бір министр, бірде-бір шенеунік бұлай жасамайды. Қазір мемлекеттік қызметке барып жатқандардың басым бөлігінің дипломы көп, білімі жоқ. Экономикамызды басқарып, бар шаруаны реттеп отырған солар. Мысалы, бізде тағайындаулар болып жатады. Сол жаңадан лауазымға тағайындалғандардың биографиясына қарасаң, бір емес, бес мамандықты меңгерген болып шығады. Мемлекеттік қызметте жүріп оның барлығын қалай оқып алғанын түсінбейсің. Сосын «бұлар осынша оқуды оқыған болса қай кезде жұмыс істеп үлгерген» деген де ой туындайды. Мұндай адамдар үкіметте отырғанда білімсізден білікті идея туады деп ойламаймын. Сондықтан қармаққа балық ілінуі үшін бірінші маман біліктілігін, мемлекеттік кадр саясатын реттеу қажет Рас, барлық мемлекеттік қызметкерлердің дені сауатсыз, біліксіз деп айтудан аулақпын. Олардың ішінде де білімдісі бар. Әттеген-айы, мемлекеттік қызметшілердің арасында жауапкершілікті өзіне алу, бастамашыл шешім шығару үрдісі аз және бізде мұндай шешім шығара алатын кадрларды қолдау жағы кемшін. Қазір мемлекеттік қызметте отырғандар бастығы тапсырма бермесе ешнәрсе істемейді. Алайда ол бір ғана бастық бүкіл саланың мәселесін біле қоюы мүмкін емес қой.

– Сіз өзіңіз мемлекеттік қызметте болдыңыз, қандай бастамашыл идеяларыңыз есте қалды?

– Мен өзім 26 жыл мемлекеттік қызметте болғанмын. Ішкі «кухнясын» білемін. Негізінде төменде, бөлімде, департаментте, комитетте отырған азаматтар мәселенің біразын біледі. Бірақ шешімін айтуға қорқады. Себебі бізде ондай кадрларды қолдау механизмі жоқ. Мысалы, сізге өз басымнан өткен бір мысалды айтып берейін. Мен 1990 жылы Семей полигонын жабу туралы жарлықтың нұсқасын ешкім тапсырма бермесе де бірінші болып өзім жасадым. Ешқандай қол жинамай, министрліктердің келісімін алмай жауапкершілікті өз мойныма алып, жарлықтың нұсқасын жасап шықтым. Ол кезде мен президент аппараты мен министрлер кабинетінің қос аппараты қосылған бөлімінің меңгерушісі едім. Ол кезде бізге үлкен құқықтық мәртебе берілген. Солай Семей полигонын жабу туралы жарлықтың нұсқасын дайындадым да, үш-төрт қолды жинап, жоғарыға беріп жібердік. Сол кезде мен өзімнің салам ғана емес, саясатқа да мән беріп отырдым. Ол жарлықтың нұсқасын дайындағандағы ойым – елде саяси жағдай қалай болып кетеді деп, дүрбелең болмауын, соның алдын алу керектігін көңілге түйдім. Халық «Үкімет не істеп жатыр, полигонды неге жаппайсыңдар» деген сауалдар қоятын болса, сол жарлықтың нұсқасы көрсетуге даяр тұрсын деп ойладық. Міне, бұл менің бастамашылдығым, жауапкершілікті өз мойныма алғаным еді. Бұл КСРО әлі ыдырамаған кез. Қазақстанның полигонды жабуға құқы жоқ еді. Соған қарамастан, осындай қадамдарға бардық. Ертең «мынау жарлықты дайындаған кім» десе, мені көрсететінін білдім, басымның кететінін де білдім. Сондай тәуекелге бардым. Бастамашылдық пен жауапкершілікті өз мойныма ала отырып, мен осындай тарихи құжатты шығардым. Бірақ менің осы тарихи шешіміме ещқандай баға берілген жоқ. Әлі күнге дейін жарлықтың алғашқы нұсқасын дайындаған адам ретінде атым да аталмайды. Полигонның жабылуына қатысты он жылдық, он бес жылдық кездесулер болды ғой, оның біріне де шақырылмадым. Міне, біздегі кадрды бағалау саясатының деңгейі осы. Мен мұны мысал ретінде айтып отырмын. Алдағы уақытта экономикалық саясатты реттеуге қатысты осындай бастамашыл шешім шығаратын кадрлар керек. Үкіметтің ондай кадрларды қолдайтынын, еңбегін бағалайтынын төменде отырған мемлекеттік қызметші біліп отыруы қажет. Сондықтан әр саладағы, облыс, аудан көлеміндегі осындай білікті мамандармен кеңесіп, «халықтың жағдайын қалай жақсартамыз, экономиканы қайтып қуаттандырамыз» деген сауалдарды талқылай беру қажет. Мәселен, бұзылып тұрған көліктің сыртын жуып, тазалай бергеннен ол гүр етіп от алып кетпейді ғой. Оның ішіндегі бір бөлшегін ауыстыру қажет болады. Сол тәрізді, біздің экономиканы реттеу үшін барлық салада, барлық аймақтарда бастамашыл жанашыр мамандар болуы қажет. Сол уақытта ғана бұл мәселе шешіледі. Қазір біздің экономикамыз әдемі ою-өрнегі бар шашақты кілем сияқты. Бірақ астының барлығын күйе жеп қойған. Ол кілемді қазір дұрыстамаса, бес-алты жылдан кейін күйе жеп, дымын қалдырмайды. Сондықтан жаңа бастамашыл идеялар өмірге келу керек.

