Атауында ақауы бар заң

Қилы-қилы тағдыр кешіп, «қарағай басын шортан шалған» зар замандардан аман қалған қалың қазақ кіммен күреспеген, немен күреспеген десеңізші.
Ақтамбердіше айтсақ: «Жендетті көрсет көзіме, Желіккен басты кім кеспес!» деп, байлармен де, сауатсыздықпен де, қалыңмалмен де, «халық жауларымен» де күресіп, тоз-тозын шығарып, тауын шағып, тізе бүктіргеніміз «мұқабасы жұп-жұқа» тарихымыздан белгілі. Сол күрескерлік рухпен жемқорлыққа қарсы күресті бастап жібергелі қашан. Бандиттің маскасын киіп кіріп келген тәуелсіздіктің төл баласы – жемқорлық отыз жылдан бері ноқтаға басы сыймай, белден басып, төске өрлеп, күн өткен сайын күшейіп, түрленіп, ширатылып, шымырланып шарықтап барады. Қараңыз, түйені түгімен жұтқандардың қылшығы қисайған жоқ, сасық несібесі тасып-төгіліп, қазаны ортайған емес. Қағанағы – қарқ, сағанағы – сарқ. Күрес деген ат үркетін дардай аты болмаса, статистикалық мәліметтермен елді бір елең еткізіп қойғаннан әрі аса алғанымыз жоқ. Халық игілігіне қол сұғатын сумақайлардың жолын кесіп, қолын қағады деп құрылған агенттік айсбергтің көлеңкесінде «күнге қарап үріп» күресуге қауқарсыз болып шықты. Біздіңше, жемқорлыққа қарсы «ұлы жорықтың» басы бар да, аяғы құрдымға кетіп, еш нәтиже бермеуінің екі түрлі себебі бар.
Біріншісі: «Тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» деп қолданысқа енгізілген қойыртпақ заңның атауында ақауы болып тұр. Айталық, «жемқор» деген сөзді атам қазақ адам затына қаратып айтпаған. Адамдардың арасында мешкей, тойымсыз, қомағай, ашкөздері болады. «Жемқор» сөзінің этимологиясы: біріккен күрделі сөз – жем+қор. Жем – шөпті шектен тыс талғамай, сыпырып соғып көп жейтін қара малға, жылқыға қатысты айтылады. Олар бойына тез қор жинап, жылдам семіреді. Қандықол қасапшының қармағына бірінші кезекте ілініп жататын да сол қорең, жемқор малдар болады. Демек, «жемқор» сөзін жануарлардың еншісіне қалдырғанымыз жөн десек, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске шақыратын заңымыз өз көлеңкемізбен өзіміз күресіп, елес қуып жүргендей болып шығады.
Заң азан шақырып қойған атына сай емес. Жемқорлықпен емес, «жел диірменімен» жағаласып жүруге жол ашып тұрғандай көрінеді. Сондықтан аты мен затының арасы алшақ жемқорлықпен емес, ашкөздікпен күресуіміз керек. Мешкей, тойымсыз, қомағай адамдардың физиологиялық ауытқуларын кешіруге болады-ау, алайда қасіреттің ең ауыры – ашкөздік.
Ашкөздіктің астарында алапат трагедия жатады. Тіршіліктің түкке тұрмас қоқсығын жиып, толмай жатып төгіліп, жетпей жатып жығылып жататын, өзі де, көзі де тоймайтын адамдардың ашкөздігі – жазылмас кесел, дауасы жоқ дерт. Ашкөздікке бой алдырған адам арсыз болады. Арсыз адамнан бәрі де шығады. Ашкөз баланы аяйсың, ашкөз саудагерге сөзің өтпейді, ал айдарынан жел есіп тұрған ашкөз ақжағалыларға не айтуға болады?
Құдайдың бергеніне қанағат қылмайтын, қу құлқынын ойлайтын ашкөз атқамінерлері көп елдің ырысы кетіп, берекесі қашады. Қазір мектеп, балабақша, кішкентай ауыл ауруханасынан бастап, мемлекеттік масштабтағы мекемелерден ашкөздіктің иісі аңқып тұрады. Қай жерге бас сұқсаң да, алақанын жайып отырған ашкөздерді көресің.
