Атауларды өзгерту –уақыт күттірмейді
Облыс деген сөзді аймақ деп ауыстыратын уақыт әлдеқашан жетті. Дегенмен, бұл істі әлі де іске асыра алмай келеміз.
Мүмкін ойымыз, түсінігіміз немесе біліміміз жетпейтін шығар. Қалай десекте, билігіміз мұны істеуге қорқады-ау деп ойлаймын.
Олай дейтінім, көршіміз Ресейден және ішкі орыстілді қауымнан сескеніп тұратындығын көріп жүрміз ғой. Әйтпесе, талай рет айтылды, көтерілді, бірақ сол күйінде қалды емес пе! Бұл әрине, біздің сенген билігіміздің тартыншақ, жасқаншақ екендігін көрсетеді. Айтайын деген ойым, егер біз облыс сөзін аймақ деп өзгертсек, Қазақстан бір табан ұлттық реңге жақындар еді (национальный колорит). Өйтпейінше, қайсібір ұлт өкілдерінің айтпайтын сөзі жоқ. Соларға айтарлықтай тосқауыл болар еді. Сонымен қатар қазіргі кейбір облыс атауларында мәні мен мағынасына қарап, қайта атағанымыз жөнге келетін секілді.
Мысалы, былай деп көрсетсек;
Түркістан облысын –Түркістан аймағы;
Алматы облысын – Жетісу аймағы;
Қарағанды облысын –Сарыарқа аймағы;
Шығыс-Қазақстан облысын –Алтын Алтай аймағы;
Ақмола облысын –Көкшетау аймағы;
Қызылорда облысын Сырдария өзені жарып өтетін болғандықтан –Сырдария аймағы;
Батыс Қазақстан облысын –Ақ Жайық аймағы;
Атырау облысын –Атырау аймағы;
Павлодар облысын – Ертіс аймағы;
Солтүстік Қазақстан облысын –Қызылжар аймағы;
Павлодарды – өзінің тарихи атауымен Тұзкент қаласы;
Петропавловск қаласын – көне атауымен Қызылжар деп атау керек шығар.
Сонымен қатар кейбір аудандардың аттарын өзгерту уақыт күттірмейтін іс.
Айтар болсақ;
Целиноград ауданын – Ақмола ауданы; (орталығы Ақмола елдімекені емес пе?)
Щучинск қаласын – Бурабай немесе Абылай хан қаласы;
Ұйғыр ауданын – Қарадала әйтпесе, Шарын ауданы деп өзгерту жөнге келетін секілді.
Міне, осылай жалғаса береді. Осылай етпесек, қайсібір облыс орталығы болып саналатын қалалардың атын тұтас аймаққа көрпеше секілді керіп тастағанбыз. Шындығында сол аймақтардың халық аузындағы жер-су атауы көнеден келе жатқан аты болғандықтан, жарасымды, әдемі, туған елімізге соншалықты жақын.
Бұл атаулар ел-жұртымыз үшін баға жетпес мақтанышқа айналары анық. Шығыс Қазақстан облысының орталығын, алдағы уақытта егер мүмкіндік болса, Ертіс немесе Алтай деп өзгертсе, славян жұрты да ештеңе демес еді. Неге десеңіз, Ертіс өзені Ресейді де кесіп өтеді. Ертіс – түркі-қыпшақ сөзі болғанымен, олар бұл сөзге ертеден дағдыланған. Алтай сөзіне де солай. Сондықтан, қоңсы ел осы атауға ештеңе дей қоймас. Бұл әрине, менің өз пікірім. Қалай десек те, ел аузындағы атауларды жаңғыртудың және қалпына келтірудің уақыты келді деуге болады.
Мемлекетіміздің экономикасы мен әлеуметтік жағдайын көтере жатармыз. Бұл енді биліктің іскерлігіне байланысты. Алайда, осыны сылтау етіп, жоғарыда айтылған атауларды және пікірлерді ескермей, солтүстіктегі көршімізден орынсыз сескене беру, сонымен қатар ішкі кейбір ұсақ этносқа жалтақтай беру жараспайды.