Атырау облысындағы жоғалған отбасы ісі: кісі өлтіруге күдікті аталды
Атырау облысында бір отбасының жоғалып, кейін екі мүшесінің өлгеніне қатысты қылмыстық іс бойынша басты күдікті анықталды.
Тергеу нұсқасына сәйкес, басты күдікті – қаза тапқан отбасы басшысы Максот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның 29 жастағы күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев.
Дереккөздердің мәліметінше, тергеу аясында күдіктінің анасы да жауапқа тартылған. Алайда ол тергеуге ұлы мен келінінің нақты қайда жүргені жөнінде мән-жайды ашатын ақпарат бермеген.
Қазіргі уақытта отбасының тағы екі мүшесін іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Ресми органдар әзірге істің барысына қатысты толық түсініктеме берген жоқ.
Тергеу болжамы бойынша, күдікті ерлі-зайыптыларды өлтіріп, қылмыстың ізін жасыруға тырысқан. Олардың мәйіті үй маңындағы қорадан табылған. Онда шамамен 1,5 метр тереңдікте шұңқыр қазылып, мәйіттер көмілген, үсті топырақпен жабылып, линолеум төселген, оның үстіне диван қойылып, ғимарат есігі кілтпен бекітілгені айтылады. Күдіктінің бұл әрекетті жалғыз жасаған-жасамағаны әзірге анықталмаған.
Сонымен қатар қаза тапқандардың үлкен қызы, күдіктінің жұбайы Ақбаян әлі күнге дейін хабар-ошарсыз кеткендер қатарында.
Құқық қорғау органдарындағы дереккөздер күдіктінің Индонезия аумағында болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Мәліметтерге сәйкес, отбасының тағы бір мүшесі Наурыздың телефоны Өзбекстан аумағында тіркелген, одан әрі маршрут Малайзия арқылы Индонезияға бағытталуы ықтимал.
Еске сала кетейік, Жангелдин ауылында тұратын бұл отбасы 2025 жылы жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен. 2026 жылғы 6 қаңтарда Атырау облысында жоғалған отбасының екі мүшесінің — Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның мәйіті табылғаны хабарлады.