«Адамдарды бір-біріне тартатұғын заңдардан, Бірін-бірі тебетұғын заңдар көп» (Жұмекен Нәжімеденов) демекші, адамдарға жабысқақ келетін ашкөздікті ашішектей шұбатылып шаң басып жататын заңдармен емес, ар-ождан тазалығымен ғана арашалап алуға болады. Көрші өзбектер «Отанды сүймек иманнан дүр» деген сөзді ауыздарынан тастамай айтып жүреді. Иә, Отанды сүю иманмен келеді. Ұлтты сүю ұятпен дариды. Ал ашкөздік жайлаған жерде имандылыққа иненің жасуындай да тесік қалмайды. Нобель сыйлығының лауреаты Альбер Камюдің «Құлдық жойылғаннан кейін адамдардың бәріне жұмыс істеуге тура келді» дегеніндей, қоғамдағы жаңа қадамдар адамдарды ашкөздікпен ауыздандырып, тәртіптің босаңсуы тоғышарларды туғызды.
Ашкөздіктің ауа жайылып кетуінің екінші себебін мына бір тәмсілмен тарқатсақ, тастай қатқан түйінді тістеп шешкендей болармыз, бәлкім.
Жұрттың күнкөрісі қиындап, ашаршылық төбе көрсете бастаған қиын шақта ел билігінің басына таққа отырған бір жас хан ең алдымен ел тірлігін қалпына келтіруге күш салыпты. Осы мақсатпен ол халық игілігіне қол сұққан ұрылар мен алыпсатарларды ұстап, ашкөздер мен алаяқ қуларды аяусыз жазалай бастайды. Бір күні ол хан сарайының қақпасына жазып кеткен жазуды көреді. Онда ханға өшіккен ашкөздер мен алаяқтар сес көрсетіп, ескерту ретінде «Біз бейне құнарлы жерге өскен жуа секілдіміз, бізді қанша қырыққаныңмен, сонша өсіп шыға береміз. Сондықтан текке әуре болма» деген екен. Бір байламға келген жас хан уәзірін шақырып алып, қақпадағы әлгі жазудың аяғына «Мен бұл арада бақшашы тәріздімін, сендер қаншама тез өссеңдер де, бәріңді түбірімен жұлып тастаймын» деп жазуды бұйырыпты. Хан уәдесінде тұрады. Тыңғылықты зерттеу, тексеру нәтижесі жіптің бір ұшын хан сарайына әкеп тірейді. Сөйтсе, ашкөздермен, ұрылармен, алыпсатарлармен астыртын жалғасып, қамқорлық жасаушылар сарай әкімдерінің өздері екен. Айыптылар аяусыз жазаланады. Елде ұрлық-қарлық сап тыйылады. Күрестердің күресі деп осыны айтса болады.
Бұл тәмсілдің біздің бүгінгі жемқорлықпен күресімізбен қиылысатын тұстары көзге ұрған танадай көрініп-ақ тұр. Бірақ қайтпас қайсар ханның асқақ ерлігі біздің тақта отырған төрелердің түсіне де кірмейді. Өкінішті-ақ.
Қазақ поэзиясында бұрын ешкім айтпағанды айтқан және оны тек өзінше айта білген ақиық ақын Қадыр Мырза Әлі атақты бір өлеңінде: «Қазақ осы – алудай-ақ алатын, Ал беруден алдына жан салмайтын», – депті. Қазақ жанының жомарттығын, пейілінің кеңдігін, сыйластыққа, алыс-беріске алабөтен мән беретін табиғи тазалығын тамаша айтқан. Енді ақын аруағы бізді кешірсін: осы екі қатар өлең жолында қазіргі қоғамның асқынған дерті, болмысы, психологиясы айқын аңғарылып тұрғандай. Пара беретін де – қазақ, алатын да – қазақ. Алғыш ашкөздердің асығы алшысынан тұрып, бергіштердің берекесі кіре бастайды. «Қазақтың баласы өзі алдағыш бола тұрып және өзі біреуге алдатқыш болатыны қалай?» – деп, ұлы Абайдың таңғала отырып күрсінгені бар.
Әділдік іздеп шарқ ұрғандар кешегі Кеңес өкіметі кезінде алаяқтарға, алыпсатарларға аз да болса ауыздық салынғанын айтады. Бүгінгі ашкөз, парақорлардың мұртын балта шаппайтыны несі екен, ә?!
Біздің айтайын дегеніміз – адамдарға қатысты айтылатын «жемқор» сөзі қазақ тілі лексиконына кірікпей, қабыспай тұрғаны анық. Сол себепті оның орнын ашкөздікпен алмастыратын уақыт жетті. Әр нәрсенің аты тура мағынасында нақты айтылғанда нанымды болады. Бұл өз кезегінде адамдардың ақыл-ойы мен санасына сілкініс тудырып, ар-ұятының алдында есеп беруге итермелейді. «Сөз – құдірет» деп қазақ бекер айтпаған ғой.