Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:55

Атырау облысы әкімінің экс-орынбасары Бақытгүл Хаменоваға түрме жазасы бас бостандығын шектеуге ауыстырылды

Бақытгүл Хаменова
Фото: ашық дереккөз

Атырау қалалық №2 соты Бақытгүл Хаменоваға тағайындалған бас бостандығынан айыру жазасын бас бостандығын шектеумен алмастырды.

Мұндай шешім кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты берілген үш жылдық кейінге қалдыру мерзімі аяқталғаннан кейін қабылданды.

16 наурыз күні сот пробация қызметінің ұсынысын қарады. Бұған дейін жазаны орындау мерзімі 2026 жылғы 10 наурызға дейін кейінге қалдырылған еді.

Сот мәліметінше, осы уақыт ішінде Хаменова:

  • қоғамдық тәртіпті бұзбаған

  • әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған

  • баласын тәрбиелеу міндеттерін орындаған

Осы жағдайларды ескере отырып, сот ұсынысты қанағаттандырды.

Нәтижесінде, өтелмеген жаза 7 жыл мерзімге бас бостандығын шектеуге ауыстырылып, осы мерзімге пробациялық бақылау белгіленді.

Бұған дейінгі үкім

Еске сала кетейік, 2022 жылғы 15 қарашада осы сот Хаменованы ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы 3-бөлігі 2-тармағы («Пара алу») бойынша кінәлі деп таныған.

Оған:

  • 7 жыл бас бостандығынан айыру

  • мемлекеттік қызметте өмір бойы қызмет атқаруға тыйым салу

жазасы тағайындалған болатын.

Алайда кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты үкімнің орындалуы 3 жылға кейінге қалдырылған.

Істің мән-жайы

Тергеу материалдарына сәйкес, Абай Құнанбайұлына ескерткіш орнату жобасы аясында 4,5 млн теңге көлемінде пара алу ісі қаралған.

Сот сонымен қатар мүлікті тәркілеу туралы шешім шығарған.

Хаменова өз кінәсін мойындамаған және үкімге шағымданған, алайда сот шешімі өзгеріссіз қалған.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде оның қатысуымен салтанатты шарадан видео тараған. Бас прокуратура бұл жағдайға қатысты:

  • ешқандай заң бұзушылық болмағанын

  • оның пробация қызметінің рұқсатымен қатысқанын

мәлімдеді.