Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 12:28

Атырау облысында қаза тапқан ерлі-зайыптыларды ақтық сапарға шығарып салды

жоғалған отбасы
Фото: ашық дереккөз

Атырау облысының Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында қаза тапқан ерлі-зайыптыларды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Бұған дейін олардың мәйіті қорадан табылған еді.

 Қылмыс тек аудан көлемінде ғана емес, өңірден тыс жерлерде де кеңінен талқылануда. Шағын ауыл үшін мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған ауыр трагедия ретінде қабылданған.

Еске салайық, 2025 жылдың қазан айынан бері Жангелдин ауылының тұрғындары – Мақсот Қарабалин, жұбайы Насип Утешкалиева және балалары Мирагүл мен Наурыз туралы ешқандай ақпарат жоқ. Туыстарының айтуынша, отбасы еш түсініктемесіз жоғалып, байланысқа шықпаған.

Кейіннен бұл оқиғаға байланысты жаңа жайттар айтыла бастады.

Әлеуметтік желілерде өзін «Атыраудан шыққан хакермін» деп таныстырған белгісіз адам жоғалған отбасының ұлы Наурызға тиесілі SIM-карталардың әлі күнге дейін мезгіл-мезгіл қолданылып отырғанын мәлімдеген. Оның айтуынша, аталған нөмірлердің геолокациясы Өзбекстан аумағында тіркелген, сондай-ақ тәулігіне бірнеше рет WhatsApp мессенджеріне кіру әрекеттері байқалады.

Жоғалған отбасының туыстарының сөзінше, қараша және желтоқсан айларындағы зейнетақы төлемдері белгісіз біреулер тарапынан шешіп алынған, сондай-ақ үйдегі мал басы WhatsApp арқылы сатылып кеткен. Бұған дейін хат-хабар алмасу отбасының ұлының атынан жүргізілгені хабарланған еді.

Алайда, өзін хакер деп атаған адам мемлекеттік органдардың ресми деректеріне сүйенсек, жоғалғандардың ешқайсысы Қазақстан шекарасын ресми түрде кесіп өтпегенін, тиісті базаларда мұндай белгілер жоқ екенін айтады. Сонымен бірге ол Түркістан облысында Өзбекстанға өтетін бейресми жолдар бар екенін, белгісіз тұлғалар соларды пайдалануы мүмкін екенін алға тартады.

Бұдан бөлек, әлеуметтік желілерде отбасының күйеу баласы жоғалған әйелдің банк картасын шетелде, соның ішінде Бали аралында пайдаланған деген ақпарат та тарады. Алайда бұл мәлімет ресми түрде расталмаған.

Ақпарат таратушы өзі мемлекеттік жүйелерді бұзбағанын, тек «ашық деректерге, SIM-карталардың техникалық талдауына және байланыс операторларынан алынған мәліметтерге» сүйенгенін айтады. Сондай-ақ оның күдікті тұлғаға қатысты болжамы барын мәлімдеген.

Кейіннен бұл қылмыстық іс бойынша басты күдікті анықталды. Тергеу нұсқасына сәйкес, басты күдікті – қаза тапқан отбасы басшысы Максот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның 29 жастағы күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев.

Дереккөздердің мәліметінше, тергеу аясында күдіктінің анасы да жауапқа тартылған. Алайда ол тергеуге ұлы мен келінінің нақты қайда жүргені жөнінде мән-жайды ашатын ақпарат бермеген.

Қазіргі уақытта отбасының тағы екі мүшесін іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Ресми органдар әзірге істің барысына қатысты толық түсініктеме берген жоқ.