Атырау әуежайына ресейлік жойғыш ұшақ шұғыл қонды
20 ақпанда сағат 09:40 шамасында Атыраудағы Хиуаз Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайы аумағына Су-30 жойғыш ұшағы жоспардан тыс қонды.
Бұл туралы «Ак Жайык» басылымы хабарлады.
Алдын ала мәліметке сәйкес, төртінші буындағы Су-30 ұшағын Ресей Федерациясының азаматы, 1986 жылы туған Дмитрий Нифантьев басқарған. Ол Башқұртстан Республикасының Белорецк қаласының тумасы екені айтылды. Ұшақ Каспий теңізі акваториясы үстінде әскери-жаттығу ұшуын орындап жатқан.
Әуеде бағдардан жаңылған ұшқыш шұғыл қону туралы шешім қабылдаған. Қону штаттық режимде жүзеге асқан, әуежай жұмысына және жолаушыларға қауіп төнбеген. Тұрақты рейстер кесте бойынша орындалған.
Жойғыш ұшақ Қазақстан аумағында ұзақ тұрақтамаған. Ұшқышқа медициналық көмек көрсетілгені хабарланды. Қажетті рәсімдер мен келісімдер аяқталған соң, әуе кемесі Қазақстан аумағынан шығып, Ресейге қайта оралған.
Құзырлы органдар оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Әзірге ресми түсініктеме берілген жоқ.