Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:00

«Атажұрт деп келгенде...»  немесе  Ықтиярхаттың азабы

Қандас
Фото: zhasalash.kz (ЖИ)

Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2025 жылы (маусым айына дейін) 5 496 этникалық қазақ тарихи Отанымен табысып, қандас мәртебесін алыпты.

 2024 жылы 29 948 адам ықтиярхат алыпты. Негізі шеттен келген қандастар ҚР азаматтығын алу үшін түрлі құжаттар жинап, алдымен қандас мәртебесін алады немесе Қазақстанда ұзақ уақыт визасыз тұруы үшін ықтиярхат алады. Алайда қандас мәртебесін ала алмай немесе ықтиярхатқа қол жеткізе алмай сарсаңға түсіп жүрген қандастарымыз да аз емес. 

Жалпы қандас деген ұғымды ресми заңда «Бұрын Қазақстан Республикасының азаматтығында болмаған, тарихи Отанына келген және Заңда белгіленген тәртіппен тиісті мәртебе алған этникалық қазақтар және (немесе) олардың ұлты қазақ отбасы мүшелері» деп түсіндіреді. Жалпақ тілмен түсіндіргенде, шетелден тарихи Отанына көшіп келген ұлты қазақ азаматтардың ҚР азаматтығын алу үшін немесе заңда белгіленген тиімділіктерді пайдалануы үшін алатын құжат түрі. Осы қандас мәртебесін алуда біраз қандастарымыз түрлі кедергілерге тап болуда. Ал ұзақ уақыттан бері ықтиярхатын ала алмай жүрген қандастарымыз да бар. Бұл туралы «Жас Алашқа» хабарласқан қандастар айтты.

Негізі ресми ақпараттарға сенсеңіз, қандас мәртебесін алудың аса қиындығы жоқтай көрінеді. Мысалы, kaz.zakon.kz сайтында қандас мәртебесін алу немесе ұзарту үшін ХҚКО, migration.gov.kz порталы, электрондық үкімет порталы арқылы өтініш беруге болатыны айтылған. Сосын «ХҚКО-да қандас мәртебесін алу үшін қажетті құжаттар» деп мынадай құжаттардың тізімін көрсетеді: өтініш, еркін форматта автобиография, өтініш беруші және оның отбасы мүшелерінің (бар болса) жеке басын куәландыратын, ұлтын растайтын құжаттардың көшірмелері (қазақ немесе орыс тіліне нотариалды куәландырылған аудармасымен) және қоныс аудару мақсатына байланысты басқа да құжаттар көшірмесі (туыстық байланысын растайтын құжат, еңбек шарты, оқу орнынан анықтама және т.б.).

Мәртебе беру туралы өтініш 30 күн ішінде қаралады. Енді бар кілтипан дәл осы «қоныс аудару мақсатына байланысты басқа да құжаттар көшірмесі» деген жерден шығып отыр. Себебі «Қандастар мен қоныс аударушыларды қоныстандыруға өңірлерді айқындау туралы ҚР Үкіметінің 2023 жылы 4 қыркүйектегі №765 қаулысына сәйкес үкімет белгілеген Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстарынан тыс қала, облыстардан қандас мәртебесін алу қиындатылған. Яғни, жоғарыда көрсетілгендей, үкімет белгілеген облыстардан тыс жерден қандас мәртебесін алу үшін өтініш берушінің сол өңірде тұратын, ҚР азаматы саналатын тікелей туысы болуы шарт немесе еңбек шарты, яғни, өтініш берген өңірде ресми жұмыс істеуіңіз керек, сондай-ақ өтініш берген өңірде жоғары оқу орнында оқитын болсаңыз сізге қандас мәртебесі беріледі. Ондай болмаса Алматы, Астана қалалары мен Алматы облысы сияқты өңірлерден қазіргі қолданыстағы заңға сәйкес қандастарға қандас мәртебесі берілмейді.

Енді не істеу керек? Қандас мәртебесін алу, одан ары ҚР азаматтығын алу мұншалық қиын болса қандастар үшін оңтайлы жол – ҚР тұрақты тұруын растайтын құжат – ықтиярхат алу. Себебі көптеген қандастар Қытайдан бір жылдық виза аштырып келеді немесе Қазақстаннан бір жылға жарамды виза аштырады. Яғни, осы бір жыл ішінде не ҚР азаматтығына құжат тапсырулары шарт не ықтиярхат алуы тиіс.

Бірақ ықтиярхат алудың да жолы қандастар үшін қиын болып тұрған көрінеді. Мысалы, «Жас Алашқа» хабарласқан Гүлнұр Әбілқайыр (кейіпкеріміздің өтініші бойынша аты-жөнін өзгертіп алдық) ықтиярхат ала алмай сарсаңға түсіп жүргенін айтады. Ол Қазақстандағы бала-шағасының қасына келіп тұру үшін ықтиярхат алайын деп 2025 жылдың жазынан бері сабылып жүр. Бір жыл бұрын Алматы облысына келіп құжат тапсырған ұлы мен келінінің ықтиярхаты әлі қолына тимеген соң Астанаға барып, сондағы туыстарына тіркеліп, тиісті құжаттарын өткізген, алайда ықтиярхатын әлі ала алмаған.

