Атырау облысында тағы да дронға ұқсас бөлшектер табылды

Атырау облысының Құрманғазы ауданында, Ресей Федерациясымен шекараға жақын жатқан дала алқабынан ұшқышсыз ұшу аппаратына (дронға) ұқсас бөлшектер табылды. Бұл — соңғы айда тіркеліп отырған екінші осындай оқиға.
Атырау облыстық полиция департаменті бұл жағдайға байланысты ресми мәлімдеме жасап, тексеру жұмыстарының басталғанын хабарлады: «Құзырлы органдармен бірлесіп, визуалды тұрғыда дрон фрагменттеріне ұқсас объектінің табылуына байланысты тексеру жүргізілуде. Нысан ашық дала аймағынан табылды. Зардап шеккендер мен материалдық шығын жоқ. Барлық нақты мән-жайлар анықталып жатыр», — деп көрсетілген хабарламада.
Бұл оқиға — аймақта бұрын тіркелген жағдайдың жалғасы іспетті. 2025 жылдың 22 маусымында Қоныртерек ауылының маңынан да белгісіз ұшу құрылғысына ұқсайтын зат табылған болатын. Ол кезде оқиға орнына арнайы комиссия жіберіліп, зерттеу жұмыстары жүргізілген.
Ресми органдар әзірге табылған бөлшектердің нақты қай елге тиесілі екенін немесе олардың қандай мақсатта пайдаланылғанын хабарлаған жоқ.
Қорғаныс және қауіпсіздік саласының сарапшыларының айтуынша, мұндай фрагменттердің табылуы аймақтағы әуе қауіпсіздігіне қатысты сұрақтар тудырады. Бұл дрондар бақылау мақсатында қолданылған ба, әлде техникалық ақау салдарынан аумаққа құлаған ба — әзірге белгісіз.
Жергілікті тұрғындар жағдайға алаңдаулы. Әсіресе шекара маңындағы ауылдарда мұндай оқиғалар жиілесе, тұрғындардың қауіпсіздігі мен тыныштығына әсер етуі мүмкін дейді сарапшылар.
Әзірге дрон фрагменттерінің нақты қайдан және қалай келгені белгісіз. Құзырлы органдар тергеу нәтижелерін жариялағанша, бұл оқиға қоғам назарында қала бермек.