Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:00

Атырау облысында полицейлерге шабуыл жасалып, қылмыстық іс қозғалды

Полиция
Фото: ашық дереккөз

Атырау облысында қызметтік міндетін атқарып жүрген полиция қызметкерлеріне шабуыл жасалды. Оқиға салдарынан екі тәртіп сақшысы жарақат алды.

Өңірлік полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 3 сәуір күні шамамен сағат 22:00-де Мақат ауданында болған.

— Полицейлер құқықбұзушылықтың алдын алу үшін араласқан. Алайда жанжал барысында бір топ азамат агрессия танытып, билік өкілдеріне күш қолданған, — деп хабарлады Атырау облысы полиция департаменті.

Ведомствоның дерегінше, оқиғаға қатысқан барлық тұлғалар анықталған. Оларға қатысты процессуалдық шаралар қабылданды. Полиция қызметкерлеріне күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды.

Құқық қорғау органдары полиция қызметкерлеріне қарсы кез келген заңсыз әрекет ауыр құқықбұзушылық ретінде бағаланатынын және жауапкершілікке әкелетінін атап өтті. Тергеу мүддесіне байланысты қосымша мәліметтер жария етілмейді.

Айта кетейік, бұған дейін Қостанайда мас күйдегі бірнеше тұрғын қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін ескерту жасаған полицейге шабуыл жасағаны хабарланған еді.