Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:00

Атырау облысындағы отбасының жоғалуы: қаза тапқан ерлі-зайыптылардың қызы күдікті атанды

Жоғалған отбасы
Фото: Атырау облыстық полиция департаменті

Атырау облысында бір отбасының жоғалып кетуіне қатысты іс бойынша Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мән-жайды баяндады.

Әділовтің айтуынша, іс бойынша күдіктілер Индонезияда ұсталған.

«Қазақстан полициясы Интерпол және Индонезия полициясымен бірлесіп ауқымды жұмыс атқарды. Қазіргі таңда күдіктілер Индонезияда ұсталды. Жақын арада олар Қазақстанға жеткізіледі. Оларды елге қайтару және жеткізу мәселесі шешіліп жатыр», – деді Әділов.

Хабарланғандай, ерлі-зайыптылар іс бойынша күдікті мәртебесінде.

Қазіргі уақытта хабар-ошарсыз кеткен тағы екі адамды іздеу жалғасуда. Атырау облысында арнайы тергеу-жедел тобы жұмыс істеп жатыр.

Отбасы туралы не белгілі?

66 жастағы Мақсот Қарабалин мен 64 жастағы Нәсіп Өтешқалиева Атырау облысы Жангелдин ауылында тұрған. Туыстарының айтуынша, екеуі де үшінші топтағы мүгедектігі бар, мал шаруашылығымен айналысқан және ауылдан сирек шыққан. Ерлі-зайыптылардың үш баласы бар – екі қыз және бір ұл.

2025 жылғы 25 желтоқсанда полицияға туыстары отбасының жоғалғаны туралы хабарлаған. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жергілікті тұрғын өзінің ағасы, оның жұбайы және екі ересек баласы – 32 жастағы ұлы Наурыз бен 35 жастағы қызы Мирамгүл қараша айынан бері байланысқа шықпағанын айтқан.

Отбасы белгісіз бағытта үйден шығып кеткен, содан бері олардың қайда екені белгісіз болған. 6 қаңтар күні полиция зейнеткер ерлі-зайыптылардың мәйітін тапты. Осыдан кейін қылмыстық іс қозғалды.

Әлеуметтік желілерде олардың сүйегі өз үйлерінің ауласындағы сарайдың еденінің астынан табылғаны туралы ақпарат тарады. Алайда құқық қорғау органдары бұл мәліметке ресми түсініктеме бермеді.

Басты күдікті кім?

8 қаңтарда полиция ресми түрде Атырау облысы Махамбет ауданының 29 жастағы тұрғынына іздеу жариялады. Тергеу нұсқасы бойынша, ол қылмысқа қатысы болуы мүмкін. Қазіргі уақытта оның сыбайластары болған-болмағаны тексеріліп жатыр.

Алайда полиция ол адамның отбасының күйеу баласы екенін нақты растаған жоқ.

Қаза тапқандардың туыстары қылмысқа күйеу баласын күдікті санайды.