«2025 жылы шілденің 21 күні ықтиярхат алу үшін туған әпкемнің үйіне тіркеліп, тиісті құжаттарымды жинап Астана қаласы, Сарайшық ауданының ХҚКО-сына өткіздім. Құжатты қабылдап алғанда: «8 қыркүйекте шығады, соған қарай келіңіз» деді. Содан мен Қытайға қайтпай Алматыда балаларымның үйінде күттім. Айтқан уақытында Астанаға келдім, ықтиярхатым шыққан болса, фотоға түсіп, қол қоятын шығармын деп ойладым, бірақ олай болмады. Барған бойда «құжатыңыз әлі дайын емес» деген жауап естідім. Содан бері ХҚКО мен көші-қон қызметіне күнде барып сұрастырамын. Күнде еститінім бір жауап – «жүйе істемей тұр», «база істемей тұр». Оның не екенін өзім де жақсы түсінбедім. Сұрасам, «Ішкі істер министрлігіне қатысты» дейді, ол жақтан мұның себебін қалай сұрауды да білмеймін. Сонымен, міне, айдан асты, Астанада ықтиярхатымды ала алмай, туысқанымның үйінде сарылып жатырмын», – дейді Гүлнұр Әбілқайыр.

Ықтиярхат ала алмай сабылып жүрген тағы бір Қытайдан келген қандасымыз – Елшат Нұрғапия (кейіпкеріміздің өтініші бойынша аты-жөнін өзгертіп алдық). Ол бір жылдан бері ықтиярхатын ала алмай жүргенін айтады. Елшат Қытайдан отбасын алып 2024 жылдың қазан айында көшіп келіпті. Содан отбасымен құжаттарын аудартып, нотариалды көшірмелерін жасатып, ықтиярхат алуға кірісіпті. Бірақ әлі ықтиярхаты қолына тимеген.

«Алматы қаласында құжат қабылдау қиын деп естіп, Жетісу облысында туыстарға тіркеліп құжат өткіздім. Мен алдын ала сұрастырғанымда ықтиярхат алу үшін Қытайдан апостиль (апостиль – Гаага конвенциясына сәйкес, басқа бір мемлекеттің аумағында пайдалануға арналған, белгілі бір мемлекеттің өкілетті органдары берген құжаттарына арнайы қойылған мөр) алудың қажеті жоқ деген, келгеннен кейін ол міндетті түрде керек болып шықты. Сөйтіп Қытайға барып апостиль жасатып алып келдім. Келгеннен кейін Алматы қаласынан тіркелу мүмкін болмағандықтан, Алматы облысына тапсырдым. Құжат рәсімдеу өте баяу жүрді, әсіресе Қарасай ауданында көші-қон жұмысы мүлде қиын. Жарты жыл дегенде құжаттарымды өткіздім. Қабылдап алынған құжаттар әдетте 45 жұмыс күнінде келуі керек, түсінуімше, ауданнан облысқа, облыстан Астанаға жіберіліп қаралады. Қазір, міне, 4 айдан аса уақыт өтті. Апта сайын барып сұрастырам, ешқандай жауап жоқ. Мен танитын өзге де қандастар Алматы және Жетісу облыстарында құжат тапсыру қиын екенін айтып жүр. Астанаға тапсырған таныстарым да ықтиярхатын ала алмай жүр екен. Бір жылдан бері құжатсыз жұмыс та істей алмадым. Атажұртым деп Қазақстанға көшіп келгенде мұндай кедергілерге тап болам деп ойламаппын», – дейді Елшат Нұрғапия.

Біз қандастарымыздың мәселесі бойынша Астана қаласы Сарайшық ауданының ХҚКО-сына және Алматы облысы Қарасай ауданы Қарасай ауданы полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасына ресми хат жібердік.

Байқасаңыз, Гүлнұр Әбілқайыр ықтиярхат алу үшін құжаттарын Астана қаласы Сарайшық ауданының ХҚКО-сына тапсырғанын айтады. Ал Елшат Нұрғапия ықтиярхат алу үшін құжаттарын Алматы облысы Қарасай ауданы полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасына тапсырғанын айтады. Екі қандасымыздың алатыны бір құжат, сөйте тұра не себепті екі түрлі мекемеге құжат тапсырады? Бұл сұрақтың жауабын білу үшін Ішкі істер министрлігіне де ресми хат жолданды.

Көші-қон жанданып, сырттағы қандастарымыз тарихи Отанына көптеп оралу үшін ең алдымен құжат мәселесі кедергісіз реттелуі тиіс. Бірақ бізде бұл салада ұзақ жылдарға созылған бөгесін көп, проблема шаш-етектен. Басқасын айтпағанда, Қазақстанда тұрақты тұру үшін қандастарымыз қарапайым ықтиярхатты ала алмай жүр. Ал ҚР азаматтығын алу үшін тікелей туысыңыз болмаса, арнайы жұмыс істемесеңіз немесе жоғары оқу орнында оқымасаңыз үкімет белгілеген өңірлерден тыс жерлерден ала алмайсыз. Ал үкімет белгілеген өңірлерге барған қандастардың құжаттарын реттей алмай әуреге түскендері аз емес (бұл туралы да «Жас Алашта» жазылған). Қорыта айтқанда, мұның бәрі қазақ көшіне жасалған кедергі. Көш түзелу үшін әуелі көші-қон туралы заң түзелуі керек.

Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ

Тегтер: