Атажұрт деп келіп едім, азаматтық беріп едің...
(Ауғанстаннан келген қазақтың жанайқайы)
Шетелден келген қандастар үшін ҚР азаматтығын алу кедергісі көп қиын шаруа. Ол үшін қандастарымыз қыруар ақша жұмсап, уақытын сарп етіп, әуреге түседі. Көптеген анықтамалар, құжаттар дайындайды, аударма жасатады, сөйтіп, жолы болса 6-7 айдан соң көк паспортқа қолдары жетеді. Ал Көші-қон полициясы 6-7 айдан соң «құжаттарыңыз дұрыс емес» немесе «база істемей тұр» деп жинаған құжаттарын кері қайтарып беріп, сарсаңға түсетін қандастар қаншама?! Бұл жөнінде осы уақытқа дейін «Жас Алаш» газеті бірнеше материал дайындады. Онда ҚР азаматтығын алудың қиындығы туралы жан-жақты айттық. Сөйтсек, бұл ештеңе емес екен. Енді қандастарымыз айдың-күннің аманында, өзінің атажұртында небір қиындықты еңсеріп, әрең алған азаматтығынан айырылып жатыр.
Жақында әлеуметтік желілерде Ауғанстаннан тарихи Отанына оралған Айнуддин Муради есімді (негізі азан шақырып, атасының қойған есімі Айдын Мұрат. Ауғанстандағы тіл ерекшелігіне байланысты Айнуддин Муради болып құжатында қате жазылып кеткен екен) азаматтың ҚР азаматтығы жойылып, далада қалғаны туралы ақпарат тарады.
Біз Айнуддин Мурадидің өзіне хабарласып, мән-жайды сұрап білдік.
– Айдын, сіз Қазақстанға қай жылы келдіңіз?
– Қазақстанға қалай келгенім туралы айтпас бұрын, аталарымның Қазақстаннан қалай Ауғанстанға ауғаны жөнінде қысқаша айта кетейін. Атам жарықтық біздің ата-тегіміз, ата-қонысымыз туралы үнемі сағынышпен айтып отыратын. Ол кісінің сөзінше, атақонысымыз – Түркістан өңірі, Сырдарияның бойы. Өздеріңіз білесіздер, Совет өкіметі орнаған соң байларды қудалай бастады. Мұндай нәумет біздің әулетті де шарпыпты. 1930 жылдары анамның үкіметте жауапты қызмет істейтін бір туысы «бүгін түннен қалмай кетіңдер, үлкен аталарыңды тұтқындауға, отбасыларыңды жер аудартуға қатысты бұйрық шықты» деп хабар жеткізеді. Содан аталарым амалсыз шетелге қашуға мәжбүр болады. Сөйтіп, 1928 жылы Ақмешіттен көшіп, Қарақалпақ, Түркіменстанды басып, ауған жеріне өтеді. 1932 жылы Тәжікстанның Қорғантөбе деген жерін бір жылдай паналайды. Сол жылдың соңында арып-ашып Ауғанстанға жетеді. Бізге Құндыз деген жерден қоныс тиіпті. Әке-шешем де, мен де сонда туып-өстім. Атама топырақ сол жерден бұйырды. Қазір әке-шешем Құндызда тіршілік етіп жатыр.
Менің атымның Айдын қойылуының да өз мәні бар. Анам үнемі: «Атамекенің Қазақстан. Сонда Түркістан мен Қызылорданы басып ағатын Сырдария деген үлкен дария бар. Сені сол дариядай айдынды болсын, атажұртына жетсін деп «Айдын» қойдық деп айтып отыратын.
Атажұртқа жетуді бала кезімнен арман еттім. Бірақ Қазақстанға келудің жолы да оңай болған жоқ. Ұзақ жыл соғыс ошағына айналған, аштық жайлаған Ауғанстаннан шетелге шығып оқудың қаншалықты мехнатты шаруа екені айтпаса да түсінікті. 12 жыл мектеп қабырғасында үздік оқыдым. Содан 2016 жылы Ауғанстанның Білім министрлігінің шетелдік ЖОО-ға арналған білім грантын ұтып алып, Қазақстанға келдім. Негізі Ауғанстанда шетелдік оқу орындарына түсу қиын. Ол үшін тапсырған емтиханыңыздың нәтижесіне қарайды. 2016 жылы 200 ауғандық студент Алматыға оқуға келдік. Араларында мен жалғыз қазақ едім. Біз алғашқы бір жыл әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық факультетінде білім алдық. Кейін, 2018 жылы 40 студент Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетіне оқуға түстік. Менің мамандығым – ақпараттық жүйелер.
– Бұл кезде сіз Ауғанстан азаматы ретінде, оқу визасымен білім алып жаттыңыз ба?
– Иә. Кейіннен Қазақстан азаматтығын алу мақсатында құжаттар жинай бастадым. Алдымен Қандас мәртебесін алуға құжат өткіздім. Мұндағы басты мәселе – шетелден келген ұлты қазақ мен секілді азаматтар өзінің ұлтының қазақ екенін құжат бойынша нақтылауы тиіс. Ауғанстан заңына сәйкес, төлқұжатта олардың ұлты көрсетілмейді, алайда туу туралы куәлігінде жазылады, менікі де дәл солай, туу туралы куәлігімде «ұлты қазақ» деп жазылған. Сөйтіп, тиісті құжаттарды жинап, қандас мәртебесін алдым. Ол кезде ҚР азаматтығын алу үшін қандас мәртебесінен соң ықтиярхат алуың керек болатын. 2018 жылы тағы да көптеген құжат жинап, ықтиярхат алуға өтініш бердім. Ал 2019 жылы ҚР азаматтығын алуға құжат жинап, тапсырдым. Құжаттарымды бірден қабылдай қоймады. Ауғанстанға дейін барып, түрлі анықтамалар алып келдім. Ақыры, 8-9 айдан соң көк паспортқа қолым жетті. 2022 жылы оқуымды бітіріп, Қарағандыдағы «Нәтиже» атты сүт фабрикасында инженер болып жұмысқа тұрдым.
– Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін Ауғанстан азаматтығынан бас тарттыңыз ба?
– Мен Қазақстан азаматтығын алғанда қолыма бір қағаз берді. Онда бір ай ішінде Ауғанстан паспортын Ауғанстан елшілігіне тапсыру қажет екендігі жазылыпты. Содан алдымен Ауғанстанның Қазақстандағы елшілігіне бардым, бірақ олар өтінішімді қабылдамады. Сөйтіп Ауғанстанға, маған паспорт берген Құндыз қаласына барып тапсырдым. Олар менің Ауғанстан азаматтығынан бас тартқаным туралы ақпаратты елшілік арқылы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне жіберетінін айтты.
– Сіз Қазақстанда азаматтығыңыз жойылғанын қашан білдіңіз?
– 2024 жылдың маусым айында Қазақстанның Ауғанстандағы елшілігі менің үстімнен Ішкі істер министрлігінің Қөші-қон қызметі комитетіне «ұлты қазақ емес» деп нота жіберіпті. Ең сорақысы, оны мен білмедім. Сөйтіп маусымның 30-ы күні менің зейнетақы жинағыма ақша түспейді. Себебін сұрастыра бастадым. Ақырында Қөші-қон қызметі комитетіне бардым, олар арыз жазып алып қалды. Кейін «сіздің үстіңізден нота түскен, соған сәйкес азаматтығыңыз жойылды» деді.
Содан амалсыз адвокат жалдап, сотқа жүгінуге мәжбүр болдым. Қарағанды қалалық соты менің ісімді бір жылдай қарады. Сотқа Ауғанстанның Қазақстандағы елшісі де қатысты. Сот кезінде менің қазақ емес екеніме қатысты ешқандай дәлел ұсына алмады. Мен Ауғанстан азаматтығынан бас тартқаннан кейін, Ауғанстан елшілігі арқылы Қазақстанға жіберілген құжатты да дәлел ретінде алып келдім. Ақырында Қазақстан Сыртқы істер министрлігі қате нота жіберген болып шықты. Сөйтіп соттың шешімі бойынша жалған нота жіберілгені үшін 300 мың теңге айыппұл салып, екі ай ішінде менің құжатым қайтадан қалпына келтірілетін болды. Алайда Қөші-қон қызметі комитеті мен Сыртқы істер министрлігі менің үстімнен облыстық сотқа апелляциялық шағым түсірді. Ал облыстық сот 2025 жылдың 15 қыркүйек күні біздің ұсынған дәлелімізге, айтқан уәжімізге қарамастан, ауданаралық сот үкімінің күшін жойып тастады. Шынымды айтсам, бұл мен үшін күтпеген оқиға болды. Елім, жерім, атажұртым деп келгенімде дәл бұлай құжатсыз далада қаламын деп ойламаппын. Отбасым, кішкентай балам бар, күнкөрісіміз қиындап қалды.
– Әйеліңіз, балаңыз Қазақстан азаматы ма?
– Балам Қазақстанда дүниеге келді. Туу туралы куәлігі бар. Ал әйелім Ауғанстан азаматы. Мынадай жағдайдан кейін азаматтық ала алмады. Әйтпесе, әйелімнің қолында да «ұлты қазақ» деп жазылған куәлік бар.
– Азаматтығыңыз жоқ, ресми жұмыс істей аласыз ба, қалай күн көріп жүрсіз?
– Жоқ, ресми жұмыс істей алмаймын. Осы уақытқа дейін азды-көпті жинаған қаражатымызды пайдаланып келдік. Әйелімнің алтын әшекейлерін саттық. Енді не істерімізді де білмейміз. Қазір бір күндік қара жұмыс болса да жалданып істеп жүрмін.
– Бұл мәселе бойынша апелляциялық шағым түсіресіз бе?
– Негізі заң бойынша алты ай ішінде Жоғарғы сотқа апелляциялық шағым түсіруге құқығым бар. Бірақ Жоғарғы сот облыстық соттың шешімін өзгеріссіз қалдыра ма деп уайымдап отырмын. Сондықтан бұл мәселеден барша халық хабардар болса, сот әділ шешім шығарса деймін. ҚР азаматтығы еш негізсіз жойылған жалғыз мен емеспін, Қазақстанның әр облысында мұндай азаматтар бар. Мысалы, менің туған інімнің де азаматтығы жойылды. Азаматтық біздің тағдырымыз, отбасымыздың тағдыры, біздің болашағымыз, сондықтан осындай істердің бәрі қайта қаралып, азаматтығымыз қалпына келтірілсе дейміз.
– Әке-шешеңіз Ауғанстанда тұрады екен. Қазір ол кісілердің жағдайы қалай?
– Ауғанстанда қазір жағдай аса мәз емес. Әке-шешем малын бағып, егінін егіп, өз күндерін көріп жатыр. Мен бұл жақтағы көп дүниелерді ол кісілерге айтпаймын. Үлкен кісілер уайымдап, ауырып қала ма деп қорқамын. Шынын айтқанда, бұл өте ауыр жағдай. Жан-жақтағы қандастарымыз мұны естісе қорқып, Қазақстанға келгісі келмей де қалады ғой...
– Рақмет. Бәрі оңынан шешілер деп сенейік. «Жас Алаш» бұл істі назарда ұстайтын болады.
Сұхбаттасқан
Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