Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:45, 29 Қыркүйек 2025

Атырау базарында сайғақ еті сатыла бастады

Сайғақ
Фото: zhasalash.kz (ЖИ)

Саудагер Вячеславтың айтуынша, ол Оралдан шамамен екі тонна ет жеткізген. Көп бөлігі жедел сатылып кеткен, тек бірнеше ғана туша қалған.

«Сұраныс өте жоғары. Біреулер жаппай алады, енді біреулер килограмдап алып кетеді. Біз ресми түрде жұмыс істейміз, өзіміздің аңшылық шаруашылығымыз бар. Құжаттар мен сертификаттар түгел. Әрбір тушаны ветеринар тексереді», – дейді сатушы.

Оның сөзіне қарағанда, жануарлар оқпен емес, арнайы тор арқылы ауланады. Осылайша ет ұзақ сақталады және зақымданбайды. Базарда килограммының бағасы — көтерме сатып алғанда 2000 теңге, бөлшек саудада 2200 теңге. Сауда нүктесінің жанында әрдайым адамдар көп: бірі алғаш рет дәмін көруге ниеттенсе, енді бірі бірнеше килограммнан қор жасап әкетуде.

Дегенмен, қала тұрғындарының бір бөлігі мұндай саудаға күмәнмен қарайды. Себебі сайғақ Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген жануарлардың қатарында. Олар заңдылыққа күдік келтіріп, табиғатты қорғау тұрғысынан алаңдаушылық білдіруде. Ал сатушы болса, барлығы заң шеңберінде жүргізіліп жатқанын және тауардың толықтай тексеруден өтетінін алға тартуда.

Бұл жағдай қазірдің өзінде әлеуметтік желілер мен жергілікті қоғамдастықта қызу талқыланып жатыр. Сайғақ етіне қатысты сауда әрі қарай жалғаса ма, әлде тоқтатылуы мүмкін бе — оны алдағы уақытта құзырлы органдардың шешімі айқындамақ.

Тегтер: