Атырау облысында түйелер қырылып жатыр

Атырау облысының Құрманғазы ауданында түйелердің жаппай қырылуы тіркеліп, тұрғындар арасында үлкен алаңдаушылық туғызды.
Кейінгі екі айда ауданның бірнеше ауылдық округінде – Дыңғызыл, Еңбекші, Мақаш және Нұржау – 200-ден аса түйе ауырып, оның 84-і өлген. Тағы 47 түйе ветеринар мамандардың бақылауында, 73-інің жағдайы жақсарған.
Ауру белгілері әуелі тәбеттің жоғалуынан басталып, кейін жануарларда құрысу байқалып, екі-үш күн ішінде өліммен аяқталып жатыр. Жергілікті тұрғындар бұл жағдайдың биыл екінші жыл қатарынан қайталанып отырғанын айтады.
Құрманғазы аудандық ветеринария бөлімінің хабарлауынша, ауру себебін анықтау үшін өлген және ауырған түйелерден сынамалар алынып, зертханалық талдау жасалған. Ұлттық ветеринариялық референттік орталықтың 2025 жылғы 30 маусымдағы қорытындысы бойынша сібір жарасы, бруцеллёз, сальмонеллёз, пастереллёз, хламидиоз, лептоспироз, листериоз және блютанг сияқты аса қауіпті аурулар анықталмаған.
Жергілікті билік мәселенің ауқымын ескере отырып, Ауыл шаруашылығы министрлігіне арнайы хат жолдап, ғылыми-зерттеу институттарының мамандарын – Биологиялық қауіпсіздік НИИ мен Қазақ ветеринариялық зерттеу институтынан – Құрманғазы ауданына шұғыл түрде жіберуді сұраған.
Алдын ала болжам бойынша, түйелердің жаппай ауыруына паразиттік жұқпа, уытты заттардың әсері немесе соқыр шыбын сияқты қан сорғыш жәндіктердің шағуы себеп болуы мүмкін.
Мамандар толық қорытындыны қосымша зерттеулерден кейін ғана жариялаймыз дейді. Ал әзірге жергілікті тұрғындар төрт түлік малын аман сақтап қалу үшін нақты қадамдарды күтіп отыр.