Білесіз, экономикалық зиянды шешім, қауіпті идеялар деген де бар. Осындай дүниелерге жол берілген жағдайда тығырықтан қалай шығамыз?

– Рас, экономикалық қастандық деген нәрсе бар. Бізде кейбір шешімдер біздің мүддемізді емес, көрші Ресейдің мүддесін көздейді. Еуразиялық экономикалық Одақ аясында талай есеміз кетіп жатыр. Мысалы, кеденнің баж салығын бөлісуде жиналған салықтың шамамен 85 пайызы Ресейге, ал шамамен 6 пайызы Қазақстанғақалады. Бұл үлестер 2020 жылдан бері қолданыста және Еуразиялық экономикалық комиссия арқылы бақыланады. Міне, осының өзі Қазақстанның экономикасына жасалған қастандық емес пе? Бұған кім жол берді? Тағы бір мысал, Қазақстанда Қарашығанақтың газын өңдейтін балама кәсіпорын жоқ деп Қарашығанақ газын өңдеуді Ресейдің Орынбор газ өңдейтін зауытына беріп тастады. Енді Орынбор газ өңдеу зауытына жасалған дрон шабуылы – тек Ресейдің емес, Қазақстанның да басына бұлт үйірді. Себебі дәл осы зауытқа Қарашығанақтан өндірілетін негізгі газ көлемі жіберілетін де, кейін тазартылған, пайдалануға дайын газ қазақстандықтарға қайтарылатын. Енді бұл айналым белгісіз мерзімге тоқтап тұр. Соғыс болып жатқан елмен бірлесіп, мұндай жұмыстарды атқару қауіпті екені түсінікті ғой. Экономикалық қастандық деген осы. Қарашығанақтың газын Орынборға өңдеткенше өзіміз инвестор тауып, сол жерге газды өңдейтін зауыт салғанымыз мың есе артық қой. Қазір бізге осындай экономикалық зиянды шешімдерді қабылдаудан аулақ болу қажет. Мұндай шешімдерді қабылдағандарды жауапқа тарту керек деп есептеймін. Негізінде Үкімет бір реформаны жүзеге асырарда «бұдан халықтың жағдайы жақсара ма» дегенді сараптап, талдап, барометр болып отыруы керек. Қандай да бір саясатты жүзеге асырарда «халықтың мүддесі қалай болады» дегенді кез келген шешімге талап етіп қосып қою қажет. Осыны Үкімет санасына түйіп, халыққа жаны ашып жұмыс істегенде ғана тығырықтан шығу оңай болады.

– «Үмітсіз экономика болмайды» деп жатады. Сіз экономикамыздың болашағын қалай болжайсыз?

– Негізінде біздің өркендеуімізге, дамуымызға барлық ресурстар бар. Мәселе осының барлығын тиімді пайдалануда. Қазақстан бір ғана агросаясатын жетілдіру арқылы ашыққан Африка елдерін тамақтандыратын мүмкіндігі бар. Сондықтан агросаясатты, агроэкономиканы жетілдіру арқылы да арман-мақсатқа жетуге болады. Тек осыны ақылмен реттеп, сауатты үйлестіріп отырса келешекте барлығы дұрыс болады деп үміттенемін.

Сұхбаттасқан Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