Атырау облысында жоғалған отбасы ісі бойынша күдіктінің деректері белгілі болды
Атырау облысында жоғалып кеткен отбасыға қатысты қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде іздеуде жүрген адамның деректері жарияланды.
Бұған дейін полиция аталған іс бойынша Махамбет ауданының 29 жастағы тұрғыны күдікті ретінде танылғанын мәлімдеген еді. Кейін ресми qamqor.gov.kz іздеу сайтында күдіктінің нақты деректері пайда болды.
Іздеуде жүрген азамат – Сұлтан Сәрсемалиев, 1996 жылы туған. Іздестіру ісі 2026 жылғы 8 қаңтарда тіркелген, бастамашы – Атырау облыстық полиция департаменті.

Полицияның мәліметінше, күдікті бұрын хабар-ошарсыз кеткен отбасының күйеу баласы. Бұл жайт аталған іске қосымша қоғамдық резонанс туғызып отыр. Қазіргі уақытта өзге де адамдардың іске қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Еске сала кетейік, 25 желтоқсанда отбасының туыстары полицияға олардың жоғалып кеткені туралы арызбен жүгінген. Тексеру барысында бұл төрт адамнан бөлек, отбасының қызы мен оның жұбайы Өзбекстанға, кейін басқа мемлекетке кеткені анықталған.
Ал 6 қаңтар күні Атырау облысының Қызылқоға ауданынан бұрын хабар-ошарсыз кеткен ерлі-зайыптылардың мәйіттері табылды. Аталған факті бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Аймақтық Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, қаза тапқан ерлі-зайыптының ұлы мен қызын көл түбінен іздеу жұмыстары жүргізілген, алайда кейін бұл жұмыстар уақытша тоқтатылған.