Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:45

Атырау облысында екі ауыл әкіміне қатысты дау ушығып, ҰҚК тергеуіне ұласты

ҰҚК
Фото: ҰҚК

Атырау облысында екі бірдей ауыл әкіміне қатысты жанжалдар қоғамдық деңгейде қызу талқыланып, тіпті Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеуіне дейін жетті.

Бөкейхан округіндегі «жеке трансформатор» дауы

Кұрманғазы ауданындағы Бөкейхан ауылдық округінің әкімі Жүсіп Төреғалиевтің үйінің жанында орнатылған трансформатор әлеуметтік желіде резонанс тудырды.

Қоғам белсенділері құрылғының арнайы әкімнің үйіне қойылғанын, ал округтің басқа аумақтарында тұрғындар жарықсыз отырғанын мәлімдеді.

Әкім болса, бұл — «кездейсоқтық» екенін, трансформатор тек өз үйін ғана емес, 37 үйді жарықпен қамтып отырғанын айтты. Алайда бұл түсініктеме жұртшылықты иландыра қоймады.

Тексеру барысында басқа да фактілер анықталды: қызметтік трактор әкімнің жеке үйінде жұмыс істеген, ал сатып алулар мен құрылыс кезінде заңбұзушылықтарға жол берілген. Осы үшін округ әкіміне айыппұл салынды. Бұған дейін Төреғалиевке «лауазымына сәйкес келмейді» деген ескерту жасалған еді. Енді оның қызметінен босатылуы қарастырылып жатыр.

Доссордағы парақорлық айыптары

Ал Мақат ауданына қарасты Доссор кентінде жағдай басқаша өрбіді. Жергілікті кәсіпкер Насіпқали Дәулетбаевтың айтуынша, 9 млн теңгелік көгалдандыру тендері кезінде оған тек 1 миллион теңгені қалдырып, қалғанын ауыл әкімі Аслан Қосмамбетұлы мен аудандық мәслихат депутаты Әділбек Идиятовқа беру ұсынылған.

Бұл оқиға Қылмыстық кодекстің «Қызметтік өкілеттілікті теріс пайдалану» бабы бойынша ҰҚК-нің тергеуіне тіркелді.

Әзірге екі әкім де қызметінде қалып отыр. Дегенмен жақында олар Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жанындағы Әдеп жөніндегі кеңестің қарауына шықты. Кеңес Бөкейхан округінің әкімі Жүсіп Төреғалиевті қызметінен босатуды, ал қазір тергеуде жүрген Доссор әкіміне қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолдануды ұсынды.

Тегтер: